Велошабандоздар жарыс жолына шығады
Велошабандоздар жарыс жолына шығады
324
оқылды
Италияда жалауы желбірейтін жа­рыс 24 қыркүйекте басталады.  Аталған әлем біріншілігіне тек «элита» санатындағы спортшылар ғана қатыса алады. Жылдың ең маңызды додасына Қазақстан құрамасы сапынан 6 ве­лошабандоз жарыс жолына шығады. Олар: Алексей Луценко, Жандос Бижігітов, Дмитрий Груздев, Даниил Фоминых, Юрий Натаров және Вадим Пронский. Айта кетейік, өткен маусымда қа­зақстандық велошабандоздардың сәт­ті өнер көрсетуі ұлттық құрамаға әлем чемпионатына толық құраммен қатысуына мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ Дмитрий Груздев пен Даниил Фоминых жекелей сынға түсуге өтінім беріп отыр. Ал топтық кезеңде қазақстандық спортшылар жарысты толық құраммен бастайды. Бұл жарыс барысында жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді. Велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Асан Базаев тасжолдың қиын әрі таулы екенін айтты. – Жарыс 9 айналымнан тұрады. Әр айналымда тауларға екінші са­наттағы 6-7 шақырым, ұзындығы 2,7-2,8 шақырым, орта есеппен 6 пайыз кө­терілу болады. Таулы жерлер қиын емес. Әдетте мұндай жолда қиындықтар 200 км қашықтықта басталады. Негізінде, бұл жарыс жолы Алексей Луценко үшін өте ыңғайлы болмақ. Ол осы әлем чем­пионатында команданың капитаны бо­лады. Біздің командамыздағы 6 адам Ал­ексейдің мәреге жақсы формада сәт­ті жетуіне жағдай жасайды. Алексей өзін «Тур де Франста» жақсы қырынан көр­сетіп, бабында екенін дәлелдеді, – дейді бас бапкер.  Қазақстан құрамасы әлем бірін­шілігіне «элиталар» санатында толық құ­раммен соңғы рет осыдан 11 жыл бұ­рын Швейцарияда қатысқан еді.  Биылғы дүниежүзілік чемпионат бастапқыда Швейцарияда өтеді деп жоспарланған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты жылдың басты додасы Италияға ауыстырылды. Жарыс 27 қыркүйекке дейін жалғасады.  

Абылайхан ЖҰМАШ