Германиядан келген инвестор Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылшаруашылық техникасын өндіруге 9 миллион доллар инвестиция салады. Бұл туралы облыстық әкімдіктен хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, бұл CLAAS комбайн-трактор құрастыру зауыты болады. Мемлекеттік мекеме қазіргі уақытта өнеркәсіптік жинақтау туралы келісім жобасына талдау жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Сәтті іске асқан жағдайда, инвестордың жоспарланған инвестиция көлемі 9 миллион долларды немесе 3,4 миллиард теңгені құрайды»,– делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен бірге, зауыт жобалық қуаттына жеткенде жылына 300 бірлікке дейін техника шығарылады. Кәсіпорында 80 жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, CLAAS – немістің ауылшаруашылық техникаларын шығаратын компаниясы. 1913 жылы құрылған компанияның 14 зауыты Еуропада, Азияда және Америкада жұмыс істеп тұр, онда 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді.