Мақсатымыз – халық сеніміне ие болу
Мақсатымыз – халық сеніміне ие болу
290
оқылды
Халық «Nur Otan» партиясынан нақты мәселелерді шешуді және жаңа бас­тамаларды кү­туде. Қарағанды облысында 14 қыр­күйектен бастап жария пі­кір­са­йыстар басталды. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 300-ден аса кандидаттың қатысуымен 45 пікірсайыс өтті. Кандидаттар білім, денсаулық сақтау, спорт, экология және кәсіпкерлікті қолдау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, шалғай ауылдарды интер­нетпен қамту, жастар мәселесі тағы басқа тақырыптар аясында ойларын ортаға салды. Сонымен қатар кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Кандидаттардың бағдар­ла­малары Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Жолдауына негіз­делген. Пікірсайысқа жалынды жастар да қатысып, «Жастар – Отан­ға» бағдарламасы аясында өз сай­лауалды бағдарламаларында қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты белсенді ұстанымдары мен пікірлерін жеткізді. «Праймериз – 2020» пікір­сайы­сына «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек қатысты. Пікірталас аймақтың негізгі мәселелеріне арналды. Сөз сөйлеу барысында кандидаттар Мемлекет басшысы Жолдауында көрсетілген реформалардың негізгі шешімдерін талқылады. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық перспективалары, халықтың осал топтарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру, білім беру және денсаулық сақтау сала­ларының проблемалары, бұ­қара­лық спортты дамыту. Праймеризге облыста барлығы 857 үміткер қатысып жатыр. Пікірталас Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Приозерск, Саран, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай аудандарында өтті. Көпшілік алдында тікелей эфирде сөз сайлаушылардың үлкен санын қамтуға мүмкіндік берді әрі тұрғындар тарапынан түскен бірде-бір мәселе мен сұрақ назардан тыс қалмайды дейді партия өкілдері. Кандидаттар пікірталаста Қа­рағанды облысын дамытудың сай­лауалды бағдарламасын басты нысана етіп алды. «Nur Otan» пар­тиясы өзінің сайлауалды бағ­дар­ламасында облысты дамыту­дың нақ 7 басым бағытын айқын­даған. Ол – экономикалық тұ­рақ­ты аймақ, жайлы аймақ, әлеу­меттік бағдарланған өңір, жас­тар­ға ар­налған өңір, тарихы мен мә­дениеті бай аймақ, ашық және есеп беретін жергілікті орган­дар, қауіпсіз аймақ деп жеті бөлікке бөліп қарастырылған. Бағдар­ламаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасау. Тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру – «Nur Otan» партиясының бағдары.
– Лайықты жалақы мен жаңа жұмыс орындарын ашу – сай­лауал­ды бағдарламаның басты ны­са­насы. Қарағанды облысы – ин­дустриялық-өнеркәсіптік өңір, республиканың негізгі экономи­калық тірегінің бірі. Өңдеу өнер­кәсібінің үлесі мен шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша рес­публика облыстарының ара­сында бірінші орын алады. COVID-19 пандемиясы жағ­дайын­да әлемдік нарықтың тұрақсыз­дығына қара­мастан, өңір экономиканың өсуін қамтамасыз етуге және қызмет­керлердің жаппай босатылуына жол бермеуге қол жеткізді. Келе­шекте өнеркәсіп, ауыл шаруа­шы­лығы, құрылыс және сауда өсімі­нің қарқынын сақтауға бас­ты назар ау­дарылатын болады. Облысты дамыту бәсекеге қабілетті өнеркәсіп өнімін өндірудің респуб­ликалық орталығы, қалалар мен ауылдарда халықтың өмір сүру са­пасы жоғары өңір ретінде айқын­далды. Бұл жыл сайын кемінде 30 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
COVID-19 жағдайы еңбек нарығына өз түзетулерін енгізіп, жұмыспен қамту саласындағы белсенділік пен халықтың табысын едәуір әлсіретті. Туризм, мәдениет, спорт, қоғамдық тамақтандыру, көлік сияқты салалар ең көп зардап шекті. Бұл ретте, жұмыссыздық көрсеткіштері тұрақты 4,5% және ел бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жастар жұмыссыздығының ар­туына жол берілген жоқ. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты облыста жыл сайын білікті жұмыс күшіне сұраныс артып келеді. Бүгінгі таңда 4 208 ашық бос жұмыс орны бар. Биыл мемлекеттік бағ­дар­ламаларды іске асыру есебінен 30,8 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. «Nur Otan» пар­тия­сы әркім өзіне және өз отбасына лайықты өмір сүру деңгейін қам­тамасыз ету үшін тұрақты жұмыс орындарының санын арттыруға ұмтылатын болады. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кадрларды қайта даярлау бағдарламаларын тиімді іске асыруға қол жеткізетін болады. Бұл кадр тапшылығы мәселесін тек өндірісте ғана емес, әлеуметтік салада да шешуге мүмкіндік береді. Дебатқа қатысушылар ауыл тұрғындарының табысын арттыру, коронавирус пандемиясы жағдайында нарықты азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін ерекше өткір көтерді. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларында облыстағы ішкі азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін сақ­тауға бағытталған жоспарлар бан­далды. Инвестицияларды тиімді салу, жаңа озық технологияларды енгізу, өндірісті қазіргі заманғы жаб­дықтармен және жоғары өнім­ді техникамен жарақтандыру есебінен жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешен құру жө­ніндегі жұмыстар талқыланды.
– Партияның сайлауалды бағ­дарламасы – аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның көрсеткіші. Партия білім беру, денсаулық сақтау және әлеу­меттік салалардағы сапалы қыз­мет­терге қол жеткізе отырып, облыс тұр­ғын­дарының өмір сүру жағ­дай­ларын жақсартуға күш салады, – деді партияның облыстық филиа­лының төрағасы Жеңіс Қасымбек.
 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы