Орындалмайтын шешімнің құны бар ма?
Орындалмайтын шешімнің құны бар ма?
247
оқылды

Сот шешімі орындалуы­мен құнды. Үшінші биліктің беделі шығарған шешімнің санына емес, сол шешімнің уақтылы орындалуына байланысты. Бірақ біздегі мемлекет атынан қабылданатын кейбір сот шешімдері ұзақ жыл орындалмай жүре береді. Қуатты деген шешімдердің өзі сөрелерде шаң басып қалады екен. Тіпті шындық іздеп шырылдаған талайлардың ісі Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне дейін жететін жағдайға жеттік. Сот шешімі шыққан соң неше күннің ішінде орындалуы тиіс? Уақтылы орындалма­ған шешімнің «шешімін» кімнен сұраймыз?

Елімізде мемлекеттік сот ор­­ын­­­даушыларынан бөлек 2 мың­ға жуық жеке сот орындаушылары жұмыс істейді. Өкінішке қарай, қаптаған маманы болса да са­ла­ның бұл тұсы әлі ақсап тұр. Құ­қық қорғаушылардың айтуын­ша, жыл сайын шығарылған сот шешімдерінің небәрі 43 пайызы ғана уақтылы орындалады екен. Оның өзі тұрмыстық мәселе­лер­дің төңірегінде ғана жүзеге асады. Көбіне алимент өндіру, коммуналдық төлемдерді қай­тару сияқты мәселелердің ше­шімдері ғана орындалып жатады. Ал миллиардтаған берешегі бар­лардың мұртын балта шаппайды. Олар соттың шешімін орындауға да құлықсыз. Созылған уақыт көбіне осындай қалталыларға қатысты. Заң бойынша сот шешімі екі айдан аспайтын мерзімде орын­далып бітуі тиіс. Ал заңсыз ғи­мараттарды бұзу, борышкердің тәркіленген мүлкін сату секілді шешімдерге 4 ай уақыт беріледі. Бірақ бейресми деректерге сү­йенсек біздегі шешімдердің жар­тысына жуығы уақтылы орын­дал­майды екен. Оған қатысты атқару өндірісі өкілдері атқару құжаттарындағы мекенжай бо­йынша борышкерді таба ал­май­тынын айтып ақталады. «Атқару құжаттарында көрсетілген ме­кенжайларда борышкерлер тұрмайды. Сот орындаушылары адреске шыққанда өзінің орын­дарында тұрмайтын болып шы­ғады. Сол жерге тұрақты тіркел­меген болғасын, сот орындау­шыларға кедергі тигізеді», – дей­ді Әділет департаменті атқару өн­дірісін есепке алу және бақы­лау бөлімінің басшысы Мөлдір Есенқұлова. Расында да, сот шешіміне жүрдім-бардым қарайтындар көп. Бірақ мұндайларға қыл­мыс­тық кодекс бойынша тиісті шара белгіленген. Заңның 430-ба­бында бұл тайға таңба басқандай көрсетілген. Егер атқарушылық құжатта көрсетілген шешімді 6 айдан астам уақыт ішінде орындамаса 800 сағатқа дейін қоғамдық жұ­мысқа тартылады немесе 3 жыл­ға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал өзінің қызмет бабын пайдаланып сот шешіміне қарсы шықса, 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылып не 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығы шектеледі. Ал астаналық сот орын­даушы Дәулетхан Нұрланов бол­са, қаладағы элиталы ауданның мә­селесін жыр қып айтады. Төрт­қабатты коттедждердің құ­ры­лы­сына қатысты шешімдердің орындалмауынан әбден шар­ша­ған. Құрылыс нормативі бо­йынша кейбір жерлерге биік үй салуға рұқсат берілмеуі керек. Ал ол жерге қалталылар даңғарадай етіп зәулім үй тұрғызып алады. Сосын оған сот сәйкесінше ғимаратты бұзу туралы шешім шығарады. Оны қожайынына жүктейді. Бірақ сот отырысынан кейін ол үйдің иелерін ешкім таппай қалады. «Міне, осындай үйлердің шешімін орындай алмай жүреміз. Енді оған себеп көп. Біресе, иесін таппаймыз, біресе оны бұзатын техника болмайды. Жергілікті әкімдікке барамын. Оны тезірек бұзуға иесі де қауқарсыз, жергілікті билік те сондай. Ал енді бұған біз не істей аламыз?» – дейді ол. Ал адвокаттар мен заңгерлер сот шешімінің орындалмауына сот орындаушыларының өзі жауапты деп санайды. «Бұл жерде жемқорлықтың әбден дендегенін көруге болады. Сот орындаушылары орын­дай­мын десе орындаушы еді. Олар­дың өкілеттілігі орасан. Бірақ олар кейде соны өз ыңғайына қа­рай пайдаланады. Мысалы, қа­раңыз, қарапайым халық тұра­тын үйлерді бұзу кезінде олар бар күшін салады. Өрт сөндіру, жедел жәрдем, полиция қызметін түгел жұмылдырады. Тіпті бала-шаға­сы­мен қосып, үйден сүйреп шы­ғуға дейін барады. Өйткені ол жер біреуге керек болды деген сөз», – дейді адвокат Асхат Оразаев. Ал Қазақстанның еңбек сі­ңірген заңгері, қоғам қайраткері Ирак Елекеев мұны сот орын­даушылары мәртебесінің тым төмендігімен байланыстырады. Бұрын Жоғарғы соттың жанында болған қызмет қазір Әділет министрлігінің құрамына өткен. Содан бері сот орындаушы­ла­рының жұмысы да солқылдақ боп кетті деп түсіндіреді. «Мынау Қырғызстанда сот орындаушылар Жоғарғы сотқа бағынады. Өзбекстанда да ар­найы комитет құрылған, Бас прокуратураға бағынады. Бас прокуратураның ықпалы Әділет министрлігіне қарағанда жоғары ғой. Ал Тәжікстанда бұл арнайы Үкіметтің жанынан комитет құ­рылған. Ал бізде Әділет ми­нистр­лігіне бағынады. Сот ше­шімдерінің орындалмауының се­бебі де – осы. Әділет министр­лігі үкіметке қарсы шыға ала ма? Шыға алмайды. Оны түсінетін шығарсыз. Сондықтан зарлап жүрген азаматтардың көбісі соттың шешімін орындай алмай жүргендегі ең үлкен себебі осы үкіметтен өндіру», – дейді ол. Ал орындалған сот шешім­дерінің статистикасын сарап­тасақ, олардың дені комму­нал­дық төлемдерді қайтару, али­мент­ті төлеу тәрізді мәселелер екен Соңғы жылдарда зерттеп қарасақ, қарапайым адамдар не, мүгедектер болса, оларға айып таққан сот шешімдерін тез ­ор­ындауға тырысады. Оларды жа­­уапқа тез шақыруға тырысады. Ал бизнесмендердің, миллион­даған қарызы, салық төлемеген бизнесмендер, мемлекеттік ор­гандардың төлейтін айып­пұл­дары болса, соны өкінішке қарай сот орындаушылары нақты ала алмайды. Не себептен? Біреуіне тісі батады, екіншісіне азуын көрсете алмайды. Бізде қылмыстық,азаматтық, әкімшілік істер бойынша күніне шамамен 13 мыңдай шешім шы­ғарылады екен. Сонда әрбір судья күн сайын орта есеппен 7 шешім шығарады деген сөз. Сондықтан шешімнің сұрауы судьядан болсын дейді тәжіри­белі маман. «Бұрындары біздің кезімізде сот шешімінің орындалуы сол шығарған судьяға жүктелетін. Ең пайдалысы да, ең тиімдісі осы еді. Өйткені ол үкімін шығарарда осыны мен орындай алам ба, орындай алмаймын ба деп ой­ла­нады. Сол кезде бізде сот шешім­дерінің 75 пайызына дейін орын­далып жүрді», – дейді Ирак Елекеев. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып жеке сот орындаушылары институтын қолданысқа енгізгені белгілі. Мұның ерекшелігі, жеке сот орындаушылары мемлекеттік сот орындаушыларымен бірдей деңгейде қызмет атқара алады. Жеке сот орындаушыларының қыз­меті Еуропада жақсы дамы­ған. Мәселен оларда қарыздың әрбір өндірілмеген күні үшін айыппұл төлеу практикасы бар. Сондықтан біздегі заңгерлер соттың атқарушы институт ре­тін­дегі жүйесін әлі де реформалау керегін айтады. Жүйеге өзгеріс енбесе, сот шешімдерінің соңы сөзбұйдаға салынып жүре береді. Ал бұл жағдай сот шешімдеріне ғана емес, оны шығарған судьяға да, сол сотқа қатысып жеңіп шық­қан адвокатқа да, сот орын­дау­шыларына да сенімсіздік туды­ра­ды. Қысқасы, бітпейтін дау­дың басында жүрміз. Бидің бір ауыз сөзіне тоқтаған елдің бүгінгі ұрпағы осылай бірін-бірі сүйреп жүр… Гүлжан РАХМАН

Толығырақ: https://old2.aikyn.kz/2019/04/09/85149.html
Материалды көшіріп басқанда www.aikyn.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.