Құрылыс аяқталған соң бір-екі жылдан кейін көптеген үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы бүгін Nur Otan партиясының астаналық филиалында құрылыс компаниялары мен Пәтер иелері кооперативінің жұмысына қатысты жиында партия хатшысы Марат Сембеков айтты.
Марат Сембеков елорда әкімімен, ПИК өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзінде сервистік кәсіпорындардың жұмысы және тұрғындардың олардың қызметіне сенімсіздікпен қарайтыны туралы ашық айтты. Партия хатшысының айтуынша, 2018 жылы Қазақстанда 12,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 113 мың пәтер салынды.
– Сапа әрдайым стандарттарға сәйкес келе бермейді. Құрылыс аяқталғаннан соң бір-екі жылдан кейін-ақ көптеген үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңадан салынған үйлерде жарықтар пайда болып, сылақтары түсіп, шатырдан су ағып жатады. Әрине, мұның барлығы тұрғындардың наразылығын туғызады. Нәтижесінде, мұндай үйде тұру, оны күтіп ұстау тұрғындардың өздері үшін проблемаға айналады. Көбіне тұрғындар өздерінің кооперативтеріне сенбейді. Біз жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі бойынша, халықтың үштен бірі ПИК жұмысына сенбейді. Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жекелеген қызмет көрсету ұйымдары тұрғындардан жинаған ақшаның 70-80 пайызын өз қызметкерлеріне жұмсағаны туралы фактілер бар. Бұл ақша үйлердің қажеттілігіне жұмсалуы керек еді. Көбінесе құрылыс салушылар үйлердің құрылысы аяқталған кезде тұрғын үй кешендерін басқару үшін өздерінің еншілес компанияларын құрып, ортақ мүлікті – жертөлелер мен шатырларды жалға береді және сатады, – деді М.Сембеков.
Осы жиында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі тұрғындарды электронды ПИК құруға шақырды. Қала басшысы ПИК және оның қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелердің өзектілігін айта келе:
– Көп адам әкімдікке шағымданады, дегенмен ПИК өзін-өзі басқару институты. Бұл жерде өзін-өзі басқару принциптері бар, яғни егер ПИК басшылығының жұмысы сіздің көңіліңізден шықпаса, онда оны жалпы жиналыста өзгертулеріңізге болады. Қазір адамдардың көбі жұмыста және күндіз уақыттары жоқ екендігі түсінікті. Ал демалыс күндері демалып, жақындарына көңіл бөлгісі келеді. Сол үшін электронды ПИК құратын уақыт жетті. Онлайн режимде жалпы жиналыс өткізіп, барлық мәселелерді онлайн режимде талқылауға болады, – деді.
Қала әкімдігінен хабарлағандай, 2018 жылы E-ПИК жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде, барлық 488 қызмет көрсету ұйымдары аталған жүйеге қосылған. Бұл жүйе тұрғындарға қызмет көрсетуші ұйымдардың қаражатты тиімді пайдаланып отырғанына бақылау жасауды қамтамасыз етеді.