Жамбылда дәрі-дәрмек жеткілікті ме?
Пандемияның екінші толқыны басталса қапы қалмау мақсатында облыс әкімі Б.Сапарбаев апта басында аурухана, дәріхана, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінің коронавирус инфекциясының болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарын тексеріп шықты. Ең алдымен облыс әкімі «СК-Фармация» ЖШС-не ат басын бұрып, дәрі-дәрмек қорына зер салды. Белгілі болғаны, 15 қыркүйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін препараттар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жалпы құны 245 миллион теңге тұратын жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынуда. Жалпы, қыркүйек айында 285 миллион теңгенің препараттары әкелінеді деп күтілуде. Әкім маусым-шілде айларындағы жағдайды тағы бір мәрте еске сала келе, ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі тапшылығы туындап, елге қауіп төнген жағдайдан сабақ шығару қажеттігін қатаң ескертті. – Ертең екінші толқын келе қалса, жіберген қателігімізді қайталамауымыз қажет. Дәрі тапшылығы болмасын! Егер жетпей жатса, бірден айту керек. Тұрақты түрде бақылау болуы қажет. Қанша дәрі қалды, ол қай уақытқа дейін жететіні күнделікті сараланып, шешім қабылдануы керек, – деп тапсырды облыс әкімі. «СК-Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшарт бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 миллиард теңгеге бағалануда. Бұдан бөлек, бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау нысандарының стационарларына жалпы құны 5,5 миллиард теңге болатын дәрілік заттар мен медициналық жабдықтарды жеткізген екен. Облыстың инфекциялық және провизорлық орталықтары коронавирус инфекциясын емдеуге арналған 709,6 миллион теңгенің 81 түрлі дәрілік заттарымен қамтылған. «СК-Фармация» ЖШС Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің төрағасы Айжан Тортаеваның айтуынша, облысқа антибактериалды препараттың 12 түрі немесе жоспардың 96,5 проценті, седативті препараттар, анальгетиктер, миорелаксанттар, иммунодепресанттар мен дәрумендердің 91,5 проценті жеткізілген. Ал антикоагулянттармен қамтамасыз ету артығымен орындалыпты. Қазір облысқа жеткізілген антикоагулянттар 113,5 процент, кортикстероидтар 104,6 процент. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде амбулаторлық деңгейде 25 медициналық ұйымның атынан құны 7,1 миллиард теңгеге тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша алдын ала өтініш түскен. Сұраныстың 98 проценті қанағаттандырылып отыр. Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың дәріханаларында 1,3 миллард теңгенің тегін таратуға арналған дәрі-дәрмек қоры жасақталған.Ауылдардан да дәріхана ашылса
Міне, осылайша Жамбыл облысы коронавирустың болжамды екінші толқынына дайындықты қызу жүргізуде. Ал облыс әкімі індеттің алғашқы толқынындағы қателікті қайталамауды сала мамандарына шегелеп тұрып тапсыруда. Өз кезегінде кеселден үрейленіп қалған бұқара ауылдық жерлерден де дәріхана ашып беруді сұрауда. Мәселен, Байзақ ауданы Шахан ауылының тұрғындары дәріхананың тапшылығын айтып, шырыл қағуда. 500 адам тұрып жатқан ауыл аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал ауылда ашылған медициналық пунктте дәрі-дәрмек жоқ. – Коронавирустың алғашқы толқынында қатты қиналдық. Ауылдық медициналық пунктте қажетті дәрі-дәрмек болмағандықтан, ең жақын деген 30 шақырым қашықта орналасқан Мырзатай ауылындағы дәріханаға сабылдық. Ауылдан аудан орталығына қарай жүретін екі-ақ такси бар. Міне, осы таксилердің жолын тосып отырамыз. Бір бағытта жүретін такси құны – 700 теңге. Ал барып-келу үшін 1 400 теңге жұмсайсың. Аудан орталығына, әлде Мырзатай ауылындағы дәріханаға барғанда іздеген дәрің табыла қалса жақсы. Табылмаса, амал жоқ, Таразға келуіңе тура келеді. Егер ауылдық медициналық пункттің жанынан бір дәріхана ашып қойса, қара халық үшін үлкен көмек болар еді, – дейді ауыл тұрғына Күләш Оңдағанқызы. Ауылдағы ағайынның қиналып жатқанын учаскелік дәрігер Әлия Асқанова да жасырмай отыр. – Коронавирус індеті өршіген тұста күніне 40 науқасқа дейін қабылдадық. Деніне система салу керек болғандықтан, қолымызда қажетті дәрі-дәрмек болмады. Содан амал жоқ рецептін жазып, дәріні өздеріне алдырдық. Аудан орталығынан дәріні тапсырыс беріп алдырғанның өзінде таксидің аздығынан ол саған бір тәуліктен кейін жетеді. Осындай қиын жағдайда науқастардың денсаулығы үшін күресуімізге тура келді. Негізі, ауылдық медициналық пункттің ішінде бос бір бөлме бар. Қолымда дәрі-дәрмек сатуға рұқсат беретін лицензиям да тұр. Егер құзырлы мекемелер рұқсат беретін болса, медициналық пункттің жанынан дәріхана ашып қояр едім. Тек рұқсат берсе болғаны, – дейді учаскелік дәрігер. Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылының тұрғындары да елді мекеннен дәріхана ашуды сұрайды. Себебі аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта жатқан ауыл жұртшылығы қарапайым цитрамон алу үшін көлік жалдап, алысқа ат сабылтуға мәжбүр. Сондықтан 200 түтіні түтеп тұрған ұланбелдіктер ауылдағы медициналық пункттің жанынан бір дәріхана ашып қойса, қажеттіні сол жерде алар едік деген тілегін айтуда. Жалпы, бұл облыстағы 300 ауылдың басында бар жағдай. Қай-қайсысына хабарлассаң да, ауылдан медициналық пункт ашылғанымен, онда дәрі-дәрмек қорының аздығын айтады. «Оның орнына бір дәріхана ашылса» деген өтініштерін жеткізуде. Осы орайда, біз Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мәдина Шиналиеваға хабарластық. Мәдина Сейділдақызы ауылдардан дәріхана ашу үшін өтінімді аудан әкімдері беруі керегін айтты. Жауапты маманнан осындай жауап естігеннен кейін Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовке байланысқа шығып, жергілікті биліктің Шахан ауылынан дәріхана ашуға қашан өтінім беретінін сұрадық. Аудан әкімі бұл мәселені жіті назарға алып, толықтай тексеріп, жақын арада бір шешімін шығаруға уәде етті. Жалпы, барлық аудан әкімдері елді мекендеріндегі осы мәселеге зер салып зерделеп, бұқараға қол ұшын созса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі таразы басында адам өмірі тұр!Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы