Біртанов: Видеоүндеу жолдаған наразы студенттерді бетпе-бет сөйлесуге шақырамын
Біртанов: Видеоүндеу жолдаған наразы студенттерді бетпе-бет сөйлесуге шақырамын
266
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің отставкаға кетуін талап еткен медициналық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесетінін айтты.

Zakon.kz-тің жазуынша, әлеуметтік желіде министрдің отставкаға кетуін талап еткен  медициналық жоғары оқу орындарының бірнеше студентінің видео-үндеуі жарияланған болатын. Олар өздерін денсаулық сақтау министрінің ауызша бұйрығымен университет резиденттіктен шығарғалы жатқанын айтып, шағымданады.

Бұл жағдайға қатысты министрдің айтар уәжі бар.

– Бұл арада әріптестерім тарапынан бір түсінбеушілік болғанын баса айта кеткім келеді. Осыдан жеті жыл бұрын барлық гранттар мен ауылдық квота иегерлерін үш жылға жұмыс істеуге міндеттейтін заң қабылданған. Бірақ соның ішінде мемлекет тарапынан сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік грантқа түсетіндерге жеңілдік болатын, алайда бұл міндет сақталады, тек оны бұл арада кейінге шегеруге болады, — деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ ол мемлекет отбасылық себептерге немесе жүктілігіне байланысты да грант немесе квота иегері міндетін өтеуде уақытты кейінге шегеруге мүмкіндік барын айтты. Екінші жолы Білім және ғылым министрлігі арқылы мемлекет шығынының орнын толтырып, бұл міндеттен құтылуға болады.

«Өкінішке қарай, осындай талап пен ақпараттың барына қарамастан, бірқатар жекеменшік медициналық оқу орындары заңбұзушылыққа барып, жас интерндерді оқуға қабылдаған. Ендігі жағдайда балалар мемлекет алдындағы шығынды өтеуі керек немесе оқудан шығып, мемлекет жіберген орында жұмыс істеуі тиіс. Бұл, әрине көңілге қона қоймайтын шара, бірақ бүгінде біз кадр жетіспеушілігіне ұшырап отырғандықтан оған еріксіз барып отырмыз. Біз ешкімді мүмкіндігінен айырып жатырмыз деп ойламаймыз. Бұл — нормативтік актілерге негізделген құзыретті жүйе», — деді министр.

Министрдің айтуынша, алдын ала ақпарат бойынша 44 студент резидентураның ақылы бөліміне түскен, олардың әрқайсысына қатысты министрлік арнайы шешім қабылдайды. — Біздің тараптан ешқандай заң бұзушылық жоқ, бірақ қандай да бір себептермен мемлекет мүддесіне нұқсан келсе, көп адамдар көбіне өз мүдделерін күйттеп кетеді. Әркімнің жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан видеоүндеу жолдағандарды бетпе-бет сөйлесуге шақырамын. Келесі аптада мен Алматыда Асфендияров университетінде боламын. Әрқайсысының жағдайын тыңдап, шара қолдануға дайынмын. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлері мен медицина кадрлары арасында ауызбіршілік қажет. Бір-бірімізбен ашық сөйлесіп, ойымызды ашық айтайық. Мұндай жағдайда сонда қолайлы шешім табамыз деп ойлаймын, — дейді Елжан Біртанов.