Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын бірге тойлауға туысқан Түркия мемлекеті ықылас танытты. Аталған игі тілек Анкарадағы Ғази университетінің (қазір Қажы Байрам университеті) ғалымдары мен мәдениет жанашырлары тарапынан туып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына даярлық туралы арнайы Жарлық шығарып, алқалы жиында: «Абай – шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем»,– деген болатын. Бұл орайда, елімізде арнайы мемлекеттік комиссия да құрылды. Мемлекет басшысы Жарлығында дана ақын мұрасын әлем тілдеріне аударып, шет елдерде де атап өту жайы сөз болған-ды.
Абай тойына дайындық басталысымен-ақ түбі бір түркі жұрты бірлігінің дәлеліндей болып Түркия мемлекеті бірден қолұшын созып отыр. Түркиядағы Қажы Байрам университеті Тіл-әдебиет бөлімінің профессорлары Хулия Ченгел, Гүлжанат Құрманғалиева–Ержиласун өз оқу орындарында Абай мұрасын байыптауға арналған халықаралық конференция өткізу туралы идеяны бірден қолдап, басшыларымен кеңесетінін жеткізді.
Абайдың Түркия жеріндегі 175 жылдық мерейтойына қатысты келелі де түйінді пікір айтқан Тіл құрымының басшысы, танымал түрколог Гүрер Гүлсевин болды. Кезінде Мұстафа Ататүрік негізін қалаған тарихи құрым президенті Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың проректоры Д.Қамзабекұлы бастаған делегацияны бас офисінде ықыласпен қабылдай отырып: «Абай – түрік дүниесінің айнасы. Өте биік тұлғасы. Біз Абай мұрасын жаңа заман мен ғылым талабына сай жан-жақты зерттеуіміз керек. Анкарада Абай конференциясын өткізуді 2020 жылдың 16-17 сәуір аралығына белгілейік. Бұған Еуразия университеті, Қажы Байрам университеті атсалысса, тіпті жақсы. Негізгі өткізу шарасын Тіл құрымы өз мойнына алады. Бірақ бәрі өркениетті талап пен заң шеңберінде өтуі тиіс», – деді.
Сонымен қатар Г.Гүлсевин Тіл құрымы кітапханасынан кезінде Қазақстан ғалымдары шығарған «Абай тілі сөздігін» мақтанышпен көрсетті.
Қос ғылыми жиынға қатысқан Қазақстан жоғары оқу орындары делегациясы Еуразия университетінің Абай жылын шетелде, Түркияда бастау туралы идеясының қолдау тапқанына қуанып, естелік фотоға түсті.
Конгресс пен симпозиум арасында ЕҰУ ғалымдарын Анкарада орналасқан Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу қабылдап, Абай мерейтойы мен Алаш тұлғалары туралы пікір алмасты. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Еуразия ғалымдары, осы одақ пен Түрік телеарнасы бірлесіп даярлап жатқан «Әлихан Бөкейхан» және «Міржақып Дулатұлы» атты түрікше деректі фильмдерге ғылыми түсінік-сұхбат берді.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Еуразия университетінің Абай мерейтойын шетелде Түркиядан бастау жөніндегі идеясына қызығушылық білдіріп: «Бұл – өте маңызды шара. Біз Абай өлеңдерін түрік тіліне аударуды қолға алып жатырмыз. Әрине, сапалы аудармаға бірте-бірте жетеміз. Президент мерейтойға қатысты айтқан ТҮРКСОЙ өз міндетін лайықты орындайды деп сенемін», – деді.
Айта кетейік, 2016 жылы Алаш көшбасшысы, көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған конференцияны шет мемлекеттен алғашқы болып Түркия, дәлірек айтсақ Ғази университеті қолдап өткізген еді. Енді осы тарихи сабақтастық Абай тойында да жалғасын тауып, күллі түркінің мерейін асқақтатар айтулы шараға айналғалы тұр.