Мұнай секторында заңсыздықтар расталмады
Мұнай секторында заңсыздықтар расталмады
363
оқылды
Қазақстанның мұнай-газ саласы – елдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін айқындайтын жетек­ші әрі стратегиялық сала. Сондықтан Бас прокуратура осы сектордағы заңбұзушылықтар ту­ралы шетелдік же­келеген БАҚ-та жарияланған мәлі­меттердің шын­дыққа сәйкестігін тексерген. Оның қорытындысы Мәжілістің Эконо­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отыры­сында қаралды. Соңғы 10 жылда батыстық БАҚ-та, сондай-ақ жергілікті баспасөзде мемлекеттік басқару жүйесіне де, ел­дің бүкіл мұнай-газ саласына да көлең­ке түсіретін келеңсіз материал­дар таратуда. Осыған орай, «нұротан­дық» депутаттардың өтініші негізінде прокуратура органы Энергетика және Қаржы министрліктерімен бірігіп, биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясының қызметіне тексеру жүр­гізді. Бас прокуратура тексеру нәти­жесінде «аталған жарияла­нымдардағы мәліметтер шындыққа сәйкес кел­мейді» деген байлам жасады. Атап айтқанда, газға экспорттық бағаларды төмендету, сондай-ақ «ҚазРосГаз» компаниясының Қазақ­станнан газ экспорты саласындағы кірістерді жымқыру үшін делдал-компанияларды пайдалануы және сыбайлас жемқорлық жоспарлары туралы ақпарат расталмады. Ма­териалдарды зерттеу барысында прокуратура мұндай мәлімдеме саладағы жағдайды түсінбегеннен пайда болады деген ұйғарымға келді. Ресеймен арадағы үкіметаралық келісім аясында Қазақстаннан экс­портталатын табиғи газдың 90%-дан астамы тең көлемде Қазақстан тара­пына «қарсы жеткізу» тетігі арқылы өтеледі. Мұндай мәмілелердегі жалғыз және тікелей контрагент – ресейлік «Газпром». Бұл айырбастау опера­циялары Қазақстанның ішкі нары­ғына газ жеткізуді көздейді. Мұндай мәмілелерде бағаны Қазақстан Үкіметі реттейді: бұл ел ішіндегі газға ішкі бағаларды ТМД елдері арасында ең төменгі деңгейде ұстап тұруға ықпал етеді. Энергетика министр­лігінің дерегінше, ішкі нарықтағы орташа бөлшек сауда бағасы 1 текше метр үшін 18,5 тең­геден аспайды. Яғни, Ресейге қарағанда 2 есе, ал Қырғызстанға қарағанда 5 есе аз. Швейцарияның Vitol мұнай трейдерінің «бақылауды монопо­лияландыруы» және «Қазақстанның мұнай экспортындағы орасан үлесті басып алу үшін әкімшілік ресурсты пайдалануы» туралы ақпарат та рас­тал­мады. Бас прокуратура мәліме­тін­ше, отандық мұнай экспортын­да­ғы Vitol мұнай трейдерінің үлесі соң­ғы 10 жылда 10%-дан аспаған. Мұны әрине, орасан үлес деп айту қиын. Теңіз және Қашаған кен орында­рының мұнайындағы қазақстандық үлеске тоқталсақ, оны сатып алу рәсімдерін де батыс журналистері сын нысанасына айналдырып алды. Олар мұнда да Vitol-ға «артықшылық» берілген деседі. Алайда мұндағы жағ­дай да жарияланымдарда сипаттал­ғанға қарағанда басқаша көрінеді. Ресми құжаттарға сәйкес, Vitol мұ­най трейдері «ҚазМұнайГаз» тен­де­рінде жеңіске жетті. Себебі болашақ мұнай жеткізілімдері үшін аванс бере отырып, ҚМГ үшін барынша тиімді шарттарды ұсы­ныпты. Құзырлы орган Қазақстаннан экспортталатын мұнай бағасын тө­мендету фактілерін де анықтамады. Мұнай экспорты бойынша барлық мәмілелерге салық органдары транс­ферттік баға белгілеу туралы заң­намаға сәйкестігі тұрғысынан мони­торинг жүргізіп, бақылайды екен. Бұдан бөлек, Бас прокуратура елдің мұнай-газ активтерін сату ке­зінде орын алды делінген заңсыз мәмілеге қатысты айыптауларды да талдады. 2010-2013 жылдары Швей­­цария прокуратурасы қазақ­стан­дық бірқатар мұнай-газ активін сату деректеріне тергеу жүргізді. Қазақ­станның құқық қорғау орган­дары Швейцариядағы әріптестеріне осы мәселеде барлық қажетті көмек көр­сетті. Материалдарды жан-жақты зерт­теу ешқандай заңбұзушылық таппағандықтан, тергеу ақыры 2013 жылдың соңында тоқтатылды. Бас прокуратура Мәжіліс де­пу­таттары теріс жарияланымдарға дер кезінде дұрыс ден қойса және қажетті ақпаратты ұсынса, онда қоғам эко­номика салаларының дамуы туралы шы­найы түсінікке ие болады деген пікір білдірді.  

Елдос СЕНБАЙ