Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Nur Media холдингінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауды, оның ішінде жаңа медиаға баса назар аударуды тапсырды. Партиялық БАҚ қарапайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оны шешу үшін өзекті мәселелерді мемлекеттік органдарға жеткізетін объективті және жедел ақпарат көзі болуы керек.
Бүгінде Astana TV еліміздегі жетекші телеарналардың бестігіне енді. Соңғы бірнеше жылда телеарнаның көрермені төрт есеге артып, өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осыған дейін атқарған жұмыстары үшін Бибігүл Жексенбайға алғыс білдіріп, жақында эфирге жол тартқан «Саяси ринг» және Aitarym bar ток-шоулары мен басқа да арнайы жобалардың маңыздылығы туралы айтты.
Телеарнаның жаңадан тағайындалған бас директоры Құрманбек Жұмағали Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары «Хабар» телеарнасында продюсер және жүргізуші, Qazaqstan РТРК АҚ ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, «Қазақ радиосының» басшысы, «Алматы» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары, Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің және Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін ол Qazaqstan РТРК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Әбілмансұр ЖАСАН