Жапон дәуірі: сіз кімсіз, Суга мырза?
Жапон дәуірі: сіз кімсіз, Суга мырза?
308
оқылды
2019 жылғы сәуірде жапон елі жаңа заманға аяқ басты: 1989 жылдың 8 қаңтарынан бері созылған «Хэйсэй» (бейбітшілікке қол жеткізу) дәуірі аяқталып, енді «Рэйв» (үйлесім не­месе гүлденген әлем) дәуірі келді. Әдетте, жапондарда жылнама импе­ратордың өмірден өтуімен бірге ауысатын. Алайда бұл жолы 200 жылдан бері болмаған сирек әрі таңғажайып жағдай қалыптасты: Жапония жаңа дәуірді қос бірдей императормен қарсы алды: «Күн­шығыс елінің» символына айналған 85 жастағы монарх Акихито тақтан бас тартты. Ұқсас оқиға сонау 1817 жылы император Кокаку ел тізгінін көзі тірісінде ұлына та­быстағанда болыпты. Қазіргі кезде 59 жастағы Нарухито Жапония императоры болып есептеледі. Ол билеуші санал­ғанымен, шы­нында ешқандай саяси өкілеті жоқ. Им­ператор бүгінде сән-салтанат функ­цияларын ғана орындайды. Ол – мемлекет пен халық бірлігінің символы. Іс жүзінде мемлекетті премьер-министр басқарады. 2012 жылы билеуші күш – Либералды-демо­кратиялық партия бас­шылығына С.Абэ келді де, сайлауда жеңіске жетті. Ол Үкімет басшысы лауазымын 8 жыл атқарды, сөйтіп рекорд ор­натты. Оның ЛДП жетекшісі ре­тіндегі лауазымдық мерзімі тек 2021 жылдың күзінде аяқталатын. Бірақ күрт нашарлаған денсаулығы Абэні ерте отставкаға кетуге мәжбүр етті. Жалпы, ол дертіне байланысты екінші рет билікпен қош айтысты. ХХІ ғасыр басында С.Абэ көшбасшы партияның басшылығында болған: 52 жастағы саясаткер 2006 жылдың қыркүйегінен 2007 жылдың қыркүйе­гіне дейін Үкіметті басқарды. Нәти­же­сінде, Жапония тарихындағы ең жас премьер атанды. Mainichi басылымының мәліме­тінше, Синдзо Абэнің жай-күйі созылмалы сырқаты – ойық жаралы колит кесірінен нашарлап кетті. 65 жастағы премьер 2020 жылдың жа­зында бірнеше рет дәрігерлер кө­ме­гіне жүгінді. Салдарынан Абэ мем­лекетте коронавирус індеті өршіп кеткеніне қарамастан, 50 күн бойы жұртшылық алдына шыға алмады, баспасөз мәслихаттарын өткізе алмады. Енді Жапония жаңа премьер-министрді ұлықтауға әзірленуде. Оның элита емес, халықтың өз өкілі екені анықталды. Мысалы, С.Абэ – бірнеше көрнекті саясат­кердің ұрпағы болса, ал 71 жастағы Ё.Суга – қарапайым фермерден саясат саң­лағына дейін көтерілген адам. Синдзо Абэ биліктен кететінін мә­лімдегенде, күтпеген жерден оның жақтасы Ёсихидэ Суга үкімет басшы­сы міндетін өз мойнына алуға дайын екенін жариялады. Ізінше сөзден іске көшіп, Жапонияның билеуші пар­тиясының ірі фракцияларының қолдауына ие болды. Ёсихидэ Суга екі әпкесімен және інісімен бірге Жапонияның солтүс­тігіндегі ауылда туып-өскен. Оның ата-анасы балаларымен бірге құл­пынай өсіріп сатумен айна­лы­сыпты. Әкесі үлкен ұлы Ёсихидэ­нің өз жо­лын қуып, аграрлық колледжде оқуын қалайды. Алайда бозбала ас­танада бағын сынауға аттанады. Сонда Токио картон зауытына жұмысқа тұрады. Екі жыл өте ол сол кездегі оқуы ең арзан Хосэй уни­верситетінің саясаттану бөліміне түседі. Оқудан қолы босай қалғанда, өзін-өзі асырау үшін Цукидзи балық базарында жұмыс істеген. Оқуын бітіргенде ғұмырын саясатқа арнауға ұйғарады. Сондықтан Либералды-демо­кратиялық партия депутатының хатшысы болып орналасады. Партия­дағы елеусіз жұмыстарда 11 жыл қызмет атқарған Суга үлкен саясатта бағын сынап көруге бел буады. Осылайша, дауыс беру құқығы бар әрбір отбасының есігін қағып, өзі үшін өзі үгіт жүргізіп, 1987 жылы Токио жанындағы Йокогама шаһа­рының қалалық кеңесіне мүше бо­лып сайланды. 1996 жылы ол Жа­пония парламентінің төменгі пала­тасының депутатына айналды. 9 жыл өткенде Ішкі істер министрінің орын­басары мәртебесінде Коидзуми үкіметінің құрамына енді. Дзюнъитиро Коидзуми әлемге аты жайылған белді саясаткер-тін, ол көрші Қытай мен Оңтүстік Кореяға қатысты қатаң ұстаным ұстануымен, Ресейден Курилл аралдарын қай­таруды табанды талап етуімен, император тағына отыруға әйелдерге де құқық беруді ұсынуымен танымал. Коидзуми сол тұста үкіметтің бас хатшысы лауазымында жүрген Синдзо Абэні де билік шыңына ілгерілеткен тұлға. Қолдаушысы мықты болған Ёси­хидэ Суга министрлер каби­нетінің құрамы жаңарғанда бірден екі ми­нистрлік портфелді иеленіп, Ішкі істер және поштаны жеке­шелендіру министрліктерінің басшылығына келді. Әйткенмен С.Абэ 2007 жылы өз еркімен отставкаға кеткен соң Ясуо Фукуда үкіметінде Сугаға орын та­былмады, ол депутаттық крес­лосына қайта жайғасты. Пар­тияішілік ман­сабына бар күш-жігерін шоғыр­ландырған Суга Абэмен ынты­мақтастығын күшейтті, 2012 жылы оны ЛДП президенті лауазымына кандидатурасын ұсы­нуға, қайтадан Жапония премьері атануға көндірген. Жеңіске жеткен Синдзо Абэ сенімді одақтасынан сырт айналмады, оны үкіметтің жаңа құрамына қосып, бас хатшы етіп тағайындады. Нәти­жесінде, ол билік органдарындағы барлық ауыс-түйістің басы-қасында болды. Жаңа үміткерлер де соның алдынан өтіп, батасын алатын. Ақпарат құрал­дарымен жиі араласып, емін-еркін сөйлесетіндіктен оны журналистер жақсы көріп кетті. Солтүстік Корея ұрлап әкеткен жапон азаматтарын елге қайтару ісіне жетекшілік етіп, саяси бедел жинады. Ақыры 2019 жылғы сәуірде жаңа император Нарухитоның жаңа дәуі­рін ресми жариялау Суга мырзаға сеніп тапсырылды. Ол қап-қара тушпен «үйлесім, гүлденген әлем» деген император ұраны жазылған тақтайшаны теле-фотокамералар алдында басынан жоғары көтерді. Бұл рәсім кейін әлеуметтік желіде әртүрлі «мемге» арқау болып, жұрт оны «Рэйв ағай» атап кетті. Оның жаңа премьер болатыны сол кезден жорамалданды. Ал 2019 жылдың аяғында Суганың АҚШ-қа сапар­лап, Жапония үкіметі атынан вице-президент М.Пенспен және мем­лекеттік хатшы М.Помпеомен кез­­десуі бұл болжамды бекемдей түсті. Екі күн бұрын, 19 қыркүйекте Ёсихидэ Суга Жапонияның жаңа үкімет басшысы болып бекітілді. Оның кандидатурасын Парламент депутаттарының көпшілігі қолдады. Ол жаңа министрлер кабинетінің құрамын да қалыптастырып үлгерді. Оған Синдзо Абэ үкіметінен тек бірнеше министр ғана кіре алды. Сондай-ақ Суга үкіметінде жаңа лауазым – цифрландыру жөніндегі министр пайда болды. Сарапшылардың айтуынша, тек Пар­ламенттің дауыс беруімен сай­ланған Ёсихидэ Суга үкімет ба­сында бір жыл отырады. 2021 жылдың қыр­күйегінде, жоспарға сәйкес ЛДП-ның жаңа басшысын сайлау ұйым­дастырылып, онда партияның бар­лық мүшелері өз таңдауын жасайды. Егер сонда жеңіске жетсе, Суга тарих төріне өрлеуін жалғастыра алады.  

АйханАйхан ШӘРІП