Нұр-Сұлтаннан Семейге 6 мың теңгеге ұшу басталды
Нұр-Сұлтаннан Семейге 6 мың теңгеге ұшу басталды
300
оқылды

Еліміздің астанасынан Семейге бар болғаны 6 мың теңгеге ұшып баруға болады. Бұл бағыттағы бірінші рейс жұма күні шықты.

Кешкі 19.50-де Нұр-Сұлтаннан ұшқан ұшақ 1 сағат 15 минутта Абайдың жері Семей қаласына келіп қонды. 180 орны толығымен толған Airbus A320 ұшағында еңбектеген баладан бастап, жасы ұлғайған қартқа дейін болды. Соның арасынан екі апа Нұр-Сұлтан – Семей бағытының алғашқы жолаушылары ретінде рейстің ашылу салтанатының лентасын қиып, батасын берді.

WhatsApp Image 2019-10-07 at 16.14.46.jpeg
Қазима Көшімбаева, жолаушы
Бұл ұшақ маған қатты ұнады. Өзіме өте жайлы болды. Бұрын сонды Нұр-Сұлтаннан пойызбен де, автобуспен де қатынаған едік. Мынау енді жанның рақаты. Халықтың да қалтасына ауыр емес. Бұл – бәрімізге қолайлы. Жолымыз да қашанда ашық болсын, түніміз тыныш болсын, – дейді жолаушы Қазиман Көшімбаева.

Негізі ұшақта бизнес класс жоқ, тек эконом класс. Ең арзан баға – 5 999 теңгеден басталады. Оған 5 келі қол жүгі кіреді. Ал қосымша қызметтерді алғысы келгендерге «Стадарт Плюс», «Комфорт», «Комфорт Плюс» деген пакеттер бар.

WhatsApp Image 2019-10-07 at 16.14.17.jpeg
Қаниқамал Қамзабекова
Бұл компанияның одан басқа үш пакеті бар. Әр адам өз қалтасына қарай таңдай алады. Меніңше, 6 мың теңге аса қымбат емес. Тамағы да ұнады, қалағанын сатып алып іше аласың. Бағасы тиімді. Өзім Семейдің тумасымын, бірақ қазір Нұр-Сұлтанда тұрамын. Осының ұшағымен бірнеше рет Нұр-Сұлтан – Алматы бағыты бойынша ұшқанмын. Жалпы, мұнымен халық жиі ұшып тұрады деп ойлаймын, – деді Қаниқамал Қамзабекова. 

Енді «осы әуе компанияның ұшағы тек Қазақстанның ішінде емес, шетелге шықса» деген тілегін білдірді. 

Семей қаласының кешкі салқынына қарамастан Fly Arystan әуекомпаниясының алғашқы жолаушыларын қала әкімдігі жылы шұрай танытып, шашу шашып күтіп алды.

– Облыс басшылығы жүргізген үлкен жұмысының нәтижесі. Енді Нұр-Сұлтан – Семей бағытына арзан бағамен жол ашылды. Бұған бүкіл Семей жұртшылығы қуанышты. Оның үстіне, әуежайымыз жөндеуден өткізіліп, үлкен аумақтағы ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік алды. Бұл – жақсылықтың нышаны. Алдағы уақытта ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдық мерейтойы тойланбақшы. Сол кезде жан-жақтан келушілер де көбейе түсетіні белгілі. Сондықтан бұл бағыт жиі қолданылады, – дейді қала әкімі Ермак Салимов.

Артынан қала басшысы ұшаққа кіріп, ішін көріп, қызметкерлермен тілдесті. Ұшақтың жаңа әрі сапалы екенін байқады.

Жалпы, әр адам билетті ертерек алуға тырысқан жөн. Маркентинг және сату жөніндегі департаменті директорының айтуынша, билеттің бағасы тұрақты емес. Оған әртүрлі факторлар әсер етеді. Көп жағдайда мереке қарсаңында сұраныс ұлғаяды. Арзан билеттер күні бұрын өтіп кетеді. 

«Дәл ұшатын күні ондай баға болады деген сенім жоқ. Бұған компания ешқандай кепілдік бермейді. Мәселен, қосымша жүк алуға болады. 15 келі – 1500 теңге, 20 келі – 2 мың теңгеге алдын ала сайттан алуға болады. Егер бірден жүкті әуежайда есептесе, әр келіге 500 теңге төленеді. Негізі әуежайда бағаның қымбаттай түсетінін ескерген жөн. Қол жүгі 5 келіден асса, бір келіге 500 теңгеден төленеді», дейді Жанар Жайлауова.
FlyArystan – бұл Қазақстан үшін арзан авиакомпания. Ол «Эйр Астана» әуекомпаниясының қолдауымен биыл ашылған. Негізі әуе паркі 4 ұшақтан тұрады. 2022 жылға дейін ұшақ санын 15-ке дейін жеткізу жоспарлануда.

  Біздің басты мақсат – әуе тасымалы қолжетімді болу. Бүгінде компанияның Алматыдан 6 қалаға, Нұр-Сұлтаннан 4 қалаға ұшатын бағыты бар. Бұйырса, алдағы уақытта Семей – Алматы бағытын қосу жоспарда бар. Билетті алғанда оның шартымен танысып шыққан жөн.

Мәселе, 7 мың теңгеге сатып алынған билетті ауыстыра алмайсыз. 15 мыңдық билетті ауыстыруға мүмкіндік бар. Бірақ 10 мың теңге айыппұл ретінде ұсталып, 5 теңге электронды ваучерде қалады. Бұл соманы келесі алатын билетке қолдануға болады. Алайда ақша қайтарылмайды. «Ұтымды» тариф қымбатқа түседі. Дегенмен оның ережесі қатаң емес. Билетті кез келген уақытта ауыстырып та, ақшасын қайтарып та алуға болады, – дейді Маркентинг және сату жөніндегі департаментінің директоры Жанар Жайлауова.

Семей әуежайында өткен брифингте жиылған жұрт өздерін алаңдатқан сұрақтарына  жауабын алды. Сол түні Семей – Нұр-Сұлтан бағытына шыққан ұшақ түнгі 11-ден өте елордаға қонды.

P.S. Өмірде кез келген нәрсенің екі жағы бар. Бірі – кемшілігі, ал енді бірі – артықшылығы. Әр адам өзіне қажетін пайдаланады емес пе?! Сондықтан таңдау әр кезде өзіңізде қалады. Бірақ бастысы, жол ақысының арзандығы. Уақытқа да тиімді. Мейлі ол Нұр-Сұлтанда болсын, Семейде болсын, қай қалада болса да күндіз бүкіл шаруаңды атқарып, кешке қайта ұшып келуіге қолайлы болғаны дұрыс секілді.