Талдықорғандағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының этножурналистика саласындағы «шаңырақ» шығармашылық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, сынақта оза шапқан журналистер марапатталды.
«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бас маманы Әбілқайыр Оралов, облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Гүлназ Мұстапова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мәди Алжанбай сияқты өз ісінің мамандарынан жасақталған қазылар алқасы Алматы облысының аудан, қалаларынан конкурсқа келіп түскен материалдарды мұқият саралап шықты.
Олардың арасында «Шаңырақ» байқауының ережесіне сай «Қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірліктің қазақстандық моделінің мәнін ашуға арналған үздік талдамалық материал», «Ассамблея мен оның құрылымдарының қызметін ашып көрсететін үздік материал (Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, «Жаңғыру жолы» РМД)», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының тарихи сананы қалыптастыру мән мәтініндегі негізгі бағыттарына арналған үздік материал», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарына арналған үздік материал», «Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолданылу аясын кеңейту мәселесіне арналған үздік материал», «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының негізгі бағыттарын ашатын үздік материал» аталымдары бойынша түскен мақалалар болды. Сонымен бірге Жастар жылына арналған «Жастар жылы – даңғыл жол» және Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған арнайы жүлделер тағайындалды. Байқаудың Бас жүлдесін Алматы облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина алды. «Жетісу» газетінің тілшісі Гүлжан Тұрсын бірінші орынды иеленді. «Жетісу» телеарнасының тілшісі Надежда Белова және облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Еңлік Қабдеш екінші орыннан көрінді. Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Зейнегүл Жұмабек, Қаратал аудандық «Қаратал» газетінің бас редакторы Асхат Өмірбаев, Кербұлақ аудандық «Кербұлақ жұлдызы» аудандық газетінің бас редакторы Ляйлә Оналбаева үшінші орынды өзара бөлісті. «Жастар жылы – даңғыл жол» арнайы жүлдесімен «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Анастасия Триппель марапатталса, «Ілиястың 125 жылдығына арналған» арнайы жүлде Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіманға берілді.
Алматы облысы