Батыста мал ұрлығы азаймай тұр
Батыста мал ұрлығы азаймай тұр
349
оқылды

Батыс Қазақ­стан өңірлік комму­ни­­­кациялар қызметі ұйым­дастырған бри­фин­г­тердің біріне Ба­тыс Қазақстан об­лыс­­тық полиция де­пар­таментінің бас­ты­ғы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Аблазимов арнайы шақырылды. Ге­нералдың мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың алғашқы 8 айында 209 мал ұрлығы тіркелген.

Ел ішін індеттей жайлаған заң­ға қайшы үшбу әрекет, әсіресе, біз­дің облыстың Ақжайық, Бәй­те­рек, Бөкей ордасы және Бөрлі ау­дандарында өршіп тұрған кө­рі­неді. Брифинг барысында де­пар­тамент бастығы ел-жұрттың ма­лы­ның жоғалғаны жөнінде көбіне по­лиция бөлімдеріне кеш хабар­лай­тынын да алға тартты. Мал ұр­лығының 114 фактісіне (68,9%) жайылымда малдың бағымсыз жү­руі түрткі болған. Ал мал жо­ғалуы­­ның 129 дерегінде қылмыс­тық құқықбұзушылықтың жоқ­ты­ғы анықталған. Мысалы, наурыз айын­да «Буршиев» шаруа қожа­лы­ғы 15 бас жылқысын жоғалтқан. Сөй­те тұра, қожалық басшысы бұл оқиғаны үш ай өткесін ғана по­­лиция құрылымдарына ха­бар­ла­ған. Әйтеуір, абырой болғанда жыл­қы үйірін полиция қызметкері іздеп тапқан.

«Қайтқан малда қайыр бар» де­гендей, биылғы жыл басынан бе­рі барымталанған төрт түліктің 55,3 пайызы иесіне қайтарылған көрінеді. Ауылдағы ағайынның кешірімшіл, кеңқолтық мінезі де ел ішінде мал ұрлығының жиі орын алуына жол ашып отырған жағ­дайдың бірі. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, ке­зекті мал ұрлағаны әшкере бо­лып, «жылап-еңіреп», мал иесінің аяғына жығылып, кешірім сұрап құтылған ұры-қары бірер апта не­месе бірер ай тыныш жүріп, со­сын «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, бұрынғы «әніне» қайта басатын көрінеді. Мұндайда амал жоқ, «Жауды аяған жаралы» деген мә­тел еске түседі. Тіпті, бір ауылда қа­тар отырған көршісінің немесе тура сол ауылда тұратын құда­сы­ның қора-қопсысындағы ма­лын ұры-қарыға шығарып бе­ріп, арам делдалдығы әшкереле­ніп, қарабет болғандар да баршы­лық. Биылғы жыл басынан бері зар­дап шегуші мен күдіктінің ымы­раға келуімен 83 мал ұрлығы бойын­ша қыл­мыстық іс доғарыл­ған. Ал поли­цияның уақытылы да сауатты іс-әрекетінің нәтиже­сін­де, 168 күдікті уақытша қамау абақ­тысына жабылған. Солардың бірі – 2018 жылғы қыр­күйек­те мал ұр­лаумен айна­лыс­қан Сы­рым ау­да­нының тұрғыны Р.Ка­ба­синов. Әлгіндей заңға қай­шы әре­кеті үшін бірнеше рет істі бо­лып, сотқа тартылған ұры зар­дап шегушінің кешірім беруінің ар­қасында оңай құтылып, қыл­мысына лайық заң­ды жаза алмай дән­деген екен. Ақыры полиция қы­зметкері ұры­ның суық қол сұ­ға­нақтығын тағы бір мәрте әш­ке­релеп, әлгі әумесер тамыз айын­да қамауға алынды.

Егер статистикаға зер салып, са­­лыстырып көрсеңіз, мал ұр­лы­ғының «аяқ тарта» бастағанын аң­ғарасыз. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын 707 мал ұрлығы тір­кел­се, өткен жылы 397 мал ұрлау фак­тісі есепке іліккен. Соның өзін­де Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы мал ұрлығының әлі де жиі орын алуына себеп болып отырған фак­торларды екпін түсіріп атап өтті. Сондай ең негізгі себеп-салдар­дың бірі – мал бағымының жет­кілікті дәрежеде ұйымдастырыл­мауы. Тіпті бұған облыс әкімі жа­нындағы ведомствоаралық ко­миссия шығарған арнайы ше­шім де түпкілікті ықпал етпей отыр­ған көрінеді. Сонымен қатар әр малды ресми есепке тіркетіп, сырғалау, таңбалау секілді орынды амал­дарға көңіл бөлмейтін тұр­ғын­дар қай аудан-ауылда да әлі аз емес. Бұған қоса ірілі-ұсақты сойыл­ған малдың етін аудан-ауыл­дан қалаға тасу үшін вете­­ри­нарлық анықтама алуда да жең ұшынан жалғасқан заңсыздық­тар­ға жол беретін көрі­неді. Мә­се­лен, тілге тиек болып отырған брифингте ауылдық елді мекен­дер­ге қоса, Орал қала­сындағы «Ел ырысы» базарына қатысты мал дәрігерлері де заңсыз вете­ринар­лық анықтама беруге әуес екенін айтып өтті. Осындай әрекеттердің кесірінен, ұрланған малдың еті жалған анықтама арқылы ауылдан қалаға жеткізіледі екен. Биылғы мамыр айында «Мал ұрлығы» рес­публикалық жедел профилак­ти­калық іс-шарасы кезінде ет өнім­дерін заңсыз тасымалдауға қа­тыс­ты 6 факт әшкереленіп, айып­ты кісілерге Әкімшілік құқық­бұзу­шылық кодексінің 406-бабы бойын­ша 151 500 теңге ақшалай айып салынған. Полиция қызмет­керлерінің айтуынша, орын алған мал ұрлы­ғын ашуға ет сататын базар-дүкендерді, яки осындай са­нат­тағы кәсіпкерлік ны­сан­дарды тексеруге жарияланған мо­раторий де кедергі көрінеді.

Биылғы жылдың өткен сегіз айында мал ұрлығын кәсіп қылған 135 адам, ұзын саны 21 қылмыстық топ құрықталған. Былтырғы қара­ша айында Қаратөбе ауда­нын­да үш жыл бойы жергілікті жұртты зар илетіп, айналадағы халықтың малын ұрлауды кәсіп қылған қылмыстық топ қолға түсті. Осы харам кәсіпке әбден дәндеген үш бірдей қаратөбелік 26 жылқы, 118 сиыр малын ұрлап, мал иелеріне 27 млн теңгеден астам зиян-залал тигізген. Атышулы істі қараған Сырым аудандық соты биылғы маусым айында айыптау үкімін шығарып, Қылмыстық кодексінің 118 (ұрлық) және 262 (ұйымдасқан қылмыстық топ құру) баптары бойынша Е.Төлегенұлын 8 жылға, С.Бисембаевты 5 жыл 6 айға, ал О.Дәулетияровты 7 жылға бас бостан­дығынан айырып, темір торға тоғытты.

БҚО Полиция департаменті­нің басшысы, генерал-майор Мақсотхан Аблазимов мал баққан ағайынға GPS-бақылау мен түнде жарық шағылыстыратын флиппер тағудың тиімділігін тағы бір мәрте құлақ­қағыс қылды. Егер осы ұсы­ныс­ты нақтылай түссек, «GPS-трекердің екі түрі бар. Бірі – ұялы байланыс операторлары арқылы қадағаланатын трекер. Мұндай құрылғының құны – 30-50 мың теңге шамасында, ал келесісі – жерсеріктік байланыс негізінде бақыланатын трекер. Мұндай трекердің бағасы 80 мың теңгеден басталады. Бұл қос құрылғының ай сайынғы пайдалану ақысы – 2 000-нан 6 000 теңгеге дейін.

– Әлгіндей құрылғыны бір бас малға орнатып, сиыр табы­ны­ның неме­се жылқы үйірінің қозғалы­сын қадағалап отыруға әбден болады, – деді генерал Аблазимов.


Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы