Келесі қарсылас Шеремета ...
Келесі қарсылас Шеремета ...
238
оқылды
Ал өзге инсайдер Лэнс Пагмайердің сөзінше, кездесу АҚШ-тың Карсон қала­сындағы Dignity Health Sports Park аренасында өтеді деп жоспарланыпты. Қазіргі кезде GGG сол штаттың Биг Беар деген жерінде кездесуге дайындығын пы­сықтау үстінде, ал Шеремета өз Отанында жат­тығып жүр. Кездесудің өтетін күні мен орны туралы инсайдерлік ақпаратқа польшалық боксшы Камил Шереметаның промоутері Анджей Василевский де түсініктеме берді. «Қос боксшының жекпе-жегінің уақытын бекіту ұзаққа созылған процесс болды. Енді ол 21 қараша күні өтуі тиіс. Аталған кездесуді Калифорнияда өткізуді жоспарлап отыр деп естідім» деп жазыпты Василевский. Иә, расымен, Головкин мен Шеремета­ның IBF белбеуі үшін жекпе-жегі осы жыл­дың басында өтуі керек еді, бірақ түр­­лі себепке байланысты бірнеше рет кейін­ге шегерілді. Алдымен қазақстандық боксшының жарақатына, кейін пандемияға байланысты түрлі кедергі туындады. Енді міне, көп күттірген кездесудің қараша айына жоспарланғанын барлық басылым жарыса жазуда. Тіпті, жақында Шереметаның Instagram-дағы кездесу туралы салған фо­то­суреттерінің біріне бокс жанкүйерлері пі­кір қалдырған. Онда көпшілігі полякты Головкин алтыншы раундта нокаутқа тү­сіреді деп болжам жасаған. Ал оған поляк боксшысы: «Жекпе-жекті күтейік. Бәрі сол кезде белгілі болады» деп жауап берген. Негізінде, барлығы Камилмен емес GGG-дің мексикалық Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жегін күтіп жүргені белгілі. Әрине, бокс жанкүйерлері үшін мексикалық боксшымен кездесудің орны бөлек. Өйткені бұған дейінгі екі шайқас та тартысты өт­кен болатын. Үшінші кездесуде де қос мық­­тының шаршы алаңдағы текетіресін тамашалағысы келеді көрермендер. Қараша айына жоспарланған жекпе-жек Головкин үшін түрлі экспериментке баруға және бұған дейінгі кеткен қателіктерді жөндеп, түзету енгізуге тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Әрі боксшы келер жылы жос­пардағы Альвареспен кездесуіне де да­йындығын пысықтап алмақ. Бұл туралы Геннадий Головкиннің промоутері Эдди Хирн «GGG қарсыласы Камил Шереметаны жеңсе, келесі жылы әлем қайта қалпына кел­ген кезде Канеломен үшінші кездесуді жоспарлаймыз» деп сенімді түрде айтқан бо­латын. Жалпы, бұл кездесуден не күтуге болады? Спорт мамандарының пікірі қандай? Енді нақты соған тоқталайық. «Камил – ша­буыл­дау үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, сериялы соққыларды оңай жасайтын тех­никалық шеберлігі мықты боксшы. Егер ол алты раундқа шыдас берсе, онда әрі қарай жеңіске жететін мүмкіндікке ие болады» деп баға беріпті польшалық боксшы Петр Гудель. Ол Шереметаның жеңісіне сеніммен қарап отыр. Өйткені Головкин бұрынғыдай бабында емес екенін айтады. Керісінше, Камилдің спорттық формасы мықты екенін тілге тиек еткен. Ал ESPN телеарнасының журналисі Сальвадор Родригес «Головкинге Шереметамен шайқаста аса қатты қиындық туындамайды» десе, польшалық спорт ком­ментаторы Матеуш Борек отандасының Головкинді жеңетініне сенбейді. Ол Камил­дің жеңіске жетуге мүмкіндігі 10 пайыз деп бағалады. Букмекерлік кеңселердің польшалық боксшының жеңісіне беріп отырған коэф­фициенті де тым жоғары. Әрі шетелдік спорт сарапшылары мен мамандарының басым бөлігі Камилдің жеңісіне үлкен күмәнмен қарайды. Біз өз кезегімізде қазақ­стандық боксшы Бақтияр Артаевтың да аталған кездесу жөнінде пікірін білдік.
– Былтыр 5 қазанда Нью-Йорктегі Мэди­сон Сквер Гарденде Камил Оскар Кортесті екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді, бірақ бұл дебютті сәтті болды деп айтуға келмейді. Алайда 21 кездесудің 21-ін  жеңіспен аяқтаған Шеремет осал қарсылас емес. Головкин өткен жылдың қазан айында украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы өткен кездесуінде IBF және IBO титулдарын қайтарып алды. Алдағы Шереметамен кез­десуде де өзінің мықтылығын дәлелдейді деп ойлаймын. GGG жұдырықтасу кезінде бір сәтке де дамыл таппайтын, жиі шабуылға шығатын боксшы. Соққысы да жойқын. Сондықтан отандасымыздың жеңісіне сенемін, – дейді Бақтияр Артаев.
Спорт журналисі Есет Төлеш те Шере­мета Головкиннің ауыр соққыларына шыдас бермейді деп отыр. Сондықтан бұл кездесу мерзімінен бұрын аяқталуы тиіс деп болжам жасады.
– Шереметаны кәсіпқой бокс әлеміндегі жұлдыздардың бірі деп айтуға келмейді. Боксшы көбіне өз елінде ғана танымал. Бүгінге дейін рингке 21 рет шыққан. Оның бәрінде де қарсыласынан айласын асырған. Бірақ Камилді қарсыласын нокаутқа тү­сіретін панчер деп айта алмаймыз. Ол тек 5 жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жет­кен. Қалғандарында ұпай санымен басым түскен. Боксшының айтарлықтай титулы жоқ. EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағы бар. Бұл – оның кәсіпқой бокстағы жалғыз жетістігі. Ал Головкиннің қандай боксшы екенін біз ғана емес, әлем жұртшылығы жақсы біледі. Өз басым кездесу Головкиннің айқын басымдылығымен және нокаутпен аяқталады деп есептеймін, – деді ол.
Бір нәрсе анық, күрзі жұдырық иесі Геннадий Головкин IBF белбеуі үшін шайқаста айқын фаворит саналып отыр. Көпшілік спорт мамандары жеңісті осы бастан GGG-дің еншісіне жазуда. Бірақ бұл болжам ғана. Ал нақты шешімді қараша айында жоспарланған кездесуде білетін боламыз.  

Абылайхан ЖҰМАШ