Өтініштер ескерусіз қалмады
Өтініштер ескерусіз қалмады
5,218
оқылды
Алматы қаласындағы «Nur Otan» пар­тиясының Жетісу аудандық филиалына Жетісу ауданының тұрғындары Көкмайса шағынауданын абаттандыруға жәрдемдесу туралы өтініш білдірді. Бұл өтініш пар­тия­ның Жетісу филиалының төрағасы, аудан әкімі М.Қиқымовқа жеткізілді. «Бюджетке қатысу» жобасы шең­берін­де Көкмайса ықшамауданындағы сая­бақ­ты жөн­деу жұмыстары 20 күнде аяқталды. Жа­рықтандыруға арналған 57 тірек, 70 шам, 66 орындық, 59 қоқыс жәшігі, ба­лалар ойын кешені, Workout  және жаттығу алаңы орнатылды. Велосипед жолы тиісті таңбамен жабдықталды. Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы «Nur Otan» партиясы Октябрь аудандық фи­лиалының қоғамдық қабылдау бөл­ме­сіне де бірнеше азамат келіп, партия­лық­тардың көмегіне жүгінді. Соның бірі өрт бол­ған пәтерді жөндеу үшін құрылыс ма­те­риалдары бойынша көмек көрсетуді сұ­рады. Аталған азаматшаға «Сапсан» ЖШС директоры Б.Алтынбеков және пар­­тиялық бақылау комиссиясының мү­шесі, «Қарағанды Су қоймалары» ЖШС ди­ректоры М.Махатчина жәрдемдесіп, мә­селесінің оң шешілуіне септігін тигізді. Атап айтқанда, #Bizbirgemiz рес­пуб­ликалық акциясы аясында өтініш берушіге қажетті құрылыс материалдары (цемент, гипс, эмульсия, бояулар), сондай-ақ бірін­ші кезекте қажетті азық-түлік пен киім-кешек жеткізілді. Өз кезегінде О. есімді аза­матша қиын жағдайға тап болған кезде көр­сеткен көмегі мен қолдауы үшін пар­тиялықтарға алғысын білдірді. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің көме­гіне жүгінген мүмкіндігі шектеулі баласы бар көпбалалы ана «Nur Otan» партиясы құрған «Төтенше жағдайлар қызметі – 111» нөміріне хабарласты. 4 жастағы ба­ла­сы жақында облыстық жұқпалы ау­рулар ау­руханасынан шыққанын айтқан көп­ба­лалы ана ем-домға қажетті дәрі-дәрмекті ала алмай отырғанын айтты. Оның ша­ғы­мы облыстық Денсаулық сақтау бас­қар­ма­сына жіберіліп, кейін тиісті тапсырма же­дел түрде аудандық ауруханаға бағыт­тал­ды. «Төтенше жағдайлар қызметі – 111» тап­сырмасы бойынша ауылға дәрігерлер тобы жіберіліп, балаға укол салынып, қа­жетті ем-дом жасалынды.  

Әбілмансұр ЖАСАН