Тіркелген 13 мыңнан астам отандастардың 7 312-і қажетті құжаттарды жүктеп, белгіленген мерзімде тіркеуді сәтті аяқтады. Ол үшін оларға 30 күн берілді.
Резервке тек 300 үздік және барынша дайындалған жастар қабылданады. Осылайша, бір орынға 24 үміткерден келіп отыр.
"Тізімде еліміздің барлық өңірінің өкілдерімен қатар, шетелдегі қазақстандықтар бар. Үміткерлер арасында - жастар ұйымдарының көшбасшылары, үкіметтік емес, бизнес және квазимемлекеттік сектор өкілдері, алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкерлері және қатардағы мемлекеттік қызметшілер.
Оның барлығы вербалды және сандық болып екі блоктан құралатын іріктеудің екінші кезеңі - тестілеуге қатыса алады. Бұл қатысушылардың күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға мүмкіндік береді", - дейді Агенттік төрағасы Анар Жайылғанова.
Айтуынша, тестілер арнайы білімді бағаламайды, сондықтан теориялық материалдар бойынша алдын ала дайындықты талап етпейді.
Қатысушылар тест және оның тексеруін Pkrezerv.kz онлайн-платформасы арқылы өтеді. Тестілеу 12 қазанда болады.
Келесі кезеңдердің мерзімдері туралы - эссе жазу, жобаларды таныстыру, құзыреттілікті бағалау, Сараптамалық комиссияда әңгімелесу және Ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатураларын қарау туралы Pkrezerv.kz сайтында, Фейсбуктегі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Президенттік жастар кадр резерві парақшаларында хабарланады.