Ауыр қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген күдікті Ақмола облысында ұсталды, – деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, 18 ақпанда Аршалы аудандық ПБ кезекшілік бөліміне Ижевск ауылының тұрғыны 86 жастағы әйел адам арызданған. Қарияның сөзінше, бұрын таныс ер адам оның денесіне залал келтірген және қорқытып, 70 мың теңгесін және «BQ» маркалы ұялы телефонын алып кеткен.
«18 ақпанда сағат 17:00 шамасында Ижевск ауылында мас күйдегі күдікті біреудің мүлкін ұрлау мақсатында қарияның үйіне барған. Әжейдің жалғыз тұратынын білген ол алдымен оны алдап үйге кіріп, темір есікті ішінен жауып алады. Қарияны сабап, отверткамен қорқытады. Кейін газ плитасындағы газ балоннын жұлып алып «үйді өртеймін» деп ақша және алты бұйымдарды беруді талап етеді. Зардап шегуші қорыққандықтан 70 мың теңгесін береді. Ер адам бұнымен қоймай, теледидардың кабелімен қауқарсыз қарияның аяқ-қолын байлап соққылайды. Отверткамен мойын тұсынан жарақат салады. Артынша үстелдің үстіндегі ұялы телефонды алып, кетіп қалады», - дейді ведомстводан.
Осыған байланысты ҚР ҚК 192 бабының 2 бөлігі «қарақшылық» бойынша іс қозғалады. Екі күннен кейін Аршалы аудандық соты күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» туралы санкция қолданады. Күдіктіге іздеу жарияланады.
«Жедел іздестіру шарасы кезінде 27 қыркүйекте 49 жастағы күдікті Целиноград ауданының Қоянды ауылының аумағында қолға түсіп, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Анықталғандай, күдікті жергілікті фермалардың бірінде өзге құжатпен жұмыс істеген», - деп толықтырды ведомстводан.