Жайықтың жағалауын жапондар бекітеді
Жайықтың жағалауын жапондар бекітеді
314
оқылды

Мұнайлы аймақта жапондық Tokyo Rope компаниясы кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Өркениетті елдер қатарындағы инвесторлы елдің мамандары келер жылы Жайық өзенінің жағалауын бекіту мен денсаулық саласында өз тәжірибелерін ұсынып, жұмыстарын бастауға ықылас танытып отыр.

Жапония өкілдігі кеңсе­сі­нің ашылу салтанатында Tokyo Rope International ком­па­ниясының прези­денті Сато Кадзунори Жапо­ния инвес­то­рының Қазақстан­мен ынты­мақ­тастығы туралы айтты. Ком­­пания алғашқы жоба­сын Ал­ма­тыда жүзеге асырған. Аты­раудың эко­­но­микалық да­муы­нан хабар­дар жа­пондық ком­пания басшылары ай­мақ­та­ғы жоба­лар­ға қатысуға қызы­­ғу­шылық танытып отыр.

– Атырау облысының эко­но­ми­калық әлеуетін саралап қара­­дық. Қарқынды дамып келе жат­қан аймақ екеніне көз жеткізіп отыр­­мыз. Осы өңір­ге өзіміздің жо­ғары техно­ло­гияларымызды тар­тып, бір­не­ше жобаны іске асы­руға ниет­тіміз. Біз алдымен жұ­мы­­сы­мызды Жайық жағалауын бекіту жұмыстары, қатерлі дерт­пен ауыратындарға ар­нал­ған меди­­циналық орта­лық ашудан бас­тау­ды жоспар­лап отыр­мыз. Біздің ел­дің меди­ци­­насының дамуы әлем­­ге белгілі. Медицинаның за­­­ма­­­­науи емдеу-сауықтыру әдіс­­терін атыраулықтардың да ден­­­­сау­лығының жақсаруына пай­да­­­ланғымыз келеді, – деді Сато Кадзу­нори.

Атырау облысы әкімі Нұр­лан Ноғаев Tokyo Rope басшы­лы­ғы­на жобаларды жүзе­ге асыруға қы­зығу­шы­лық танытқаны үшін риза­шы­лығын айтты. Екі тараптың өзара байланысы халық үшін оң нәтиже береріне сенім білдірді.

– Ғасырлық тарихы бар ком­­­па­ния алдыңғы қатар­лы тех­но­ло­гия­ларымен дүние­жүзі­не әйгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға жұ­мыс сапары кезінде Tokyo Rope компаниясының бас­шы­лығы­мен кездесіп, жапон биз­не­сі­нің біздің елімізге келуіне бас­та­­машы болған еді. Компа­ния Ал­матыдағы жобасын табысты жү­зе­ге асырды, бүгін Атырауда өкілдігі ашыл­ды. Болашақта өңіріміз үшін аса маңызды жобаларды бірге бас­тау­ды жоспарлап отырмыз. Олар – жағалауды бекіту жұмыстары, меди­циналық орталық ашу. Машина жасау секторында да ойға алған істер бар. Мемлекет басшысы шетелдік инвестиция тартуға барлық қажет жағдайды жасауды тапсырды. Осы тап­сырма аясында Атырау облы­сында нәтижелі жұмыстар жүруде. Қазір өңірде шетелге қатысы бар бір мыңнан астам ком­пания табыс­ты ең­бек етіп жатыр. Әлемдік ком­па­ни­я­лардың қазіргі заманғы техно­логияларын тартудың арқа­сын­да қазақстандық ма­ман­дар жо­ғары сапалы тауарлар шығаруда, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Аймақ басшысы өңірге инвес­тиция тарту бойынша жұ­мыстарды күшейтудің маңы­зына тоқталды. Сайып келгенде, бұл жұмыстар аймақ­тың және жалпы еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

Жағалауды бекіту жұмыста­ры­ның жалпы көлемі – 4,5 ша­қырым. Kazakh Invest ком­па­ниясының бұл бағытта тәжіри­бесі бар. Компания биыл Есентай өзені жағалауын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаған. Ұзындығы 2 шақырым учаскенің жа­ғалауы ауыр габиондарды қол­дану арқылы бекітілді. Бұл тәжірибе Атыраудағы жұ­мыс­тарда да іске асарына сенім бар. АҚШ-та, Қытайда, Ресей­де, Вьетнамда, басқа да мем­ле­­­­­кет­­терде жеке зауыттары бар жа­пон­­дық компанияның елі­міз­дегі жобаларының сәт­ті іске асуы отан­дық инвес­тор­ларға серпін берері сөзсіз.

 

Атырау облысы