Атырау облысындағы газ өндеу зауытының құрылысына қатысты қоғамдық талқылау Жұмыскер кентінің мәдениет үйінде өтуі керек болатын. Алайда аймақтағы карантин талабы оған мүмкіндік бермеді. Сондықтан газ өндеу құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау Zoom арқылы онлайн ұйымдастырылды. Шараға аймақтағы экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенділер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан жоба жетекшілерін таныстыра келе, оның өзектілігі туралы атап өтті.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Е.Әбілханов Үкімет басшысының өңірге іссапары кезінде айтылған жобаның маңыздылығын айтып, осындай түсіндіру және талқылауларға қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуын сұрады.
Газ өңдеу зауытының құрылысы туралы баяндаған жобаның техникалық басшысы Болат Сақтағановтың сөзінше, зауыт жылына 1 млрд текше метрге дейін газ өңдеумен қатар, Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісін 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ілеспе газды өңдемей, мұнай өндірісін арттыру мүмкін болмай тұр. Жобаны қаржыландыру инвестордың қаражаты мен қаржы институттарынан тартылатын кредит есебінен жүргізіледі. Жобалық жұмыстар жүргізілетін аумақ Атырау қаласынан 60 шақырым жерде Атырау облысы Мақат ауданында орналасқан. Ал аудан орталығы – Мақат кенті солтүстік-шығысқа қарай 63 шақырым.
Үкімет бекіткен газ өндеу зауыты құрылысына инвестор ретінде GPC Investment ЖШС таңдап алынған. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыру үшін отандық және шетелдік білікті мамандар тартылады.
Зауыт құрылысы кезеңінде 2 500-ге дейін, ал іске қосқаннан кейін 600-ге жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Қазіргідей пандемия салдарынан өңірдегі мұнай сервистік компанияларда қысқартулар жүріп жатқан шақта аталмыш жобаның өзектілігі айтпаса да түсінікті.
Жоба экологиялық және экономикалық жағынан да тиімді. Экологиялық тұрғыда тиімдісі қоршаған ортаға зияны бар ілеспе және табиғи газды жағу тоқтатылады. Ауаға зиянды күкіртті ангидрид газының таралуына жол бермейтін SCOT технологиясы қолданылады. Сонымен қатар BASF және Dow Chemical атты әлемге әйгілі фирмалардың озық жетістіктері де пайдаланылады.
Шырақ қондырғысының жабық түрі қолданылатындықтан шу, жел, жылу радиациясы ауаға таралмай, ашық оттан қорғайды. Жалын жабық болғандықтан, ауаға жылу шығармайды, демек оның айналасында жұмыс істеу қауіпсіз. Ал газды өңдеуге көшу ел экономикасына үлесін қосады.
Жобаны құрастырушылардың мәліметі бойынша, құрылыс кезінде және зауытты іске қосқаннан кейін шығатын қалдықтар көлемі тиісті нормалардың шекті деңгейінен аспайды. Қондырғының санитарлық қорғаныш аймағы – 1 200 метр. Қорғаныш аймағының шегінде елді мекендер жоқ. Атмосфералық ауа сапасына ерекше талап қойылатын қорық, шипажай секілді құрылыстар салынбаған. Жобалаушылар кеніштен құбыр арқылы жеткізілетін ілеспе газ бірнеше сатыда тазаланып, тұтынушыға даяр тауар ретінде ұсынылатынын айтады.
Нысанды сумен «Астрахан–Маңғышлақ» су құбыры жабдықтайды. Барлық өндірістік және жаңбыр суы жабық түрдегі су жинағышқа жиналады. Бұл резервуардан өндірістік жаңбыр ағындарын тазартатын блокқа беріліп, бекітілген сапа деңгейіне дейін тазартылған соң зауыттың өндірістік қажеттіліктері үшін қайта пайдаланылады. Жабық цикл арқылы су үнемделіп, шығын азайтылады.
Жобаны іске асыру әлеуметтік-экономикалық тұғыдан оң нәтиже береді десек те, қоғамдық тыңдауда өңірдің экологиялық ахуалына немқұрайды қарамайтын азаматтық қоғам белсенділері өз ойларын ашық айтты.
«Атамекен Эко» ҚҚ-ның төрағасы Арман Хайруллин күні кеше Қашағанның ауаға лас қалдықтар шығарып, ауа бүлінгенін, жаңа зауыт салынса оның да қоршаған ортаға кері әсері болатынын айтты. Оның айтуынша, Мақат ауданында болған қоғамдық тыңдауда мәселелер жан-жақты сараланы тиіс болған. Дегенмен әлі де талқылатын тұстар баршылық.
Мақат ауданынан келген «Ақиқат» ҚҚ басшысы Ғазиз Ғабдуллин аудан тұрғындарының талабын баяндады. Оның айтуынша, зауыт салынған жағдайда Мақат ауданы халқының әлеуметтік жағдайына жауапты болатындай міндеттемелер алса деген пікір бар. «Жайық-Каспий Орхус» орталығының жетекшісі Шынар Ізтілеуова, «Глобус» ҚҚ басшысы Галина Чернова және өзге де табиғат жанашырлары су мен көгалдандыру мәселесін сұрады. Олар жоба иелері жаңа зауыттың құрылыс жобасын тағы да пысықтап, аймақ халқының денсаулығына, аймақтың экологиясына зияны болмайтын мәселені қамтуды ескеруі тиіс деген ойларын айтты.
Сайып келгенде, ауаға жанып тұрған ілеспе газдың өнім болуына, ел экономикасы үшін қосар үлесін халық қолдайды. Орасан көлемде инвестиция өңірге ауадай қажет. Дегенмен қоршаған ортаға тигізер әсері барынша аз болғаны жөн.