Әлқисса, аталған премия күлкілі жетістіктерге жеткендерге беріледі. Оны тағайындаған – Annals of Improbable Research әзіл-сықақ журналының бас редакторы Марк Абрахамс. Алғашқы жылдары бұл сыйлық Массачусетс технологиялық университетінде тапсырылған болса, кейін Гарвард университетіне ауысқан. Лауреаттарға лайық сый да ерекше. Әдетте, оларға металдан жасалған өте жұқа қаңылтырдан (фольга) әзірленген медаль не сақ-сақ етіп тұрған адамның жақ тістері бейнесіндегі естелік белгі табысталады. Айта кету керек, Шнобель иегерлеріне марапатты Нобель иегерлері табыстайды. Қазақстандықтар Нобель сыйлығы секілді Шнобельді де әлі бірде-бір мәрте алып көрмеген.
Ал енді биылғы иегерлерге келсек, Бразилия, Үндістан, Мексика, Беларусь, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Ұлыбритания және АҚШ президенттеріне тағайындалды. Олар « Медициналық білім» номинациясы бойынша марапатталды. 30-рәсім онлайн форматта өтті. «Медициналық білім беру саласындағы марапат өмір мен өлімге ғалымдар мен дәрігерлерге қарағанда әлемдегі саясаткерлер көбірек әсер ете алатынын дәлелдеу үшін коронавирус пандемиясын қолданған Бразилия, Ұлыбритания, Үндістан, Мексика, Беларусь, АҚШ, Түркия, Ресей және Түрікменстан басшыларына берілді», – деді сыйлықтың негізін қалаушы Марк Абрахамс. Биыл лауреаттарға қағаз парақтарынан желімделген текше және Зимбабве банкнотының 10 трлн жергілікті долларлық көшірмесі түрдегі марапат берілді.