Парламенттің Жоғарғы палатасы бюджеттің тиімсіз орындалғаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің отырысын өткізді.
Жиында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бюджет процесін реформалау жөніндегі жол картасын таныстырды. Министр көтерген мәселелердің бірі – мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы.
– Біз 2011-2018 жылдары жүзеге асырылған 10 мембағдарламаға талдау жүргіздік. Олар аясында жалпы алғанда шамамен 9 триллион теңге игерілген. Соның ішінде 608 миллиард теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Өйткені олар нәтижесінде кіріс көбеймеген, жұмыс орындары ашылмаған және тағы басқа көрсеткіштер іске аспаған. Сол себепті мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені үшін жауапкершілік белгілеу қажет. Ал мембағдарламаларды іске асыру туралы есептерді төленген салықтар, табыстар, жаңа жұмыс орындары, өнім шығару көлемі және тағы басқа көрсеткіштермен толықтыру қажет, – деді ол.
Бас экономист мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы қаулыға бағдарламалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін бағалауға, алдыңғы бағдарламаларды іске асыру нәтижелері бойынша қорытындылар әзірлеуге, сондай-ақ бағдарламаларға жоспардан тыс бағалау жүргізуге қатысты түзетулер енгізуді ұсынды. Мұның сыртында мемлекеттік қолдау алатын жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар үшін сайма-сай міндеттемелер енгізу көзделіп отыр.
Сенат басшысы Дариға Назарбаева бағдарламалар қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажетін құптады.
– Бізде көбінесе бір адам тұтас саланы басқарады, мемлекеттік бағдарламаны әзірлейді, ал біраз уақыттан кейін оның бәрі тиімсіз болғанын, басымдықтар қате таңдалғанын, мемлекеттік қазынаға залал келгенін көреміз. Бірақ ешкімнен сұрай алмайсың, себебі мамандар ауысып, орнына басқа адамдар келген болып шығады. Жауапты адам да жоқ, қожайын да жоқ. Біздің тәжірибемізде қаншама рет сондай жағдай қайталанды. Сондықтан ұсынысымыз бар: жұмыс орнын ауыстырғанына қарамастан, бұрынғы қызметі үшін жауапкершілік арқалауға тиіс! – деп нықтады Д.Назарбаева.
Бұған қоса, бюджетті тиімсіз пайдаланғаны үшін әкімшілік айыппұл салу қарастырылуда. Депутаттардың байламынша, оның мөлшері формальды болмауы және келтірілген зиянға шамалас есептелуі тиіс.
Қазіргі кезде Сенат Есеп комитетімен бірлесіп, осы айыппұл түрін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізу мәселесін пысықтауда.