БҰҰ: Эпидемия бақылаудан шығып кетті

БҰҰ: Эпидемия бақылаудан шығып кетті

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш «Эпидемия бақылаудан шығып кетті, инфекцияның қарқынды таралуын бір вакцинамен шеше алмаймыз» деп мәлімдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл ұстанымды қолдайды. ДДСҰ мемлекет пен үкімет басшыларын вирустың ары қарай таралуына тосқауыл болу үшін қатаң шектеу шараларын қолдануға шақырады. Британия билігі қазірше елдің солтүстік-шығыс аймағында отбасылық той-томалақтарды уақытша өткізбеу сияқты шектеулерге ғана барып отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының еуропалық бөлім басшысы Ханс Клюге: «Көктем мен жазда біз қатаң карантиннің қаншалықты пайдалы болғанын көрдік. Біздің барлық амал-әрекетіміз ақталды. Қыркүйек келді, ауырғандар мен қайтыс болғандар санының күн сайын көбейіп бара жатқанын көріп отырмыз. Әрине, ауру жұққандардың санын анықтау – жалпы тексерістердің нәтижесі екенін түсінеміз, бірақ бұл вирустың таралу ауқымын да көрсетеді», – дейді. Францияда бір күннің ішінде он жарым мыңнан астам адамда COVID-19 індеті анықталды. 50 адам қайтыс болды. Президент Эммануэль Макрон «вируспен бірге өмір сүруді үйрену қажетін» айтады. Француз елінің Денсаулық сақтау министрі Веран жергілікті басшылар мен орталық билік өкілдерін эпидемиологиялық жағдай қиындаса қатаң шараларға көшу қажетін ескерткен. Бұл орайда ол: «Мен қазір Марсель мен Гвадулепе туралы айтып отырмын. Егер біз ауруханалардағы пациенттер санының азайғанын көрмесек, қатаң шектеу шараларын қолдануды талап ететін боламыз», – деп мәлімдеді.  Сондай-ақ министр Лион мен Ницца қалаларында да қатаң шектеу шараларының енгізілуін талап етіп отыр. Испанияда COVID-19 індетінен бір күнде 239 адам қайтыс болған. Қыркүйек айынан бастап науқастар саны артып барады, дәрігерлер 11 мыңнан астам адамның ауру жұқтырғанын анықтады. Жұмадан бастап ел астанасының бірқатар ауданына қатаң карантин режимі енгізілді. Американың Денсаулық сақтау министрлігі сайлау алдында, яғни 1 қарашада 50 штаттың барлық тұрғыны вирустан екпе алу мүмкіндігін жариялап отыр. Десе де, әлем ғалымдары мұны «саяси мәлімдеме» деп бағалауда. Себебі қазір дүниежүзінің түкпір-түкпірінде дайындалып жатқан бірде-бір вакцина толықтай клиникалық сараптамадан өтпеген. Болжам да әртүрлі. Кейбір сарапшылар вакцина келер жылдың басында шығады деп оптимистік ой айтса, енді бірі келер жылдың ортасына дейін сенімді екпеге қол жеткізу мүмкін емес дейді. Ғалымдар да вакцинаның пайдасынан бөлек, зиянды тұстары болатынын да ескертеді. Өткен жылдың аяғында қытайдың Хубэй аймағында пайда болған індет дүниенің түкпір-түкпіріне таралып, әлемдік және жергілікті деңгейде үлкен экономикалық дағдарысқа әкеп соқты. Қазіргі таңда індет ең көп таралған мемлекеттерге АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей, Перу, ОАР, Мексика, Чили, Британия, Иран жатады. АҚШ-тың Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемде коронавирус індетіне 30,1 млн адам шалдыққан. Оның 20,4 миллионы індеттен толықтай айықса, 944 мыңы қайтыс болған. Ғалымдар бұл індеттен сақтайтын шаралар үнемі маска тағу, санитарлық-гигиеналық талаптарды орындау дейді.  

К.АЙТБАЙҚЫЗЫ