Азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді шешу мақсатында Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау кеңсесінде азаматтарды қабылдау жалғасуда. Бұл жолы тұрғындармен тікелей жүздесу үшін партия алаңына Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келді.
Алматылық Айдос Бердібаев Америкаға «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен. Бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін болашақ авиация инженері мұхит асып магистратурада оқымаққа ниетті. Тілдік курсты жақсы тәмамдап, елге оралған ол, оқуын жалғастыру үшін Америкаға бара алмай отыр. Бірнеше рет өтініш жасағанымен АҚШ елшілігі виза беруден бас тартқан.
– Елшілік менің жеке мәліметтерім бойынша біреудің виза алып қойғанын айтып отыр. Олардың айтуынша, мен енді сотта өзімнің кінәсіздігімді, виза алмағанымды дәлелдеуім қажет. Ал егер «Болашақ» бойынша келісімшарт талаптарын бұзатын болсам, кепілге қойылған әкемнің баспанасын алып қоюы мүмкін, – дейді А.Бердібаев.
Министр Мұхтар Тілеуберді алматылық тұрғынның мәселесін шешу үшін америкалық тараппен кеңесу керек екенін айтты. Ол Айдосқа АҚШ визасын алу үшін тағы да құжаттарын тапсыруға, тек бұл жолы елшілікке СІМ-нің өкілімен бірге баруға кеңес берді.
– Дүйсенбіде Консулдық қызмет департаментінің қызметкерімен бірге келіссөздер жүргізу үшін АҚШ-тың бас консулдығына барасыздар. Сізге виза берілуі үшін Сыртқы істер министрлігі елшілікке ресми хат жолдайды, – деді министр.
Алматылық тағы бір тұрғын Азиза Якубова бір шаңырақ астында өмір сүру үшін күйеуіне 5 жылдан бері Қазақстанда тұрақты тұру құқын ала алмай жүргенін айтты. Азизаның күйеуі Ливан азаматы екен. Заң талабы бойынша виза мерзімін ұзарту үшін ливандық азамат Алматы мен Бейрут арасын жол қылуға мәжбүр. Бірнеше рет құжат тапсырғанымен, көші-қон полициясы А.Якубованың күйеуіне Қазақстанда тұрақты тұру құқын беруден бас тартқан.
– Күйеуім ешқандай заң бұзған емес. Құжаттарының барлығы түгел. Тапқан ақшамызды екі ел арасындағы ұшаққа билет алу үшін жұмсаймыз. Өзім бала күтімімен үйде отырмын, отбасымызды асырайтын адам жоқ, – дейді алматылық тұрғын.
Осы орайда, ведомство басшысы Сыртқы істер министрлігі тарапынан Азиза Якубованың күйеуі отбасымен қауышуы үшін оған виза рәсімдеу кезінде кедергілер болмауын қамтамасыз ете алатынын айтты. Сондай-ақ министр Қазақстанда тұрақты тұру құқын беру СІМ-нің құзырына жатпайтынын, дегенмен, оның өтінішін ІІМ-не жолдайтынын жеткізді.