Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жеңіл көлікпен соқтығысқан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20 қыркүйек күні сағат 21.40 шамасында «ИЖ Юпитер-5» маркалы мотоциклді тізгіндеген 48 жастағы ер адам Геолог көшесінен Үлбі көшесіне қарай келе жатқан.
Кенет қарсы жолаққа шығып кетіп, Mazda-626 автокөлігімен соқтығысады.
«Жол апаты салдарынан мотоцикл жүргізушісі сол жерде қаза болған. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды» деп мәлім етті облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалған.
Соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.