Мұнайлы аймақта жапондық Tokyo Rope компаниясы кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Өркениетті елдер қатарындағы инвесторлы елдің мамандары келер жылы Жайық өзенінің жағалауын бекіту мен денсаулық саласында өз тәжірибелерін ұсынып, жұмыстарын бастауға ықылас танытып отыр.
Жапония өкілдігі кеңсесінің ашылу салтанатында Tokyo Rope International компаниясының президенті Сато Кадзунори Жапония инвесторының Қазақстанмен ынтымақтастығы туралы айтты. Компания алғашқы жобасын Алматыда жүзеге асырған. Атыраудың экономикалық дамуынан хабардар жапондық компания басшылары аймақтағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отыр.
– Атырау облысының экономикалық әлеуетін саралап қарадық. Қарқынды дамып келе жатқан аймақ екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осы өңірге өзіміздің жоғары технологияларымызды тартып, бірнеше жобаны іске асыруға ниеттіміз. Біз алдымен жұмысымызды Жайық жағалауын бекіту жұмыстары, қатерлі дертпен ауыратындарға арналған медициналық орталық ашудан бастауды жоспарлап отырмыз. Біздің елдің медицинасының дамуы әлемге белгілі. Медицинаның заманауи емдеу-сауықтыру әдістерін атыраулықтардың да денсаулығының жақсаруына пайдаланғымыз келеді, – деді Сато Кадзунори.
Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Tokyo Rope басшылығына жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқаны үшін ризашылығын айтты. Екі тараптың өзара байланысы халық үшін оң нәтиже береріне сенім білдірді.
– Ғасырлық тарихы бар компания алдыңғы қатарлы технологияларымен дүниежүзіне әйгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға жұмыс сапары кезінде Tokyo Rope компаниясының басшылығымен кездесіп, жапон бизнесінің біздің елімізге келуіне бастамашы болған еді. Компания Алматыдағы жобасын табысты жүзеге асырды, бүгін Атырауда өкілдігі ашылды. Болашақта өңіріміз үшін аса маңызды жобаларды бірге бастауды жоспарлап отырмыз. Олар – жағалауды бекіту жұмыстары, медициналық орталық ашу. Машина жасау секторында да ойға алған істер бар. Мемлекет басшысы шетелдік инвестиция тартуға барлық қажет жағдайды жасауды тапсырды. Осы тапсырма аясында Атырау облысында нәтижелі жұмыстар жүруде. Қазір өңірде шетелге қатысы бар бір мыңнан астам компания табысты еңбек етіп жатыр. Әлемдік компаниялардың қазіргі заманғы технологияларын тартудың арқасында қазақстандық мамандар жоғары сапалы тауарлар шығаруда, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.
Аймақ басшысы өңірге инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейтудің маңызына тоқталды. Сайып келгенде, бұл жұмыстар аймақтың және жалпы еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.
Жағалауды бекіту жұмыстарының жалпы көлемі – 4,5 шақырым. Kazakh Invest компаниясының бұл бағытта тәжірибесі бар. Компания биыл Есентай өзені жағалауын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаған. Ұзындығы 2 шақырым учаскенің жағалауы ауыр габиондарды қолдану арқылы бекітілді. Бұл тәжірибе Атыраудағы жұмыстарда да іске асарына сенім бар. АҚШ-та, Қытайда, Ресейде, Вьетнамда, басқа да мемлекеттерде жеке зауыттары бар жапондық компанияның еліміздегі жобаларының сәтті іске асуы отандық инвесторларға серпін берері сөзсіз.
Атырау облысы