Шымкент қаласындағы «Мәртөбе» жалпы орта мектебінде мұғалімдер күніне орай мерекелік шара болып өтті.
Салтанатты жиынға Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов арнайы келіп, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Балаларымызды білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп отырған ұстаздардың орны ерекше. Мұғалім мамандығын таңдау үлкен жауапкершілік жүктейді. Баланың көкірегін, бұлақтың көзін ашып, оларға ата-аналарымен бірігіп жұмыс істеу арқылы дұрыс тәрбие беру кез келген жанның қолынан келе бермейді. Жалпы, барлық саладағы мейлі ол ғарышкер, мейлі шопан немесе жүргізуші болсын, сіздердің қолдарыңыздан шықты. Тіпті, өз саласының білгір маманы атанған ғалымның да, дәрігердің де кез келген жетістігі – ол сіздердің арқаларыңызда! Сондықтан ұстаздардың алдында әрқашан басымызды иеміз, кәсіби мерекелеріңізбен! – деді Бахадыр Мәделіұлы.
Салтанатты шарада осы аумақта орналасқан №27, 91, 102 және №114 жалпы орта мектептерінің белсенді, жаңашыл және қажырлы еңбегімен көзге түсіп жүрген ұстаздар қауымы мен ардагерлеріне алғысхаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
Одан соң сөз алған партия белсендісі, Қаратау аудандық Nur Otan партиясы бақылау комиссиясының мүшесі, Мәртөбе ауыл орамының басшысы, №27 «Мәртөбе» жалпы орта білім беретін мектебі жанынан құрылған Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Оразәлі Кенжебеков мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтап, қамқоршылық кеңесі атқарған жұмыстарға тоқталды. Қамқоршылық кеңесі Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері полковник Яковленкоге мүгедек арбасын беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында әр ауылдың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ биыл үйде отырып жұмыс бастаған көпбалалы аналарға 30 тігін машинасы мен нан пісіретін пештер табыс еткен. Алдағы күндері дәл осындай көмекпен 100 адамды қамтуды көздеп отыр. Ал №114 мектептің үздік оқушыларын ынталандыру мақсатында 5 велосипед берілген.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы