Оралда 17 жастағы қыз тыйым салынған кітаптарды сатқан.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл дерек әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде белгілі болды.
Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық Дін істері жөніндегі басқармамен бірлесе отырып, Орал қаласының кәмелетке толмаған тұрғынынан экстремистік мазмұндағы кітаптарды тәркілеген. Жасөспірім қыз діни әдебиетті Инстраграм желісі арқылы таратқан. Кітаптар сараптамаға жіберілді.
Қыздың анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағына (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға – 50, заңды тұлғаларға 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Жыл басынан бері діни қызмет туралы заңнаманы бұзған 19 адам жауапқа тартылды.