3 қазан Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кеңес өткізіп, онда жолдарды жөндеу және салу қарқыны қаралды деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қалалық мобильділік басқарманың мәліметі бойынша, биылғы жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда төрт есе көп жол салынады. Жаңа Алматыда алғаш рет жаңа жолдардың басым бөлігі пайда болады. Алатау ауданының 13 ықшамаудандарында және Түрксіб ауданының бір ықшамауданында 469 көшеге ұзындығы 121 км жол салынады. Мұнда 143,5 мыңнан астам тұрғын тұрады.
Бұл жолдар Саялы, Алғабас-АЗТМ, Ақбұлақ, Ұлжан-2, Қарасу, Көкқайнар, Әйгерім-1, Әйгерім-2, Шаңырақ-1, Ұлжан-1, Трудовик, Дархан-Байбесік, Шаңырақ-2 және Жас Қанат ықшамдарына тиесілі.
Нәтижесінде биылғы жылы Алматы жолдарының ұзындығы 4%-ға артады.
Бұлардан өзге, 149 көшеде ұзындығы 139 км болатын жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар, Сүйінбай даңғылын Шолохов көшесінен Б. Хмельницкий көшесіне дейін реконструкциялау аяқталды. Мұнда Шолохов көшесінен солға қарай бұрылып кіретін 1,1 км жол салынды.
Жолдың қозғалыс бөлігіне асфальт төселіп, солға қарай бұрылыс, тротуарлар, арықтар жөнделді, жарық орнатылды, инженерлік желілер ауыстырылды және көгалдандырылды. Жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.