Сәуле Мұсаева – Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Химия кафедрасының доценті. Сонымен қатар «Айсауле» отандық табиғи косметика өнімдерінің авторы. Өндіріс басқарушысы.
Сәуле Әжіханқызы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз 3 млн теңге грант ұтып алған. Бүгінде елімізге танымал «Айсауле» табиғи косметика өнімдерін шығарумен айналысады.
Біз кәсіпкерден бұл жобаны қолға алуға не себепкер болғанын, бизнесті қалай бастағанын сұрағанбыз.
Білімін өндіріспен ұштастырған Сәуле ханымды жасы ұлғайған сайын бет күтімі мазалай бастаған. Ол әйел 40-қа жақындағанда бет күтіміне ерекше және үнемі көңіл бөлу арқылы ғана сұлулығын сақтап қалатынын о бастан-ақ білетін. Алайда химия саласының маманы кез келген косметиканы қолданғанда оның құрамына, жасалу жолдарына ерекше назар аудара келіп, ойланады. Косметикаға пайдаланылатын минералды заттар, табиғи шөп өзіміздің оңтүстікте толып жатыр. Тіпті шетелден келетін косметикалар сақталу мерзімін ұлғайту үшін құрамына химиялық заттарды молынан қосады. Ендеше, неге аталған ғылымды зерттеп, өзімізден табиғи жолмен таза косметика өндірмеске?!
«Жан-жақты ғылыми әдебиеттерді, шетелдің жаңалықтарын саралай келе көбінесе жапон, кәріс және көршілес Қытай мемлекетінің халқы өзінің жергілікті жерінде өсетін емдік шөптен дайындалған өнімді пайдаланады екен және оның ағзаға әсері де тез болатынын білдім. Содан өзіміздің Оңтүстік өңірінің экологиялық таза аймақтарында өсетін дәрілік шөптер мен дәнді дақылдардың ұнтағын белгілі құрамда Lactobacillusplantarum микроорганизмінде ферментациялау, яғни, ашыту арқылы бетке жағатын жаңа маска пайда болды. Бұл өнімге инновациялық патент те алып алдым. Бұл масканы өзім пайдаланып жүргенде бет-жүзімдегі өзгерісті байқаған құрбыларым, әріптестерім қызығушылық таныта бастады. Сосын масканы басқа адамдарға жағып, ғылыми тәжірибе жасап көруім керек болды. Сіңлімнің жақын құрбысы дәл сол кезде жаңадан монша ашып жатқан. Маған косметикалық кабинет жасақтап берді. 2 сағатқа барып, қыз-келіншектердің беттеріне өнімімді күнделікті жағып жүрдім. Бет терісіне жақпаған шөп, дәнді дақылдарды құрамынан алып тастап отырдым. Екі жылдан кейін менің қолымда масканың дайын формуласы шықты. Біртіндеп сұраныс көбейіп, тіпті үлгере алмай қалатын болдым», – дейді өндіріс басқарушысы бізбен әңгімесінде.
Педагогикалық білімінен бөлек, маркетолог саласын жетік меңгерген Сәуленің туған сіңлісі Зәуре осы кезде көмекке келіп, «Айсауле» отандық өнімнің өркендеуіне біржолата кірісіп кетеді. Осы кезде мемлекеттен инновациялық жобаларға қолдау болып жатқанын естіген апалы-сіңлілілер құжат өткізеді. Осылайша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 3 млн теңге грантты ұтып алады. Оған өндіріске қажетті қондырғылар мен кеңсеге керек жиһаздар сатып алады.
Сұранысқа бірден ие болған нәр беретін, жасартатын қасиеті бар ғажайып маска әлі күнге дейін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талай қыз-келіншектің тұрақты косметикалық өніміне айналған. «Айсауле» отандық табиғи косметика өндірісін кеңейтіп, күндізгі-түнгі крем жиынтығын, шаш күтіміне арналған бальзам мен майлар, шампунь өндіруді де қолға алды. Одан соң бетті косметикадан тазартатын тоник сынды тазартқыш сулар, сұлыдан, сүттен және шөптердің құрамымен сабын дайындалды. Біртіндеп шөптердің емдік қасиетіне орайластырып, шөпшай шығаруды да жүзеге асырады. «Бір күні Қызылорда жақтан танысым хабарласты. Жолдасының аяқ-қолы қақсап, жүре алмай жұмыстан шығып қалыпты. Бірнеше ем қабылдағанымен нәтижесі болмаған. Шөптерден арнайы дәрілік шөпшай сияқты бірнәрсе дайындап беруімді өтінді. Бұл өтініш маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Зерттей келе адамда барлық су мен тұздың бүйрекке жиналатынын, яғни бүйрек жұмысы нашарласа осылай аяқ-қолдың қақсап ісуіне алып келетінін білдім. Демек, бүйректегі артық заттар кеткенде денсаулық та жақсармақ. Содан 3 шөптің тамыры мен 7-8 шөптің гүлін салып шөпшай құрастырып беріп жібердім. Екі аптадан соң қақсағаны қоя бастағанын, 1 айдан кейін ісіктің толық қайтып, жұмысқа түскенін естіп қуандым. Осылайша, тәжірибе арқылы өмірге келген жобаларым да көп» деп күліп алды Сәуле Әжіханқызы. – Косметика өнімдерін зерттей жүріп байқағаным, бетке нәр беретін, ылғалдандыратын гиалурон қышқылының үш түрлі тәсілмен дайындалатынын білдім. Гиалурон қышқылы өгіздің қарашығынан, одан соң әтештің айдарынан, одан кейінгісі шөптерді белгілі бір температурада ашытқанда бөлініп шығады екен. Мұны дәлелдеу арқылы көз жеткіздім.
Бүгінде өндірістен 17 түрлі өнім шығады. Таяу күндері өндіріс орны беттегі безеу мен дақтарға қарсы күресетін Гидромакс және гидролак шырындарын өндіруді қолға алыпты.
Кәсіпкер келіншек мемлекеттің көрсетіп отырған көмегіне ерекше алғысын білдіреді. Қолдаудың арқасында едәуір шыңдарға көтерілген өндіріс орны бүгінде тек сапаға жұмыс істеу арқылы Қазақстанның барлық аймағына танылып үлгерді. Қазіргі таңда барлық аймақта арнайы өкілдері өнімді таратумен айналысып жүр.
Назгүл НАЗАРБЕК
Шымкент қаласы