Күллі әлемнің күлкісі
Күллі әлемнің күлкісі
412
оқылды
*“Ертең” ешқашан келмейді. *Ұлылықтан ақымақтыққа дейін бір қадам. *Ең жақсы шарапта да у болады. *Күлсең, бүкіл дүние сенімен бірге күлсін, жыласаң, жалғыз жыла. *Итпен бірге жатқан бүргемен бірге оянады. *Ойламай сөйлеу нысанасын көздемей оқ атқанға ұқсайды. *Тартылған құдықтан су ала алмайсың. *Байлық – шексіз құлдық. *Үлкен балық кіші балықтарды жеп бітіреді. *Аз жұмыс жасаған көп мақтанады. *Бұқа – мүйізінен, адам тілінен ұсталады. *Аузыңды жауып жүрсең, маса кірмейді. *Желді тормен тұта алмайсың. *Қасқыр терісін тастауы мүмкін, бірақ пейілін тастамайды. *Әр есек өз ақырғанын есіткенді қалайды. *Ең ақымақ құс – өз ұясын өзі былғаған құс. *Ең ессіз балық – бір қармаққа екі рет түскен балық. *Ақымаққа арқан берсең, асылып өледі. *Екі ит сүйекке таласса, үшіншісі оны ала қашады. *Ақша – жақсы қызметші хәм жаман қожайын. *Жанжалдасуға екі кісі керек. *Достар сенің уақытыңды ұрлайды. *Ақымақ өз ақшасымен тез байып кетпекші болады. *Бір ақымақ құдыққа тастаған тасты жүз данышпан таба алмайды. *Ақымақтар періштелер кіруге қорқатын тесікке де кіріп шығады. *Егер барша нәрсені екі рет жасау мүмкін болса, жұрттың бәрі дана болып кетер еді. *Екі кісі бір атқа мінгессе, әрине, біреуі артына отырады. *Мені бір рет алдаса, өтірікші кінәлі; егер екі рет алдаса, кінә өзімнен. *Асқазанды жақсы сөзбен толтыра алмайсың. *Шайтанды айтсаң, ол пайда болады. *Ауру келмей, денсаулықтың қадірі болмайды. *Жақсы сиырдан да жаман бұзау тууы ғажап емес. *Жаман матадан жақсы киім тіге алмайсың. *Жамандықтан қашсаң, жамандық та сенен қашады. *Әр ит өз үйінде – арыстан. *Кәрі қораз қалай шақырса, кіші қораздар соны қайталайды. *Үйге кедейшілік кірсе, махаббат терезеден шығып кетеді. *Жұрттың бәрі сөйлесе, ешкім естімейді. *Екі түлкі ұшырасса, шайтан түстік тамағын ішуге кетеді. *Мысық жоқ болса, тышқандар қуанады. *Досыма қарыз бергенімде бәрі де жақсы еді, қарызды қайтаруды сұрағанымда бұл оған ұнамады. *Қолғап киген мысық бір тышқан да ұстай алмайды. *Қасқырмен дос болған ұлуды үйренеді. *Уақыттан ұтылған бар нәрседен ұтылады. *Өліктің аяқ киімін күткен ұзақ уақыт жалаң аяқ жүреді. *Ағашты сүйген оның жапырағын да сүйеді. *Көп үрген ит ешқашан қаппайды. *Көп уәде берген өзін құрғақ қасықпен тойдырады. *Екі орындыққа қатар отырған жығылады. *Саған біреуді ғайбаттаған адам сені де біреудің алдында ғайбаттайды. *Жұмыртқаны ұрлаған кісі сиырды да ұрлайды. *Ай иттің үргеніне қарап тұрмайды. *Арыстанның құйрығы болғаннан иттің басы болған абзал. *Жығып кететін атты мінгеннен есекпен жүрген абзал. *Қарызбен оянғаннан тамақтанбай ұйқтаған абзал. *Ертеңгі тауықтан бүгінгі жұмыртқа артық. *Мені сүйсең, итімді де сүй. *Махаббат бәрін де жеңіп шығады. *Кішкентай тесік үлкен кемені суға батырады. *Кішкентай балта үлкен ағашты құлатады. *Өлген арыстанның мұртын қояндар да тартуы мүмкін. *Әдемі ыдыстардың көбі бос тұрады. *Атты суаруға алып баруың мүмкін, бірақ оны су ішуге мәжбүрлей алмайсың. *Құдық тартылмай, судың қадірі білінбейді. *Мысық жоқ жерде тышқан би. *Қабағы түскен дос күлген дұшпаннан абзал. *Шошқаның алдына маржан тастама. *Таңертеңгі бір сағат кешқұрымғы екі сағатқа барабар. *Өтірік өтірікті тасиды. *Жүз күшті қолдан бір ақылды бас артық. *Бір шығыршығы үзілсе, шынжыр істен шығады. *Есекке алтын артсаң да, ол есек болып қалады. *Ит үргеннің бәрі ұры емес. *Суретке түсіп жатқанның бәрі бақытты емес. *Таза су таппадым деп, лас суды ішпе. *Тістей білмесең, тісіңді көрсетпе. *Түлкіні қаздарға қарауыл қойма. *Аюды ұстамай тұрып, оның терісін сатпа. *Тышқаннан құтыламын деп, үйіңе өрт қойма. *Арбаны аттың алдына жекпе. *Малы аз кедей емес, көп көксейтін адам кедей. *Балыққа жүзуді үйретпе. *Жұмыртқаны жармай, құймақ пісіре алмайсың. *Шақырылмаған қонақтан ол кеткенде құтыла­сың. *Төгілген сүт үшін жылағаннан не пайда? *Мүләйімдіктен арзан нәрсе жоқ. *Күйген бала оттан қорқады. *Бір жынды баршаны жынды қылады.  

Аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ