Үшінші мегаполис қоқыстан қашан арылады?

Үшінші мегаполис қоқыстан қашан арылады?

Шымкенттің мегаполис атан­ғанына бір жылдан ас­ты. Келер жылы ТМД елде­рі­­нің мәдени астанасы бол­мақ. Бұл туралы Сочи қала­сында өткен ТМД ел­дері басшыларының сам­митінде айтылды. 9 мем­ле­кеттің бас­шы­сы бас қос­­­қан алқалы жиын­да бе­кі­­­тілген бұл ше­шім­­ге Шым­­кент шаһары қан­ша­лық­ты дайын? Мәдени ас­та­на болуға лайық па?

Мәдени астана мәдени іс-шара өткізумен ғана шектелмейді. Ең алдымен, халық мәдениеттілікті үйренуі тиіс. Одан кейін тазалыққа жауапты мекемелер бекітілген жұмыстарына бұрынғыдан да елгезек қарауы керек. Шымкентте бәрі керісінше. Жуырда Шымкент қаласы прокуратурасында өткен алқа мәжілісінде мегаполис атан­ға­нына бір жыл болған рес­пуб­ликалық маңызға ие шаһардың әлі күнге дейін күл-қоқыстан арыла алмай отырғаны жайлы қатаң сыналып, экологиялық ахуалдың өте нашар екені айтылды. Қала про­куроры Мақсат Қожабаев жер­гілікті атқарушы органдар қала­мыз­дың жоғары статус алғанын сезінбей отыр деп шүйлікті. «Дәл осындай статусқа ие Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұрмыстық қалдықтарды жинау көрсеткіші 2 есеге жоғары. Ал біздің атқарушы билік өкілдері қала аумағын сани­тар­лық тазарту саласын реттейтін нормативтік акті де қабылдамаған» деп кіжінді прокурор.

Керісінше, жергілікті билік тұр­ғындарға наразы. Қатты тұр­мыс­тық қалдық алаңдарындағы қор­даланған қоқысты бей-берекет­сіз тастайтын тұрғындардың өздері деп кінә артқысы келеді жауапты ма­мандар. Алайда прокуратура қыз­­меткерлері Шымкент қаласы тұрғындарының санымен есепте­генде 4 мың контейнер болуы тиіс­ті­гін, өкінішке қарай, қазір қалада бар-жоғы 2 мың контейнер қойыл­ғанын айтады. Ендеше, жауапты мамандар кімге ренжиді? Тіпті тексеру кезінде белгілі болғанын­дай, қалада 50-ден астам бей-бере­кет шашылып жатқан қоқыс анық­талған. Тұрмыстық қалдықтарды рет­сіз тастаған бірде-бір тұлға әкім­шілік жауапкершілікке тар­тыл­­мапты. Демек, тұрмыстық қал­дық­тарға ешкімнің басы ауыр­майды.

Шымкент қаласының қоқыс ордасына айналуының тағы бір себебі – мемлекеттік сатып алу ке­зін­де орын алған «бармақ басты, көз қысты» жағдайлардың орын алуы. Санитарлық тазалау қыз­ме­тін жүр­гі­зетін мердігерлерге қатыс­ты тен­дер өткізгенде олардың техни­­ка­лық ресурстармен қамта­масыз еті­луіне селсоқ қарағаны былай тұр­сын, қызмет көрсетуде жеңім­паз болып танылған компа­ния жұмыс­шыларының саны да талап­қа сай болмаған. Мәселен, жеке­леген мекемелер жұмысшы­лары­ның санын 35 есе артық көрсеткен. Небәрі 8 жұмысшысы бар мекеме талапқа сай болуы үшін 270 адамды жалған көрсетіп, 210 млн теңгенің қызметін ұтып алған. Бүгінде Шым­кент қаласына қарасты Қара­тау ауданының санитарлық тазалау қызметін осындай жалған құжат­пен мердігер атанған компания атқарып жүр. Ал осындай заңсыз­дық­тарға жол берген мекемелерді жеңімпаз ету, оны қадағаламау негізінен жер­гі­лікті әкімдіктің әлсіздігі екені анық. Демек, келер жылы бүкіл ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын қаладағы аудан әкімдері тазалық жұмыстарына нем­құрайлы қарап, мұны әлі сезі­ніп жүрген жоқ.

Бүгінгі таңда Шымкентте бұл жайт қала тұрғындарының да күйіп тұрған күрделі проблемасына ай­нал­ған. Қала тұрғыны Н.Исабекова қала келбеті саналатын, әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Нұр­сәт ықшамауданындағы №128, 129, 130, 131, 132 және №133 үй­лер­ге арналған 2 контейнердің жазы­­мен күл-қоқысқа толып, са­сық су ағып, шыбын-шіркейдің құ­жы­нап жатқанын айтып қынжы­лады. Құзырлы органға бірнеше мәрте шағым жасағанымен нәтиже шықпаған. Ал ресми құжаттағы күн сайын хлормен жуамыз деген жауапты мекемелердің жауабы жалған деп есептейді қала тұр­ғыны.


Сөзіміз дәлелді болу үшін Шым­­кент қаласының әкімі Е.Айта­­хановтың қала тазалығына қа­­тысты өткізген жиынына да тоқ­та­ла кетейік. Тиісті сала бас­шы­лары қатысқан басқосуда Ерлан Қуанышұлы тұрғындардан тұрмыс­тық қалдықтарға қатысты жиі ша­ғым түсетінін атап өтті. Ішкі аула­лар­дағы қоқыстардың уақыты­лы шығарылмауы, жол бойындағы тұрмыстық қалдықтардың тазалан­бауы бүгінде шаһардың негізгі проблемасына айналып отырғанын да жасырмады. Сондай-ақ бүгінде қаланың орталық көшелерінің бірі Байтұрсынов көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүруде. Алайда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялардың көшенің сәнін кіргізіп тұрған тал-теректерді қырқуы тұрғындардың наразы­лы­ғын туғызуда. Шаһар бас­­шысы алқалы жиында жауапты тұлғаларға осы мәселені де бақы­лау­ды назарға алды. Өсіп тұрған талдар кесілсе, орнына он тал егуді міндеттеді.

Қала әкімі аталған жиында таза­лық жұмыстарын күшейту үшін тиісті қаражатты кеңейтуді тапсырды. Алайда қаланың бүгінгі қоқыс ордасына айналып бара жатуы қаншалықты қаржыға тіре­ліп тұр?

Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы берген мәліметке сүйен­сек, бүгінде қаланың орталық көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге бас мердігер «ЛТД Тұрмыс» ЖШС жауапты. Одан бөлек, қосалқы мердігер ме­ке­­­­ме­лер «Байтерек ЛБ», «Югдор­сер­­вис», NURTAU servis   ЖШС жұ­мыл­дырылған.

Ал ішкі орамдық көшелердің тазалығы үшін жергілікті аудан әкімдіктеріне қаржы бөлінген. Мәселен, Абай және Еңбекші ауда­ны­ның тазалығына «Ақ­Сем­сер­­­СтройСервис» ЖШС, Әл-Фара­би ауданы «Нұр-Асыл Сервис» ЖШС, «ТехЭкоСервис» ЖШС, «Барс-Строй 2030» ЖШС, «Нұр-Сат» ЖШС, «Барокбаев-Т.И.» ЖК жауап берсе, Қаратау ауданының сани­тарлық тазалығы үшін «Қазақ Строй Жол» ЖШС-ға қаржы қаралған.

Сонымен қатар көпқабатты және тұрғын үйлердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қыз­метімен бірқатар мекемелер ай­­налысады. Енді қала әкімінің тап­­сырмасымен тазалық жұмыста­ры­­на тағы қосымша қаржы бөлін­бек.

Жыл басынан бері қоқыс поли­го­н­ына 131 562 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылған. Ал қоқыс контейнерлері күніне екі мәрте жуы­лады. Бұл – ресми дерек. Мұ­ның қаншалықты шындық екені өзде­ріне анық. Ал тұрғындар бол­са, әкімдікке шағым айтудан шар­ша­ған.

Қалай десек те, Шымкент тұр­ғын­дары бұрынғы әкім Ғ.Әбді­рахы­мовтың «Мегаполис Лас-Ве­гас­­тан да асып түседі» деген уә­де­сін әлі күтіп тұр. «Вегасын» қай­дам, Шымкент шын мәнінде, «Лас» қалаға айналып барады.


Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы