Қазір Қызылорда қаласында әкімдік жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жобалық кеңсе жұмыс істеп тұр. Сарапшылар кеңесі құрамының да анықталғанына біршама уақыт өтті. Былтыр қала әкімінің орынбасары 44 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітіп, рухани түлеу жолында тиісті жұмыстар жалғасқан еді. Сөйтіп, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған түрлі іс-шара саны 100-ден асып, оған 70 мыңнан астам адам тартылды. Жоба аясында «Латын әліпбиі – жаһандану тұсындағы рухани жаңғырудың факторы» атты дөңгелек үстел отырысы, «Тілі зордың – елі зор» атты қалалық байқау, «Тіл – халықтың күретамыры» атты семинар, «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздігіміздің тұғыры» тақырыбындағы кітап көрмесі, «Тамыры терең әліпби» библиографикалық шолу сияқты шаралар ұйымдастырылды. Бұлардан бөлек, былтырдан бері түрлі бильборд орнатылып, белсенді азаматтарға арнайы марапаттар берілді. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жергілікті жерлерде жүзеге асыру үшін кіші бағдарламалар да әзірленді. Сәйкесінше, қалалық білім бөлімі «Тәрбие және білім», қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Рухани қазына», қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Атамекен», қалалық ішкі саясат бөлімі «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларын іске қосты. «Елбасы Жолдауы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тұрғындар арасында насихаттауды ұйымдастыру» мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімі ашқан QORDA.KZ сайты жұмыс істеуде. Ақпараттық материалдар аталған сайтқа орналастырылып отыр. Сонымен қатар қалалық мәдениет, білім, ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан Facebook әлеуметтік желісінде арнайы парақшалар ашылып, насихаттық шаралар тұрақты жүргізілуде. Қызылорда қаласы әкімдігінің ғимаратында орналасқан құқықтық кеңес беру орталығында «Отбасылық кеңес бұрышы» ашылды. Құрамы бекітіліп, арнайы ережесі жасақталды. «Отбасылық кеңес бұрышы» отбасын құруды көздеген жастармен ерлі-зайыптылықтың ерекшеліктері бойынша кеңестер және де некесін бұзуға келген азаматтармен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық және психологиялық тұрғыдан әңгімелер жүргізіп, құқықтық кеңес береді. Бұрыш әр аптаның жұма күні сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Қызылорда қаласында отбасы құндылықтарын насихаттау және дәріптеу мақсатында қала әкімдігінде «Жолдауды және мемлекеттік бағдарламаларды, отбасы құндылықтарын насихаттау шараларын ұйымдастыру» және «Жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау және жас отбасыларға құқықтық, психологиялық кеңес беру жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобалары жүзеге асырылуда. Жобаларға жергілікті бюджеттен 2 млн 300 мың теңге қаржы бөлінген. Жобалар аясында «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің қорытынды шарасы өткізілді. Жас отбасылар базасы жасақталып, «Отбасы байлығы» тақырыбында Whatsаpp, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінен арнайы мессенджер қызметі жұмыс істейді. Отбасы құндылығын насихаттау тақырыбында түрлі форматтағы 5 шара өткізілді. Студент жастар мен жоғары сынып оқушылары арасынан ерікті жастарды тарта отырып, «Жас ұлан» ББЖҰ тәлімгерлері мен үйлестірушілер қауымдастығын құру мақсатында қалалық білім бөлімі тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Елбасының бастамасымен қуаттап құрылған «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы – өскелең ұрпақты жоғары рухани – адамгершілік құндылықтар, демократиялық ұстанымдарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында қалыптасқан. Бүгінде ұйым мүшелерінің саны қала бойынша 20 800-ге жетті. Қалалық «Жас ұлан» ұйымының жоспары бойынша «Жас ұланның» 100 жаңа есімі», «Кедергісіз әлем» мейірімділік-қайырымдылық акциясы, «Ауылым – алтын бесігім» жас суретшілер конкурсы, «Атамұрам – асыл қазынам» қолөнершілер фестивалі, «1 наурыз «Алғыс айту» күні, «Наурыз поштасы», «Тағзым акциясы», «Біз – көшбасшы жастармыз, Елді алға бастармыз» атты көшбасшылар тренингі, «Балалар әлеміндегі игі істер» акциясы, «Дария жағасындағы қала» акциясы өткізілді. Аталған акция мен жобаларға қала жасұландары елеулі үлес қосып, шығармашылықтарын шыңдап, өз қолтаңбаларын қалдырып келеді.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы