Шамалғанда көпір ашылды
Шамалғанда көпір ашылды
223
оқылды
Алматы облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жол­дары басқармасындағылар мен жобаны орындаған мердігер «ДСУ-13» ЖШС-індегілер жұмыс мер­зімінде әрі сапалы орындалды деп сендіріп отыр. Олардың айт­қаны­ның анықтығын уақыт өте келе білетін боламыз. Сонымен бір­ге аталған аймақта облыстық ма­ңыздағы «Алматы 1 – Шамалған станса­сы – Ұзынағаш автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Жаяу жүргіншілерге  арналған  көпірдің ашылу салтанатына ар­найы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов : – Осыдан бір жыл бұрын осы жерде тіркелген қайғылы оқиға ел есінен әлі шыққан жоқ. Сол кезде жұрт алдында берілген уәде ақыры орындалды. Жыл барысында жо­баны жасап, сараптамадан өт­кізіп, жергілікті бюджеттен жаяу­ларға арналған өтпені қайта құрылым­дауға 365 млн теңге бөлдік. Өздеріңіз білетіндей, облыста «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» жүзеге асырылуда. Осы мемле­кеттік бағдарламаның арқасында өңірде көптеген нысан салынуда. Бағдарлама аясында облысты да­мы­ту бюджетіне қосымша рес­публикалық  қазынадан 10 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында облыста жолдар, мектептер мен ауруханалар, әлеуметтік-мәдени нысандар жөнделуде. Осылардың бірі  ретінде бүгінгі көпірді айтуға болады. Көпірдің ұзындығы  – 61, 56 метр, биктігі – 9 метр. Біздің ең басты құндылығымыз – адам және оның өмірі. Жолға шыққан адамның үйіне аман-есен оралуы  үлкен бақыт. «Жол мұраты – жету» демекші,  теміржол бекеті ар­қылы күніне 5 мыңдай жолаушы жүреді.  Әсіресе, бұл жолмен біз­дің оқушы балаларымыз көп қа­тынайды. Олар мектепке бару, қосымша білім алу мақсатында үнемі осы жолды кесіп өтеді. Ең бірінші, балалардың қауіпсіздігі, олардың амандығы қажет. Жібек жолы ауылындағы Шамалған бе­кетінің теміржол өткеліндегі жо­лаушыларға арналған көпірдің құ­рылысы толықтай аяқталды. Жаңа салынған көпір жан-жақтан ке­летін қонақтар мен жергілікті тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруына үлкен мүмкіндік береді. «ҚазАвтоЖол» республикалық ме­кемесі автокөлікке арналған айналма жол құрылысын келер жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беретінін де жеткізе кетті. «Бұл – ерекше  жоба.  Елі­мізде баламасы жоқ. Көпірдің үс­тіне декоративті жарық қай­тарғыш панелдер қойылған. Ны­сан­ның айналасы толықтай абат­тандырылған», – дейді Алматы об­лыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бас­қар­масының басшысы Ержан Жасы­­баев. Жібек жолы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Оксана  Сизова ұзақ жылдардан бері жер­гілікті жұртшылық үшін күр­делі мәселеге айналған жер­үсті көпірінің салынуымен тұрғын­дардың қауіпсіздігі қорғалып, мек­тепке баратын балалары үшін алаңдамайтынын айтса, ауыл ақ­сақалы Базаргелді Анисов өлке және аудан басшылығына ақжарма тілек білдіріп, батасын арнады. kopir1 Шамалғандағы шарадан соң  Амандық Ғаббасұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында  жүзеге асырылған «Нұр-Аман» де­­не­шынықтыру-сауықтыру ке­­шенінің тұсаукесер рәсіміне қатысты. Райымбек ауылында бой көтерген ғимарат  өңірдегі салауатты өмір салтын қалып­тастырып, бұқаралық спорттың өркендеуіне үлес қосары анық.    Салтанатты шарада сөз алған өлке басшысы ең алдымен  2020 жылы денешынықтыру мен спорт сала­сын дамыту мақсатында об­лыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, спорт мектептерінің ма­териалдық-техникалық базасы ны­ғайтылғанын атап өтті. – Биыл «COVID–19» пан­демия­сына байланысты каран­тин жағдайына қарамастан, об­лысымызда ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның айқын бір дәлелі – бүгінгі Райымбек ауылында пайдалануға берілгелі отырған денешынықтыру-сауық­тыру кешені. Облыстың кәсіпкер азаматтары бұқаралық спортты дамытуға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Ме­ценаттардың экономиканың бас­қа салаларымен қатар, спортқа қол­дау көрсетуі – өскелең ұрпаққа қызмет еткені.    Осындай игі іс­тің атқарылуына үлес қосқан Қауіп­сіздік Кеңесінің мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевқа, сондай-ақ осы спорт кешенінің құрылысын жүр­гізген «Элитстрой проект» құрылыс компаниясының төрағасы Бекзат Сарманов пен Қайрат Оразбековке ризашылығымызды білдіреміз. Аталған нысан мемлекеттік-же­ке­меншік әріптестік аясында са­лы­нып, құрылысына 1,8 млрд теңге жұмсалды. Кешен за­ман­ауи жабдықтармен жабдық­тал­ған. Спорт кешенінде бокс­пен, кү­респен, дзюдомен, та­эк­вандомен, ауыр атлетика және футболмен айналысуға  болады, – деген об­лыс басшысы жаңа ашылған спорт кешені тұрғындарға қызмет етіп, мұнда  еліміздің абыройын арттыратын республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтетініне сенім білдірді. «Нұр-Аман» спорттық кеше­нінің салынуына мұрындық болған облысымыздың құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев кіндік қаны тамған ауылға қамқорлық жасауды пер­зенттік парызы санайтынын айта келіп, осы кешеннен болашақта еліміздің көк байрағын жел­бірететін спортшылар шыға­тынына үміт артты.  Соңында  Аман­­дық Ғаббасұлына атақты спорт­шылардың қолтаңбасы бар волейбол добын тарту етті. Кешеннің лентасы қиылғаннан ке­йін салтанатқа жиналған қонақ­тар ғимараттың ішін аралап кө­ріп, волейбол, бокс, күрес, гимнас­тика залдары мен  шахмат-дой­бы бөлмесінің жұмысымен та­ныс­ты.  Өлке басшысы мен спорт меценаттары боксшыларға был­ғары қолғаптар, балуандарға ар­найы киімдерін сыйлап, тағы бір бе­рекелі шаруаны бастап жіберген. Амандық Ғаббасұлы мен Амангелді Смағұлұлы облысымыздың абыр­ойын асқақтатып жүрген «Же­тісу» волейбол командасының ойыншыларына арнайы ме­даль табыстаса, сайыпқыран спорт­шылар жиналған қауымға тамаша ойын үлгісін тарту етті.  

 Болат АБАҒАН, Алматы облысы