Халық «Nur Otan» партиясынан нақты мәселелерді шешуді және жаңа бастамаларды күтуде. Қарағанды облысында 14 қыркүйектен бастап жария пікірсайыстар басталды. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 300-ден аса кандидаттың қатысуымен 45 пікірсайыс өтті. Кандидаттар білім, денсаулық сақтау, спорт, экология және кәсіпкерлікті қолдау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, шалғай ауылдарды интернетпен қамту, жастар мәселесі тағы басқа тақырыптар аясында ойларын ортаға салды. Сонымен қатар кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Кандидаттардың бағдарламалары Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауына негізделген. Пікірсайысқа жалынды жастар да қатысып, «Жастар – Отанға» бағдарламасы аясында өз сайлауалды бағдарламаларында қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты белсенді ұстанымдары мен пікірлерін жеткізді. «Праймериз – 2020» пікірсайысына «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек қатысты. Пікірталас аймақтың негізгі мәселелеріне арналды. Сөз сөйлеу барысында кандидаттар Мемлекет басшысы Жолдауында көрсетілген реформалардың негізгі шешімдерін талқылады. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық перспективалары, халықтың осал топтарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру, білім беру және денсаулық сақтау салаларының проблемалары, бұқаралық спортты дамыту. Праймеризге облыста барлығы 857 үміткер қатысып жатыр. Пікірталас Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Приозерск, Саран, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай аудандарында өтті. Көпшілік алдында тікелей эфирде сөз сайлаушылардың үлкен санын қамтуға мүмкіндік берді әрі тұрғындар тарапынан түскен бірде-бір мәселе мен сұрақ назардан тыс қалмайды дейді партия өкілдері. Кандидаттар пікірталаста Қарағанды облысын дамытудың сайлауалды бағдарламасын басты нысана етіп алды. «Nur Otan» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында облысты дамытудың нақ 7 басым бағытын айқындаған. Ол – экономикалық тұрақты аймақ, жайлы аймақ, әлеуметтік бағдарланған өңір, жастарға арналған өңір, тарихы мен мәдениеті бай аймақ, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз аймақ деп жеті бөлікке бөліп қарастырылған. Бағдарламаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасау. Тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру – «Nur Otan» партиясының бағдары.
– Лайықты жалақы мен жаңа жұмыс орындарын ашу – сайлауалды бағдарламаның басты нысанасы. Қарағанды облысы – индустриялық-өнеркәсіптік өңір, республиканың негізгі экономикалық тірегінің бірі. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі мен шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша республика облыстарының арасында бірінші орын алады. COVID-19 пандемиясы жағдайында әлемдік нарықтың тұрақсыздығына қарамастан, өңір экономиканың өсуін қамтамасыз етуге және қызметкерлердің жаппай босатылуына жол бермеуге қол жеткізді. Келешекте өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда өсімінің қарқынын сақтауға басты назар аударылатын болады. Облысты дамыту бәсекеге қабілетті өнеркәсіп өнімін өндірудің республикалық орталығы, қалалар мен ауылдарда халықтың өмір сүру сапасы жоғары өңір ретінде айқындалды. Бұл жыл сайын кемінде 30 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.COVID-19 жағдайы еңбек нарығына өз түзетулерін енгізіп, жұмыспен қамту саласындағы белсенділік пен халықтың табысын едәуір әлсіретті. Туризм, мәдениет, спорт, қоғамдық тамақтандыру, көлік сияқты салалар ең көп зардап шекті. Бұл ретте, жұмыссыздық көрсеткіштері тұрақты 4,5% және ел бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жастар жұмыссыздығының артуына жол берілген жоқ. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты облыста жыл сайын білікті жұмыс күшіне сұраныс артып келеді. Бүгінгі таңда 4 208 ашық бос жұмыс орны бар. Биыл мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен 30,8 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. «Nur Otan» партиясы әркім өзіне және өз отбасына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін тұрақты жұмыс орындарының санын арттыруға ұмтылатын болады. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кадрларды қайта даярлау бағдарламаларын тиімді іске асыруға қол жеткізетін болады. Бұл кадр тапшылығы мәселесін тек өндірісте ғана емес, әлеуметтік салада да шешуге мүмкіндік береді. Дебатқа қатысушылар ауыл тұрғындарының табысын арттыру, коронавирус пандемиясы жағдайында нарықты азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін ерекше өткір көтерді. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларында облыстағы ішкі азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін сақтауға бағытталған жоспарлар бандалды. Инвестицияларды тиімді салу, жаңа озық технологияларды енгізу, өндірісті қазіргі заманғы жабдықтармен және жоғары өнімді техникамен жарақтандыру есебінен жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешен құру жөніндегі жұмыстар талқыланды.
– Партияның сайлауалды бағдарламасы – аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші. Партия білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы сапалы қызметтерге қол жеткізе отырып, облыс тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсартуға күш салады, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы