Бірғаным Әйтімова жаңа қызметке тағайындалды
Бірғаным Әйтімова жаңа қызметке тағайындалды
327
оқылды

Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлайды.

Б.Әйтімова бұл қызметке елордада өткен Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысында тағайындалды.

«Бұл Кеңес даналықты, тәжірибені, ұстамдылықты және тұрақтылықты білдіреді. Біз оны тікелей диалог жасайтын, өзекті проблемаларды талқылайтын, оларды шешу жөнінде ұсынымдарды дайындайтын ашық алаң ретінде қызмет етеді деп ойлаймыз. Сенаторлар кеңесі жұмыс істеп отырған депутаттық корпустың сенімді тірегіне айналады деп үміттенеміз. Бізге Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, күш-қуаттарыңыз, Қазақстанның шынайы патриоттары ретіндегі белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз қажет. Өйткені баршамызға ортақ бір ғана Биік Мақсат бар, ол – қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ету», - деп атап өтті Төраға.

Бірғаным Әйтімова 1953 жылы дүниеге келген. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын ағылшын тілі мұғалімі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтаған. Төтенше және өкілетті елші рангі бар.

Түрлі жылдары ҚР жастар ісі, туризм және спорт министрі, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, ҚР білім және ғылым министрі болды. Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі, ҚР-ның Израильдегі, Италия, Куба мен Соломон аралдарындағы Төтенше және өкілетті елшісі болды.

2013 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Сенатының депутаты атанды. Тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бірғаным Әйтімованың депутаттық қызметін тоқтатқан еді.