Ерікті ұстаздар еңбек етуге дайын

Ерікті ұстаздар еңбек етуге дайын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылды Еріктілер жылы деп атап өтіп, ондағы маңызды міндеттердің бірі – жастар мен студенттерді ерікті жұмысқа тарту, оларға белсенді өмірлік позицияларды сіңіру керегіне тоқталған болатын. Осыған орай, Президент Жолдауын насихаттау мақсатында Қызылордада волонтер ұстаздармен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Шарада алдымен қоғамдағы ұстаздар мәртебесі, жалпы, во­лонтер дегеніміз кім, оны қалай дамытамыз, еріктілер жылында қандай жұмыстарға басымдық беруіміз қажет деген мәселелер көтеріліп, ортақ талқыға түсті. Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова еріктілік қағидасы жастардың белсенділігін көрсетіп, адамдарға көмек берумен ғана емес, өз бойын­дағы өмірлік маңызды дағ­ды­ларын дамытып, тәжірибе жинауға, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала екенін айтты. Сондай-ақ волонтерлық қызметке жұм­­салған уақытты, тұлғалық дамуға құйылған инвестиция деп қабыл­дау керегін жеткізді.

Кездесуде сөз алған «Дарын» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Мәншүк Мәметова атын­дағы Қызылорда педаго­ги­калық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кә­сіподағы» Қызылорда облыстық ұйымы төрайымы, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мү­­шесі Райкүл Байназарова Прези­дент Жолдауын, еліміздегі білім саласына қатысты рефор­ма­ларды табысты жүзеге асыруда ұстаздар қауымына артылар жауап­кер­шіліктің қашанда зор екенін тілге тиек етті.

Кездесуден мол тағылым алған жастар қауымы да ойларын ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті.

– Бұл жиында біз, облыс­тық білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподағы жанынан құрылған «Жастар кеңесі» мү­ше­лері өзіміздің ашық ойларымызды айтып, еркін пікір алмастық. Во­лон­терлар жылында да бұған дейін атқарып жатқан жұмыста­рымызды одан ары жандандырып, ел игілігіне адал қызмет ететі­ні­­­мізді білдірдік, – дейді қала­мыз­­дағы №235 орта мектеп ди­рек­­­торының бағдарлы оқыту жө­нін­­дегі орынбасары Жанар Сағындықова.

Ұстаздар мерекесі қарсаңында өткен шарада жас ұстаздар пар­тия филиалының алғысхаты және «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің сала­лық кәсіподағы» Қызылорда об­лыс­тық ұйымының арнайы сый­лықтарымен марапатталды.


Әбілмансұр ЖАСАН