Жетісулықтардың тың ұсыныстары бар
Жетісулықтардың тың ұсыныстары бар
264
оқылды
Үміткерлердің үкілеген үмітін тың­да­ғандар қатарында болған облыс әкімі Амандық Баталов кейбір мәселелерге сын айтып, саяси додада бақ сынауды көз­деген жандардың бағытына қатыс­ты ұсыныстарын білдірді. Қатысқандардың бірі облыстық Jetisy газетінің тілшісі Қажет Андас елі­міздегі басты мәселе – эко­ло­гия ба­ғытындағы жұмыстарға көп­шілік қол­дау көрсетіп, экологиялық мә­де­ниетті қалыптастыру жетіспей отыр­ғанын тілге тиек етті. І.Жансүгіров атын­­­дағы Жетісу мемлекеттік уни­вер­си­тетіндегі гуманитарлық факультеттің де­каны Амангелді Төлемісов облыс орталығында қысқы спорт ойындарын дамыту керегін алға тартты. Одан кейін сөз алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми зерттеулер кеңесінің төрағасы Да­мир Дигай мен университет пси­хо­ло­гі Әсем Қалибек жастар мәселесінде кем­­шін түсіп жатқан тұстарға тоқталды. Атап айтқанда, жастарды баспанамен қам­тамасыз ету, жұмыспен қамту, сыртқа кеткен жастардың Жетісу же­рі­­не қайта оралуына мүмкіндік жасау сынды мәселелер айтылса, блогер Дана Ос­пан Талдықорған қаласында мүгедек бал­аларға көрсетіліп жатқан қолдау­­­дың аздығын мәселе ретінде кө­тер­ді. Ал Ушинский атындағы №7 орта мек­тептің директоры мұғалімдер қауы­мын толғандыратын мәселелерді көл­де­нең тартты. Оның айтуынша, қала­да­ғы мектептерде орыс тілі пәнінің оқы­­­ту­шысы жетіспейді. Үміткерлерді мұқият тыңдаған об­лыс әкімі Амандық Баталов саяси дода соңын­да бірқатар ескерту айтып, дұрыс ба­ғыттағы жұмыстарға қолдау білдіре­тінін жеткізді.
– Көптеген мәселе көтердіңіздер. Бі­рақ облыс орталығы Талдықорған қа­ласында атқарылып жатқан ауқымды жұ­мыстардан әлі де хабардар емес екен­деріңіз білініп қалды. Мысалы, көпбалалы ана­ларға уақытша баспана беру қажет деп есептейсіздер. Қалай сонда? Кеңес Одағы кезінде болғаны рас, қазір ондай жоқ. Оны қалай ше­ше­міз? Көтерілген мә­селенің шешімін тауып беру сіз­дер­дің еншілеріңізде. Сон­дықтан өзекті та­қырыпты көтер­ген­нен кейін оны реттеудің жолдарын ойластырған жөн. Сіздерді естіген кей­бір кісілер қа­лалық не облыстық әкім­діктің алдына келіп: «Уақытша тұра­тын пәтер тауып беріңіздер!» – деп та­лап етсе қайтеміз? Сөй­тіп, бір проб­ле­мадан тағы бір мә­селені туындатып ала­мыз. Көтерер мә­селелеріңізді әбден ой­ланып, тол­ғанып, пысықтап барып, ұсынғандарыңыз дұ­рыс, – деді облыс әкі­мі. Сонымен қат­ар әкім өзіне бірқа­тар пікір мен ұсы­ныстардың ұнағанын да атап өтті. – Маған экологияға, тұрмыстық қал­дықтарды үйде іріктеуге, қоқысты жи­науға қатысты айтылған ойлар ұна­ды. Швейцарияға барғанымда осы мә­селенің мәнісін сұрап білгенім бар еді. Сонда тұрмыстық қалдықты ірік­теу­дің, шығарудың нақты тәртібі бекі­тіл­гені анықталды. Сол үшін халықтың са­насына қоқысты реттеп тастаудың мә­дениетін сіңіруіміз қажет. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар қолға алынып жа­тыр. Ал­дағы уақытта нәтижесін көреміз, – де­ді Амандық Баталов. Әрі праймеризге қатысушылардың «Nur Otan» пар­тия­сының негізгі бағыттарына на­зар ау­даруы керегін ескертті. – Партия ең алдымен халықтың қа­мын ойлайтынын назарда ұстап, прай­мериз арқылы қоғам белсен­ділері­нің ұсыныс-тілектерін тыңдауды қолға алуы мемлекет мүддесі үшін екені ұмы­тыл­мауы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын­да айтылған негізгі бағыттар еліміздің өр­кендеуі үшін қызмет етеді. Сондық­тан сіздер осы жолға түсіп, өз бақ­тарыңыз­ды праймериз арқылы сынап көруге бет алғанда ниет түзу, жүрек та­за, көңіл шынайы болуы керегін ес­тен шығармаңыздар! Баршаңызға та­быс тілей отырып, істеріңіз берекелі бол­сын дегім келеді, – деді облыс бас­­шы­сы өзінің сөзінде.
 

Болат АБАҒАН, Алматы облысы