Мия сиреп, ұядан құстар безді...
Мия сиреп, ұядан құстар безді...
589
оқылды

Қызыл мия тамырының талапайға түсіп жатқанына бір­неше жыл болды. Егер Қы­тай әлемдік фармацевти­ка саласында үлкен төңкеріс жасап жатқан болса, оған өзіміздің Қызылордадан шығатын миямыздың үлесі бар. Қасіреті сол, емдік қа­сие­ті мол қызыл мияның қасиетті тамыры «шетелдік инвес­торлардың» оңай олжа­­сына айналып отыр. Арзан табысты көздегендер бұл іске атсалысуын қояр емес. Ал біз әлі күнге дейін дәрі­лік өсімдігімізді үлкен өнді­ріс саласына айналдыра алмай отырмыз...

Қурай да, қызыл мия да – бір

Қасиеті жағынан қызыл мия артық болғанымен, құны жа­ғы­нан осылай боп отыр. Жа­байы бизнес жолына түскен­дер қасиетті шөптің тамырын түбірімен қопарып, экспортқа жіберіп жатыр. Мұның ең басты себебі – мия Қызыл кітапқа енбе­ген. Оны қалай болса солай пайдаланып жүргендердің жү­ген­сіз кетуі сондықтан. Оның тамы­рынан пайда іздегендер 15-20 тоннасын екі-үш күнде шетел асырып жатыр. Қытайдың дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дә­рі­-дәр­мек жасалмайды. Олар – мияны өндірісте те пай­да­­ланады. Ең өкініштісі, құзырлы мекемелер заңсыз саудалайтындарға тосқа­уыл бола алмай тұр. АШМ Ор­ман шаруашылығы және жан­­уарлар әлемі комитетінің бас­пасөз хатшысы Сәкен Діл­дах­меттің айтуынша, Қызыл кі­­тапқа енбесе де, қызыл мия­ны жұлу – заңға қайшы. Өйт­ке­ні ол дәрілік өсімдіктер қа­та­­рында. «Егер оның орман би­ле­ті болмай, заңсыз терсе, әкім­­шілік құқықтық жазаға тар­­тылады. Арнайы айыппұл салы­на­ды. Дәрілік шөпті шетелге экспорттауға болады. Ол үшін дәрілік шөпті даярлауға негіз­дел­ген рұқсатнама қағазы және экспертизалық талдамадан өткен биологиялық негіздемесі болу керек» дейді.

Қайткен күнде де бағалы өсім­д­ікті Қызыл кітапқа енгіз­бей, тамыры тереңге жайылған кә­сіп­ке балта шабу мүмкін бол­май отыр.

 

Бағалы өсімдікті өңдейтін отандық зауыттар неге аз?

Қызыл мияның ерекшелігі сол – шығынды қажет етпейді. Ыс­тық пен суыққа төзімді. Бір ексе, ондаған жыл бойы шы­ға бе­реді. Оның тамырын кос­ме­тикадан бастап, консерві жасауға, шырын шығаруға, қант өндірісіне қолданады. Дәрі-дәр­мек жасау онсыз жүр­гізілмейді. Ең өкініштісі, табиғи байлығымызды тиім­ді пайдаланып жатқан фарма­цев­ти­калық кәсіпорындар өте аз. Ақтөбеде орналасқан өн­­діріс ошағы қызыл мия тамы­рының сығындысын алып, жө­тел­ге қарсы шәрбаттың екі тү­рін дайындайды. Кәсіпорын жы­­лына миллион дана дәрілік өнім шығарып, еліміздің түк­пір-түкпіріне таратады. Ал қы­­­зыл мияны өңдейтін еліміз бо­йынша отандық екі зауыт қа­на бар. Орал қаласындағы өн­діріс орны жылына 3 мың тон­на мия тамырын өңдей алады. Алайда зауыттың жұмысы ши­­кізат тапшы­лығынан алға жылжымай тұр. Осыған қарап, өзгеге кетіп жат­қан өсімдік өзі­­­мізге бұйырмай тұр деуге бола­­ды. Қызылорда облы­­сында озық технологиямен жаб­дық­талған қазақ-қытай бір­лес­кен кәсіпорны тамырдан таршылық көріп отырған жоқ. Бүгінде бұл аймақтың 10 мың гектар алқа­бына мия егілген.

 

Шипалы шөппен емдейтін орталықтар керек

Қазақ – әу бастан дәстүрлі ем­нің ебін білген, шипалы шөп­пен дертке дауа тапқан халық. Қазір осындай орталықтар жоқ­тың қасы. Ата-бабаларымыз кезін­де осы қызыл мия тамырын да халық медицинасында ұтым­ды қолданыпты. Ең алдымен, күй­зеліс пен ұмытшақтықтан ары­лу үшін және қалқанша без ау­руларын емдеген. Осыған қа­рап-ақ мына қоғамда жүйке­ле­ген жұрттың жан жарасын жазуға таптырмас өсімдік екенін айтуға болады. Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас дирек­то­ры Сүлеймен Аралбай – ха­лық медицинасының санаулы жал­ғастырушыларының бірі. Ол басы ауырып, балтыры сыз­да­ғандарға осы тамырды ұсынып, көмектескен. «Бұл шөптің көк бауыр, бауыр, асқазанның қуа­тын арттыратын емдік қасиеті бар. Тыныс жолдары, өкпеге пай­далы. Жөтелге қарсы қайна­тып ішуге болады. Қит етсе Қытай, Тибет медицинасына жүгі­реміз. Ал өзіміздің қазақ медицинасы әлдеқайда тиімді. Расымен де, ұшы-қиыры жоқ даламызда өсіп жатқан табиғи байлығымызды игерудің жолы бір ізге қойылмаған. Сондықтан оған сеніп, еміне шипа деп қол­да­натындардың қарасы аз» дейді ол.

 


Ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры

Шынтуайтында, мия тамы­ры­нан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады. Бұл өсім­дікті тамақ өнеркәсібінде, кос­метологияда қолданбайтын ел­­дер кемде- кем. Тіпті, мия та­­мырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуа­­тын күшейтуге, тоқыма өнер­кә­сібінде де қолданады екен. Германияда мия тамыры­нан жақпа майлардың 20-30 па­йы­зы жасалса, Тибетте мия та­мы­рын «ұзақ өмір сүрудің си­қы­рлы тамыры» деп атайды. Онда жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды ж­а­сар­татын қасиеті 3000 жыл бұ­рын дәлелденген. Бұл елдің дәс­түрлі медицинасында мия тамы­рынсыз бірде-бір дәрі жа­сал­майды. Тамақ дәмдеуіш қос­­паларға да мия тамыры қо­­сы­лады. Тәттілігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге ар­тық. Қа­зір газдалған тәтті су­сын­дар­дың денсаулығымызға зиян еке­нін жиі айтамыз. Алайда бұл су­сындардың құрамына қант қос­пай-ақ, мия тамыры арқылы ем­дік қасиетін күшейтуге бола­ды.

Сондықтан Финляндия, Нор­вегия, Дания, АҚШ мемле­кет­тері түрлі тәтті шоколадқа осы өсімдікті пайдаланады. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген.


Сөз соңы

Осыдан 40 жыл бұрын еліміз­де 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызыл мия өссе, 90-жылдары оның көлемі 70 мың тоннаға дейiн азайған.

Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау оңайға соқпай тұр.

Мия тамырынан пайда та­уып отырғандар, оның айна­ла­­сында еліміздің Қызыл кіта­бы­на енгізілген, жойылып кету қаупі бар өзге де өсімдіктер өсе­ті­нін біле бермейді. Сондық­тан қасиетті жерлеріміз бен қа­­дірлі өсімдіктерімізді кө­зі­­­міз­дің қарашығындай қор­ғай­тын, табиғи байлықты ұтымды игерудің кешенді бағдар­ла­ма­сын құру керек. Егін шаруа­шы­лығының мамандары осы арқылы ел экономикасына мил­лиард­таған табыс әкелуге әбден болады деп отыр.

Онда неге оған мемлекеттік тосқауыл қоймасқа?!

***

Қасиетті өсімдіктің қадірін білмей, қолда бардан қағылып отырған тұста Қадыр ақынның өлеңі көмейге құйылып түсті:

Біздің сайда болатын мия қалың.

Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.

Мия сиреп, ұядан құстар безіп,

Біреу үшін енді мен ұяламын...

Қызыл мияға қырғидай ти­ген­дердің ашкөздігі үшін ұялсақ па екен?

Қадірі артық құндылығы­мызды заңмен қорғай алмағаны­мыз үшін бе?...