Неге тыйым салмады?
Фонограммаға тыйым салу туралы бұған дейін талай рет айтылып та, жазылып та келеді. Экс сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осыдан үш жыл бұрын фонограммаға тыйым салу керегін айтқан еді. Еңсегенов сол кезде «халықпен кездесу барысында бізге тұрғындар тарапынан әншілердің фонограммамен ән айтуына қатысты да сұрақтар қойылады. Біз, әрине артист емеспіз, әнші емеспіз, бұл мәселені толыққанды білмеуіміз мүмкін. Бірақ Түрікменстан мен көрші елдерде концерттерде фонограммамен ән айтуға тыйым салынатынын айтқан. Сондай-ақ ол: «Әнші концертке келсе, ол өзінің қызметін сатады. Ал көрермендер – оның тұтынушысы. Олар сол концертті көру үшін ақша төледі. Осы тұрғыдан келгенде, тұтынушыға сапалы қызмет көрсетілуі керек. Фонограмма – магнитофон, диск, кассетаны кез келген адам сатып алып, тыңдай алады» деген еді. Сенатордың бұл пікіріне қарсы шыққан да әншілер болды. Олардың уәжі «барлық әншілер жазбадағыдай етіп айта алмайды» дегенге саяды. Кей әншілер нашар музыкалық құрылғы тұрған жерде табиғи дауыста ән айту мүмкін емес екенін айтқан-ды. Одан бері де үш жыл өтті. Министрлік түбегейлі тыйым салмаса да, музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограмманы қолданатынын ескертуі керек дегенді айтып отыр. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай «бұл заң жобасы фонограммаға тыйым салады дегенге келіспеймін», – дейді. «Бұл жарымжандау заң болайын деп тұр. Бұл талаптардың бәрі сақталмауы мүмкін. Өйткені фонограмма қолданушыларға аса бір тосқауыл қояды деп айта алмаймын. Кімнің жарнамасы мықты, көрермен соған бара береді. Олардың көпшілігінің әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушылары бар. Сол жерде де жарнамасы еркін жүріп жатыр. Жазылушыларының өзі залды толтырып береді. Сондықтан бұл жерде заң кедергі болады деп ойламаймын. Екіншіден, әншілерге лицензия беру мәселесін шешу керек. Олардың дауысы, репертуары барлығы тексерілгені жөн. Сонда елді аздырып-тоздыратын кей әндер таралып кетпейтін еді. Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «фонограммасыз орындаған дұрыс» деп орынды пікір айтты. Бұл заң әлі бекітілген жоқ. Сенатқа жіберілді. Сенат мұны бекітпей, Мәжіліске кері қайтаруы керек», – дейді. Әнші ұлттық музыканы өлтірмеудің жолы фонограммаға шектеу қою керек екенін айтып отыр.Бұрынғыдай жапа-тармағай фонограмма болмайды
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай: «Қазақ өнерінің тарихына қарайтын болсақ, табиғи дауыспен айтатын әнге ерекше құрметпен қараған. Құрманбек Жандарбеков деген керемет опера әншісі болды. Ғани Мұратбаев ұйымдастырған бір конкурста тоқтамастан, үзіліссіз 105 ән айтқан екен. Қандай талант десеңізші! Ондай мықты әншілер қазақта өте көп болған. Сондықтан таза табиғи дауысқа ештеңе жетпейтіні – ақиқат. Онымен ешкім таласа алмайды. Кез келген дамыған елдерде таза табиғи дауыспен орындалатын концерттердің бағасы да, қадірі де жоғары. Түптің түбінде біз осыған келеміз. Жеңіл әнді айтатын әншілердің шеберлігі ешқашан артпайды. Нағыз шеберлер өнерге бүкіл ғұмырын арнайды. Шын мәнінде, ондай әншілер өнерін жетілдіріп отырады. Сол себепті бүгін фонограммамен елді алдағанымен, ертең өтірігі көрініп қалады», – дейді. Өнерді базардың деңгейіне түсіріп алуға болмайды. Саф өнердің құны бәрібір жоғары. Тек соны реттейтін алаң дұрыс болғаны керек. Мәселен, кез келген әнді сахнаға шығармас бұрын көркемдік кеңестің сынынан өткені абзал. Сонда ғана есті әнді іріктеуге мүмкіндік туар еді. Қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов «Заң жобасы туралы баспасөз беттерінен оқып жатырмын. Бұл өте дұрыс шешім болды. Фонограммаға түбегейлі тыйым салынбаса да, шектеулер бар. Бұрынғыдай жапа-тармағай фонограмма болмайды», – дейді.Талап орынды, орындалуы қалай?
«Жігіттер» тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов «табиғи дауыспен концерт өткізуге қарсы емеспіз», – дейді. – Көрерменнің талғамын да ескерген жөн. Кейде той-томалаққа барған әнші фонограммамен айтып жатыр ма, әлде табиғи дауыспен орындап тұр ма, оған көп мән бере бермейді. Бастысы – көңіл көтеретін ән айтса болғаны. Концерттерде де солай. Жанды дауыспен өткізілетін кештердің көбі бірсарынды болып кетуі мүмкін. Арасында фонограмма да керек. Көпшілік кейде шоу-концерттерді жақсы көреді. Мәселен, Филипп Киркоров бүкіл тобымен бірге жүреді. Бишісі, музыканты, барлығы бар. Олар кешті шоу-думанға айналдырады. Сол секілді мұңлы ән айта берсең, кешке жиылған көрерменді жалықтырып алуың мүмкін. Көрермен нені қалайды, сұраныс қандай, әнші де соны ұсынады. Сондықтан кейде әншіні де кінәлай беруге болмайды. – Кейде әншілер нашар музыкалық құрылғы болса, табиғи дауыста орындай алмаймыз деген уәж айтады. Одан бөлек, акустиканы сөз ететіндер де бар. Бұған қалай қарайсыз? – Алматыдағы Республика сарайында табиғи дауыспен орындауға барлық мүмкіндік жасалған. Тіпті, табиғи дауыста концерттер де жиі өткізіліп жүр. Музыкалық құрылғы әншіге кедергі болмауы тиіс. Сол себепті де талантты әнші кез келген сарайда жанды дауыста ән айта алады. Егер «жолдан қосылған жолбикелер» болса, олар осындай сылтау айтуы мүмкін. Фонограммасыз орындауда біз не ұтамыз? Бастысы – өнер тазалығын сақтаймыз. Белгілі әнші Света Айтбаева «Негізі фонограмма дегенді дұрыс түсіну керек. Оны 100 пайыз қажет емес деп айтуға да болмайды. Плюс-минус деген болады. Плюс дегеніміз – жазба. Минус – музыканттардың, оркестрдің сүйемелдеуі. Бізге фонограмма қай кезде қажет болады? Әдемі бір үлкен түсірілімдер, телевизиялық жобалар кезінде керек. Біз фонограмманы әншілердің концертте жанды-жансыз дауыста айтуы деп қана түсінеміз. Жеке концерт берген кезде фонограммамен айтуға болмайды. Ол әнші үшін де ұят. Қазір тыңдармандардың да деңгейі өзгерген. Сол тұрғыдан келгенде, бұл заңның қабылданғаны дұрыс. Қазір кей әншілер бір күнде бес концерт беретін деңгейге жетті. Шынайы табиғи дауыспен әнші бес сағат концерт беруі мүмкін емес. Себебі дауыс деген – дыбыс аппараты. Бір концертте кем дегенде 20 ән орындалады. Ол дыбыс аппаратына салмақ түсіреді. Концерт өткеннен кейін де әншіге біраз уақыт демалуға тура келеді», – дейді. P.S.Фонограммамен ән айту қашан пайда болғаны белгісіз. Фанераны алғаш Бони М тобының продюсері Фрэнк Фарриан енгізген деген пікір бар. Кейбіреулер мұны таза ресейлік өнім деп санайды. Өйткені өткен ғасырдың 70 жылдарында көптеген кеңес әртісі, тіпті Кремль сарайының сахнасында плюспен ән айтуды ұнатқан деседі. Соңғы жылдары Ресейде де фонограммамен айтуға наразылық білдіретіндер көбейді. «Ең ақылға қонымдысы – концерттің қалай өтетінін постерлерге жазу. Сонда фонограммамен өтетін концерттердің бағасы бірнеше есе арзандар еді», – дейді ресейлік мамандар. Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, Түрікменстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салынған. Ал АҚШ-та фонограммамен концерт беріп ұсталса, әртіс алаяқтық бабы бойынша заңмен қудаланады екен.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Меніңше, нағыз өнер – ол айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз осы айтысты жақсы көреді. Өнер әрқашанда таза болуы тиіс. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы қажет. Сол кезде халық ол концертке баратынын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине, концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады», – дейді. Шынайы баға беретін – көрермен. Ал көрермен тек тазалықты ғана құрмет тұтады. Өнер таза болсын десеңіз – фонограммасыз ән салыңызшы, әнші қауым!
Гүлзина БЕКТАС