«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» 2019 жылдың 1-30 қыркүйек аралығында 9,3 млрд теңге түсті. Бұл туралы қордың Жұртшылықпен байланыс департаменті хабарлады.
Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 30 қыркүйегі аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 214,4 млрд теңгені құрады.
Оның 205,5 млрд теңгесі (шамамен 95,9%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,9 млрд теңге (4,1% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
«Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген»,– делінген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жұртшылықпен байланыс департаменті таратқан ақпаратта.