Қостанай облысында ұлтаралық араздықты қоздырған Рудный тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желі арқылы тараған видео тексеріліп жатыр. Рудный тұрғыны украиналық блогермен болған әңгіме барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін, жерін қорлап, қазақ халқының ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Кейінірек әлеуметтік желіде оның аты-жөні мен мекенжайы туралы мәлімет тарап кетті.
«Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер YouTube арнасынан аталмыш видеоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. Қазір күдіктінің тұлғасы анықталып, тергеу шаралары басталды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп мәлімдеді Қостанай облысының полиция департаменті.
Айта кетейік, күдікті көп ұзамай видео арқылы кешірім сұрады.