Заңсыз тасымалдаушылар еркінсіп кетті
Заңсыз тасымалдаушылар еркінсіп кетті
172
оқылды
Карантиндік шектеулер жеңілдеп, вок­зал қайта ашылғанмен, жұмыс бұрынғы қар­қынмен қыза түскен жоқ. Автобекет қыз­меткерлерінің айтуынша, заңсыз тасы­мал­даушылар елдегі төтенше жағдайды да елемей, еш үзіліссіз жұмыс істеп келген. Тіп­ті, олардың саны бұрынғыдан да арта түсіпті. Енді бекет жүргізушілері ресми кас­садан түсуі тиіс қомақты қаржыдан қа­ғылып отыр. – Бізге тек Алматы облысына ғана қа­тынауға рұқсат берілгенмен, автобекетке Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстары­нан автобустар келеді. «Сайран» автобекеті­нің рейске шығаратын өз автобустары жоқ. Бірақ өзге аймақтардан келген авто­бустардың санитарлық норманы сақтауын қадағалаймыз. Жолаушылардың міндетті түрде маскамен жүруін, антисептик пай­далануын қадағалап, дене қызуы тексеріледі. Менің айтайын дегенім, неге пойызбен 3-4 тәулік Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарына жүруге болады да, ал автобус жолаушыларына тек Алматы облысына ғана рұқсат етіп отыр? Ұшақпен жүруге де рұқсат берілген. Біз бұл мәселе жөнінде санитарлық дәрігерлерге де, Бас прокуратураға да жаз­дық. Бәрі республикалық санитарлық дәрігердің шешіміне келіп тіреледі. Олар қазіргі жағдайға байланысты ешқандай жауап беріп жатқан жоқ. Біз қазір жұ­мыс істейтінімізді де, істемейтінімізді де білмейміз. Бұрын Ресей, Моңғолия, Қы­тай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанға автобустар қатынайтын. Бүгінде оның бәрі тоқтаған, шет елге автобустар шықпайды, жағ­дай белгілі. Әйтсе де, өз елімізде авто­бустардың жүруіне неге шектеу қойып отыр­ғаны түсініксіз, – дейді «Сайран» халық­аралық автобекетінің тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан Әбілдаев. Маманның сөзіне қарағанда, жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын авто­бустар аймақтарға жүріп жатыр. Олар не медициналық, не техникалық байқаудан өтпеген, не санитарлық нормаларды сақ­тамайды. Олардың жүруіне неге шектеу қойылмайды? Қазір өзге аймақтарға қа­тынап жатқан заңсыз автобустар бекет ма­ңайында оншақты жерден жүреді. Көше-көшенің арасында, Сайран көлінің жағасында, «Ситиплюс» сауда орталығының маңынан аймақтарға автобустар жүріп жатыр. Заңды бұзып жатқан солар. Ал олар­ды тәртіпке шақырып жатқан ешкім жоқ. Санитарлық дәрігерлер «Біз оған кіріспейміз» дейді, полиция ол жекеменшік жер болғандықтан қандай көлік қойса да өз еркі екенін айтады. Талапты, санитарлық норманы сақтап жатыр ма, жоқ па, сонда мұны кім бақылайды? «Сайран» автобекетімен келісімшартқа отырған тасымалдаушы компаниялар бағытты тендерге қатысып ұтып алған. Қазір олар бос отыр. Ал заңсыз тасымалдаушылар жұмыс істеп тұр. Бірер күн бұрын үлкен жиын өтіп, оған қалалық Мобильділік бас­қармасы өкілдері, қалалық көлік-ба­қылау инспекциясы, санэпидстанса өкілдері қа­тысты. Осы мәселелер көтерілді. Бірақ кө­терілген мәселеге нақты жауап берген еш­кім болмады. – Бізбен келісімшартқа отырған тасым­алдаушы компаниялар дер кезінде салығын төлейді, билет тек қана касса арқылы сатылады. Ол жерде ешкім алданбайды. Бекет маңайынан қатынап жатқан авто­бус жүргізушілері салықты Түркістан облысында төлейтінін айтады, бірақ оны тек­серіп жатқан ешкім жоқ, – дейді Ерлан Әбілдаев. Тағы бір айта кетерлік жағдай – заң­сыз тасымалдаушылар бағаны тұрақты ұстамайды. Әр кезде әрқалай. Әсіресе, демалыс және мереке күндері билет бағасын қол­дан көтеру жағдайы үнемі болатыны жасырын емес. Егер автобустар «Сайран» автобекеті арқылы қатынайтын болса, билет құны тұрақты болар еді. Әрі 15 жасқа толмаған балаларға 50 пайыз жеңілдік болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жеңілдік бар. Осы мәселенің ретке келуін вокзал басшылары да, тұрғындар да асыға күтіп жүргелі біраз болды. Көлеңкелі кәсіп қашанға дейін жалғасады? Көліктік бақылау инспекциясы вокзал маңында рейд жүргізгенімен, жағдай әзірге ретке келмей тұр. Карантин басталғалы 31 жүргізушіге хаттама толтырылған.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ