Бас директор Эдвин Блом бастаған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясының делегациясы осы аптада Татарстан астанасы Қазан қаласына барып қайтты.
Сапар Татарстанның мұнай-газ өнеркәсібі үшін құрал-жабдық өндірісіндегі импортты алмастыруды дамыту тәжірибесімен танысу мақсатында өзара ықпалдасу мен әріптестікті дамыту аясында Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және PSA ЖШС уәкілетті органымен бірлікте ұйымдастырылды.
Ресми сапар кезінде Татарстанның Өнеркәсіп және сауда министрлігі мен Инвестициялық даму агенттігінің жоғары лауазымды өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кездесу өтті.
Бұдан басқа, «Татнефть» КАҚ, «ТАНЕКО» АҚ және «Татнефтехиминвестхолдинг» ААҚ және басқа да ірі кәсіпорындар өкілдерімен бірқатар кездесу өткізілді.
ҚПО бас директоры Эдвин Блом кездесу қатысушыларына арнап сөйлеген сөзінде ҚПО қызметі, Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібіндегі компания рөлі, Қарашығанақ кен орнының болашақта кеңейту жобалары, жергілікті қамтуды дамыту және басқа да компанияның бағдарламалары мен жобалары туралы айтып өтті.
Эдвин Блом сондай-ақ ҚПО қазақстандық тауар жеткізушілер, қызмет көрсетушілерді дамытуға белсенді түрде жағдай жасап, өзара бірігу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, шетелдік және жергілікті тауар өндірушілердің ықпалдасуына септігін тигізетін бірқатар жобаларды, сонымен қатар Қазақстанның индустриалдық секторына озық технологияларды беруді іске асырып жатқанын атап өтті.
Сапар аясында, ҚПО делегациясы тәжірибе алмасу үшін экономикалық аймақ пен мұнай-газ өнеркәсібіне арналған құрал-жабдық шығаратын кәсіпорындардың өндірістік-техникалық әлеуетін дамыту тәжірибесімен танысу мақсатында «Алабуга» айрықша экономикалық аймағында орналасқан Татарстан Республикасының кейбір ірі кәсіпорындары мен зауыттарын аралап шықты.
Эдвин Блом делегация атынан Татарстанның Өнеркәсіп және сауда министрлігі мен Инвестициялық даму агенттігінің басшылығына жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтып, жергілікті, жалпы, республика бойынша өндірушілерді дамытуда ары қарай да табысты болуына тілек білдірді.
Серік ӘЛІМЖАН