Атамқұлов: "Эйр Астанадағы" қазақстандық ұшқыштар шетелдіктерден 15% кем жалақы алады

Атамқұлов: "Эйр Астанадағы" қазақстандық ұшқыштар шетелдіктерден 15% кем жалақы алады

Қазақстан азаматтық авиацияда отандық білікті мамандарды даярлауы қажет деді Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

«Азаматтық авиацияны дамыту үшін кәсіби мамандар керек. Біздің елде жалғыз ғана оқу орны бар – Азаматтық авиация академиясы. Алайда оны аяқтаған түлектер заманауи стандарттарға сай келмегендіктен сұранысқа ие емес», - деді Атамқұлов.

Министр әуе компаниялары көбіне шетелдік ұшқыштар мен әкімшілік құрамды тартатынын хабарлады.

«Мәселен «Эйр Астанада» 450 ұшқыштың 100-і – шетелдік, әкімшілік құрамда 30-ға жуық шетелдік қызметкер бар. Орта есеппен алсақ шетелдік ұшқыш айына 9000 еуро алады. Қазақстандық персоналмен салыстырғандағы айырмашылық 15 пайыз», - деді Атамқұлов.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, шетелдік ұшқыштарды отандық кадрлармен алмастыру арқылы үнемдеуге қол жеткізуге болады, әрі бұл өз кезегінде билеттердің құнына да әсер етеді.


«Министрлік Азаматтық авиация академиясын дамыту жоспарын әзірлеуде. 2020 жылы біз осы саладағы барлық оқу орындарын біріктіріп, еуропалық стандарттарға сәйкес келетін азаматтық авиация бойынша оқу орталығын құруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.