Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша III Орта Азиялық Халықаралық форумы» басталды.
Форумға 20 мемлекеттен келген 400-ге жуық делегаттар қатысуда. Бұл жиында ЖОО орындарының білім сапасын көтеру, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау мəселелері талқыланып, шешімдер қабылданатын болады.
Әлемдік деңгейдегі ғалымдар бас қосқан маңызды шараны Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Форум жұмысына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері,жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық еуропалық желілерінің, шетелдік аккредиттеу органдарының, шетелдік білім беру ұйымдарының (Бельгия, Венгрия, Германия, Нидерланды, Ресей, Болгария,Чехия, Түркия, Латвия, Молдова), қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, студенттер мен жұмыс берушілер қатысуда.
Форумның негізгі мақсаты – үздік тәжірибемен алмасу және талқылау үшін халықаралық диалог алаңын құру, сапаны қамтамасыз ету жүйесін дамыту және халықаралық аккредиттеу рөлін арттыру, ЖОО-ның академиялық еркіндігін және басқарушылық дербестігін кеңейту, сапа мәдениетін ілгерілетуге және кәсіби қоғамдастықты қалыптастыруға ықпал ететін халықаралық желілермен және шетелдік агенттіктермен ынтымақтастықты дамыту. Сондай-ақ, білім берудің интернационализациясы және білім беру сапасын арттыру, оқу бағдарламалары мен білім алушыларды халықаралық стандарттар бойынша даярлау траекториялары да айтылды.
Форум модераторы «Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі» КЕМ (комерциялық емес мекеме) директоры Алина Бақытжанқызы Жұмағұлова шараға жиналған ғалымдар мен қонақтарды таныстырып, баяндамашыларға сөз кезегін беріп отырды.
Алғы сөзді алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов Түркістан қаласының облыс орталығы болуымен құттықтай келе, ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның құттықтау хатын оқып берді. Ұлағатты ұстаздардың төл мерекесімен тұспа-түс келген шараға жиналған барлық қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Жас облыс орталығында орын тепкен халықаралық университеттің тарихына тоқталып, келешегінің кемел боларына сенім білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Қожа Ахмет Ясауи ХҚТУ-нің ректоры Болатбек Әбдірасылов форумның ашылуымен құттықтап, форумның маңыздылығына тоқталды.
«Халықаралық деңгейде өтіп жатқан форумның Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанған Түркістандағы біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де өтіп жатқанына қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, дамушы мемлекеттерде білім сапасына, оның ішінде жоғарғы оқу орындарының жұмысына байланысты көптеген пікірлер қалыптасуда. Әр мемлекет өз жерінде жоғарғы деңгейде ғылым мен білімнің дамуына жол ашарлықтай жұмыстар атқаруда. Бүгінгі форумның мақсаты да сол, әлемдік тәжірибиелерді ортаға салу. Білім туралы заң бойынша еңгізілген бағалау жобасы арқылы білім сапасының дамуына жол ашатын бағыттада сөз болады. Еліміздің білім сапасын жоғарылату бағытында біз де бар күшімізді салып, білікті, тәжірибелі, талапты мамандарды шығарудан аянбаймыз»,-деп өз ойын білдірді.
Алғашы таныстыру отырысында Қазақстан, Тəжікстан, Қырғызстан сынды республикалардың Білім саласы министрлерінің орынбасарлары сөз алды. Форумның ашылу салтанатынан кейін панельдік сессияларға (параллельді) жалғасты.1-ші панелдік сессия: «Білім беру сапасын қамтамасыз етудің халықаралық тəжірибесі», 2-ші панелдік сессия: «Білім сапасын арттыру жəне ғылымды коммерцияландыру:цифрлық трансформацияның тенденциялары мен үдерістері», 3-ші панелдік сессия: «Студентке бағытталған білім беру жəне сапаны бағалау», 4-ші панелдік сессия: APTA/IAAR – Медициналық білім беру сапасын бағалау» тақырыбында өтті. Ары қарай дөңгелек стол басында білім беруді интернацияландыру жəне академиялық еркіндік жағдайындағы ЖОО-ды стратегиялық басқару жөніндегі əңгімеге ұласты.