АҚШ емес, АБМ бола ма?
Төрткүл дүниеде «шотландықтар» деген халық жоғын бізде екінің бірі біле бермейді. Ұлыбритания патшалығының құрамындағы бұл ұлттың шын атауы – скотландықтар. Ол латынның Scotia деген сөзінен шыққан. Алайда «скот» (мал) сөзі орыс тілінде құлаққа жағымсыз естілетіндіктен, бүкіл бір ұлттың атауын бұрмалауға барды. Соның салдарынан алып көршісінің ықпалынан шыға алмаған қазақтар әлемге орыс көзімен қарауға мәжбүр. Бұл ретте, тіл мамандары орыс тіліндегі қаптаған олқылықтарға және кемшіліктерге назар аудартады: онда өзге тілдерден алынған кірме сөздердің көптігі сонша (Кеңес заманының өзінде орыс тіліндегі кірме сөздер үлесі 70 пайыз деп есептелетін), олар үшін «исключения» деген ұғым ойлап табылды. Мысалы, соның кесірінен Англияның полицей мекемесінің штаб-пәтерін білдіретін Scotland Yard сөзі «Шотланд-Ярд» емес, «Скотланд-Ярд» болып тәржімаланған. Бала кезімізде мектепте мұның мәнісін сұрағанымызда, орыс тілі мұғалімі: «Это исключение в русском языке» деп қысқа қайыратын. Сондай-ақ бүгінде мектептер мен ЖОО-ларда «мемлекет атауы – Бразилия, астанасы – Бразилиа» деп үйретіп жүр. Ғалымдар мұның да қате екенін ескертеді: дұрысы, мемлекеттің атауы – Бразил (Republica Federativa do Brasil), ал астанасы – Бразилиа. Орыс тілінде атауларға жөнді-жөнсіз «ия» қосу әдетке айналған: Франция (France), Великобритания (Great Britain), Дания (Danmark), Исландия (Island), Молдавия (Moldova) және басқасы. Мемлекеттердің қазақ тілінде дұрыс аталуы мәселесі осыдан бірнеше жыл бұрын Сыртқы істер министрлігінде де көтерілді. Ақыр соңында сыртқы саясат ведомствосы тек Австрияны – Аустрия, Австралияны – Аустралия, Түркіменстанды – Түрікменстан, Әзірбайжанды – Әзербайжан деп түзетумен ғана шектелді. Осы мәселені бұдан бұрын Мәжіліс депутаты, тіл жанашыры Б.Смағұл да көтерген болатын. – Әлем елдерінің атаулары қазақ тілінде қате берілгеніне назар аударып жүрмін. Тіл мамандарымен тілдесе келе соған көз жеткіздім. Айталық, United States of America деген түпнұсқалық атау орысша «Объединённые государства Америки», ал қазақша «Америка біріккен мемлекеттері» болуы тиіс-тін. Өйткені «united» – «объединённый» деген сөз. Ал «соединённый» ағылшынша «joined» не «connected» болады. Алайда кеңес кезінде тікелей орыс тілінен аудара салған тәржімалаушылар қателігінен «Америка Құрама Штаттары» деп бекітіліп кетті. Салыстыру үшін айтайын, бауырлас Түркия түпнұсқадан тікелей алып, «Amerika Birleşik Devletleri» (Америка бірлескен мемлекеттері) немесе қысқаша ABD деп дұрыс атайды екен. Басқаны айтпағанда, «State» (мемлекет) ағылшын тілінде «штат» болып оқылмайды, «стейт» болады ғой. Демек, орысша ОСА болуы керек еді. Жалпы, «Рухани жаңғыру» атты ұлы бетбұрыс аясында кеңес кезінде кеткен біраз кемшілік түзелері сөзсіз, – деді Бақытбек Смағұл журналистерге сұхбатында.Қытайды – Чжун Го десек...
Қоғам белсендісі Данияр Зілғаринов Мәдениет және спорт министрлігіне хатпен жүгініп, елдердің атын қазақша дұрыс жаза бастайтын уақыт жеткенін еске салды. Ғалымдардан ерекшелігі сол, ол шет мемлекеттің өз тіліндегі өзіндік атауды негізге алуды ұсынады. – Германия, Жапония, Қытай, Финляндия, Черногория, Грекия, Армения, Грузия, Үндістан және өзгесінің атауын дұрыс жазу үшін келесі нұсқаны ұсынғым келеді. Барлық халықтың да мемлекеттік тілімізде аталуына өзгеріс енгізіп шыққан жөн. Бұл ретте, олардың өз тілінде ұлт атауы қалай аталатыны басшылыққа алынуы керек. Мысалы, Германияны – Дойчланд, Жапонияны – Нихон, Қытайды – Чжун Го, Финляндияны – Суоми, Черногорияны – Црна Гора, Грекияны – Еллас, Грузияны – Сакартвело, ал Үндістанды – Бхарата деп бекіту керек. Қазіргі кезде қазақ тілі латын жазуына көшіп жатыр. Соған байланысты тіл реформалануда. Демек, бұл аталған ұсынысты қабылдау үшін ең қолайлы, таптырмас шақ, – дейді ол. Бастама авторы – тіл маманы емес, техника мен IT саласының білгірі. Әйткенмен, бұл ұсынысты азамат ретінде ілгерілетіп отыр және мұндай бастаманы жалпыхалықтық дауыс беруге, яғни референдумға шығаруға болатынына сенімді. Дегенмен елдің өз ана тіліндегі атауын қабылдау идеясын лингвистер де, министрлік те қолдамайды. Себебі нық: мемлекет атауында қазақ тілінің ерекшеліктері сақталуы керек. Айталық, Қытайды – Чжун Го деп алатын болсақ, бұл тіліміздің заңдылықтарына қайшы: қазақша «чж» қатар келмейді. Сондықтан байырғыдан халқымыз көршісінің атын «шың елі» деп тілімізге бейімдеген.Реформаны сарапшылар құптады
Жалпы, тіл жанашырларынан, қоғам қайраткерлерінен және ғалымдардан түсіп жатқан осындай ұсыныстарға жақында Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті, сонда-ақ Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргізіп шықты. Оны жүргізу филология ғылымдарының докторы, доцент, институттың ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Рысбергенге тапсырылды. – Әлемдік ономастикалық тәжірибеге және тұрақты үрдіс-тенденцияға сәйкес, мемлекеттердің атауы олардың өз тіліндегі атауымен аталмайды. Оның орнына қабылдаушы жақ атауды өз тілінің айтылу және орфографиялық талап-нормаларына қарай өзгертеді. Эндоним (жергілікті халық берген атау) бойынша қабылдау өте сирек кездеседі. Эндонимдер немесе эндоэтнонимдер мемлекетті қалыптастырған халықтың, ұлттың төл атауын білдіреді. Оған Дойчланд, Суоми және басқасы жатады. Халықаралық тәжірибеде экзонимді (сырттан келген атаулар) қолдану дәстүрі берік бекіген. Мысалы, Германия французша Allemagne, испанша Alemanian, финше Saksa, полякша Niemcy, дат тілінде Tyskland, немісше Deutschland. Қазақ тілінде ХХ ғасырдың басынан бертінге дейін БАҚ Алмания деген нұсқаны қолданады. Яғни, әр тіл түпнұсқаны көзсіз көшірмейді, өз тілінің нормаларына сәйкес өзгертеді, – дейді Қыздархан Құрмашқызы. Ол тек шетелдердің ғана емес, сондай-ақ шаһарлардың, астаналардың атаулары ғасырлар бойы ана тілімізге бейімделгенін атап өтті. Нәтижесінде, Россия – Ресейге, Москва – Мәскеуге, Венгрия – Мажарстанға, Египет – Мысырға, Бэйцзин – Бейжіңге айналды. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай өзгерістер орынды. – Ал Зілғаринов мырзаның өзге елдің төл тіліндегі атауын қабылдау туралы ұсынысы иррационалды, ұтымды емес саналады. Оның үстіне, қазіргі кезеңде оны орындау мүмкін емес. Себебі бүгінде әлемде шамамен 200-ден аса тәуелсіз мемлекет бар. Бұл қатарға державалар да, сонымен қатар Океания, Африка және басқасындағы қаптаған ұсақ, арал-мемлекеттер де кіреді. Демек, түпнұсқа тілдерден қаншама атауды транслитерациялау техникалық тұрғыдан күрделі. Егер мемлекеттердің бәрін немесе басым көпшілігін өзіндік атауына сәйкес қайта атап шығатын болсақ, онда елдерді географиялық, адресті локализациялау мен сәйкестендіру-идентификациялауда жаппай жаңылысу, ақаулар орын алады. Бұл сайып келгенде, географиялық нысанды тану процесін қиындатып жібереді, – дейді ғалым Қ.Рысберген. Сонда патша заманында және кеңес кезінде мемлекет атауларын тәржімалауда жіберілген қателіктер ары қарай мұрты бұзылмай сақталып, қазақ халқының кейінгі ұрпағына «мұраға» қалуы керек пе? – Барлығын бірдей, жаппай емес, жекелеген шет мемлекеттердің атауларының қазақ тілінде берілуін латын графикасындағы жаңа әліпби негізінде бірте-бірте бейімдеуді орынды деп санаймыз, – деген қорытынды берді Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Олай болса, осы салада реформа алда жалғасатынға ұқсайды.«Сақау» емес, аламанн
БҰҰ жанындағы Географиялық аталымдарды стандарттау комиссиясы және БҰҰ сарапшылар тобы тәуелсіз мемлекеттерге осыған қатысты ұсыным берді. Онда «халықаралық стандарттау тек тұрақты бекітілген және нақтыланған ұлттық стандарттау бағдарламалары негізінде ғана қамтамасыз етілуі тиіс» деп жазылған. Қарапайым тілмен айтсақ, егер мемлекеттің ішкі атауы сол елдің өзінде нақты бекітілмесе, өзге елдер оны қабылдай алмайды. Ал егер бекітілген стандарт болса, географиялық атау сол ұлт тілінде жазылуға сәйкес рәсімделуі керек. Осыны ескере отырып, кейбір халықтар мен мемлекеттердің қазақша атауын болашақта өзгерткен жөн. Әйтпесе, олардың арасында кемсіту, кекету, мазақ сипатындағы атаулар да аз емес. Мысалы, энциклопедияның түсіндіруінше, «немец» (němьсь) деген праславян сөзі «немой, неспособный говорить на понятном языке», яғни сақау деген ұғымнан шыққан. Бұл атау бастапқыда орыс тілінде сөйлемейтін, батыстан келген барлық шетелдікке қатысты қолданылғаны мәлім. Нақтылай кетсек, «Новгород жылнамасында» норвегтер «каинские немцы» деп жазылған. 1588 жылғы археографиялық экспедиция актілерінде «немец» термині ағылшындарға, шотландықтарға, венециялықтарға, голландықтарға, прустарға және Еуропаның басқа халықтарына жайылған. Кейін Германия тұрғындарына таңылды. Ал әлемде көптеген ел, соның ішінде түркітілдес елдер қабылдаған Алмания сөзі байырғы герман тайпаларының одағы – аламанн немесе алеман атауынан алынған. Сондай-ақ тіл мамандары әлемде «груз» деген ұлттың жоқ екенін айтады. Жаһандық қауымдастық негізінен бұл халықты грузинше «гург» сөзінен шығарып, Георгия (Джеорджия) деп атайды. Өйткені ежелгі рим қайраткері және жазушы Плиний, тұңғыш рим географы Помпоний Мела «георги» (егіншілер) тайпалары туралы жазған. Грузиндер өз мемлекетін Сакартвело, (картвелдер елі) деп атайды. Осыған орай, бұрын Кеңес Одағы құрамында болған Балтық елдері құрмет белгісі ретінде осы атауға ден қойды. Мысалға, Литва астанасы Вильнюске жолыңыз түссе, Грузия елшілігінің маңдайшасында енді «Сакартвело елшілігі» (Sakartvelo ambasada) деген жазуды байқайсыз.Айхан ШӘРІП