Қазақстандағы кедейлер кімдер?
Қазақстандағы кедейлер кімдер?
513
оқылды

Соңғы жылдары Forbes Kazakhstan журналына еліміздегі бай­лығы асқан азаматтардың ат­тары жиі шығатын болды.

Мил­лион­­ды жолда қалдырып, мил­лиард­тармен өлшенген байлығы бар­лардың қатарында өзіміздің қа­зақтардың тұрғаны көңілге қуа­ныш сыйлайды-ақ. 

Ал еліміздегі кедейлер кімдер? Олар­ды кім елеп-ескеріп отыр? 

Әлі күнге дейін кедейі көп е­л­дер­дің қатарынан шыға алмауы­мыз­ға не себеп?

Сөзімізді күнкөріс деңгейінен бас­тайық. Бүгінде күнкөрістің ең төменгі дең­гейінің шамасы 31 759 теңгені құ­рай­ды. Яғни, біздің елде бір айда осы ақ­шаға өмір сүруге болады. Ары қарай бұл қаржының ет пен балыққа, сүт пен майға, қант пен шайға қаншасы ке­те­рін сараламай-ақ қоялық. Өйткені тү­сі­нікті. Баға нарығына тұсау болмай тұр­ған уақытта, оны талқылап жатудың өзі артық. Қырық жанымызға қорған боп отырған тұтыну қоржынындағы 43 тауар­дың құны осы күнкөріс деңгейіне саяды.

Жақында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2 миллион қа­зақстандыққа АӘК тағайындалғанын, оның 60 пайызын көпбалалы отбасылар құрайтынын мәлімдеді. Осыған қарап-ақ елдегі кедейшілік деңгейін бағамдауға болады. Демек, АӘК тағайындалғанға дейін 1,7 миллион немесе 9,3 пайыз қа­­­­­­зақстандық кедейшілік шегінен сәл ғана артық, мөлшердегі күнкөріс ми­нимумынан аз ақшаға күн көріп кел­ген. Азаматтың табысы Үкімет бе­кіткен ең төменгі күнкөріс деңгейі мөл­­­шерлемесіне жетпесе, онда ол кедей ста­тусын иеленеді.

Статистика комитетінің дерегі бойын­ша, Қазақстандағы 18 447 628 адам­ның 1 733 000-ының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз бол­ған. Яғни, ресми есептегі 3 пайыздық ке­дей контингенттен бөлек АӘК та­ғайындалғанға дейін 2 миллионға жуық немесе 9,3 пайыз қазақстандық күнкөріс минимумынан 6 мың теңгеге аз ақшаға күнелтіп келген. Ал енді айына бар-жо­ғы 15 мың теңге жаратқан адамды кедей де­мей көр.

Әзірге Статистика комитеті Қа­зақ­стандағы әл-ауқаты төмен аймақтарды атап отыр. Рейтингте Түркістан облысы көш бастаса, екінші орында Жамбыл об­лысы тұр. Солтүстік Қазақстан об­лысы елдегі әл-ауқаты төмен аймақтардың қа­тарында үшінші орынға табан тіреді. Статистика комитетінің ақпарынша, аймақта осы жылдың екінші жарты жыл­дығында орташа жалақы көлемі 130 мың теңгені құраған. СҚО-да қар­жыгерлер мен сақтандыру қыз­меті­нің мамандары көп жалақы алады – орта есеппен екі жүз отыз мың теңге. Бі­рақ ауыл шаруашылығы саласында ең аз еңбекақы көлемі тіркелді. Бар-жо­ғы – 66 мың теңге. Салдарынан сол­түстікқазақстандықтар туған жерін тас­тап, басқа жақтан жұмыс іздеуге мәж­бүр. Мәселен, өткен жылмен са­лыс­тырғанда, аймақта мигранттардың са­ны 30 пайызға ұлғайған. Орташа жа­ла­қының өзін өңірдегі әрбір бесінші адам ғана алуы мүмкін.

Күнкөріс минимумы ең жоғары мем­­лекет Люксембург екен. Онда бір айда 1 545 евро табыс таппаған адам­­дар «тұрмысы төмендер» болып са­на­­­лады. Бұл тізімді әрі қарай Дания, Ирландия, Ұлыбритания жалғастырады. Кедейлердің көптігі бойынша алдыңғы қатардан орын алды делінген Гер­ма­нияның өзінде кедейшілік шегі – 912,75 ев­ро. Ал АҚШ-та ай сайын 1837,5 дол­лар таба алмағандарды мемлекет қам­қорлығына алады.

Бұл елдердің көпшілігінде кедейлік орташа айлық көрсеткіштің жартысын таба алмағандықпен өлшенеді. Бірақ бұл ел­дердің нарықтағы бағасы біздегімен ша­малас. Ал біздегі тұтынушы себе­ті­нің томпиып тұрмағаны да, ондағы 43 тауарға ең төменгі күнкөріс деңгейін­де­гі қаржының жетпей тұрғаны да сон­дық­тан. Демек, «кедей» деген статустың өзі әр елде әртүрлі деңгеймен өлшенеді. Ба­тыс елдеріндегі ең кедей адамның өзі­нің тұрмысы біздегі орта таптың тұрмыстық жағдайымен бірдей.

Кедейліктің шегін анықтау үшін, оны байлықтың деңгейімен салыстыруға тура келеді. Жақында ғана еліміздегі ең бай адамдардың қанша табыс табатыны белгілі болды. Finprom.kz сараптамалық порталының мәліметінше, еліміздегі ересек адамдардың 96,6 пайызының ай сайынғы табысы 10 мың доллардан аз. Ал олардың 2,7 пайызының (326 мың­нан астам адам) жылдық табысы – 10 мың мен 100 мың доллар аралығында болса, 0,35 пайызы немесе 42 мың адам­ның жылдық табысы 100 мыңнан миллион долларға дейін жетеді екен. Ал 0,05 пайызы (5,8 мың адам) 50 мил­лион долларға дейін табыс тапса,162 адам (0,001 пайыз) жалпы байлықтың ша­мамен 55 пайызына ие.

Өңірлер бойынша ең көп табыс та­батын – Алматы қаласының тұр­ғын­дары. Олардың табысы – 234,9 мың тең­ге. Ал елордадағы орташа табыс – 226,7 мың теңге.

Жасыратыны жоқ, бүгінде билік ке­дейлік шегін барынша төмендетіп, жауырды жаба тоқып отыр. Әйтпесе, бү­гінгі қазақтың шылқып байығандары мен қызыл сирақ кедейінің арасындағы кіріс 30 еседен асқанын осы ақпараттан- ақ бағамдауға болады. Мысалы, қара­пайым отбасындағы бір адамның ай­­лығы 50 000-60 000 теңге болса, бай­лар­­дыкі – 1 млн 200 мың теңге.

Статистика комитетінің мәліметін­ше, қарапайым халық тапқан табысының 98 пайызын ең қажетті заттарға: азық-түлік, киім-кешек, аяқкиім, жиһаз, дәрі-дәр­мек, несие мен т.б. қажетті заттарға жұм­сайды. Демек, халықтың негізгі бө­лі­гі бір айлыққа өмір сүріп келеді. Оған қо­са, бұл айлық көлемі соңғы 5 жылда өс­кен жоқ.

Мамандардың айтуынша, біздегі эко­номиканың жауы – жалған есеп беру. Осының әсерінен нақты кедейліктің кө­рінісі анықталмай отырған жайы бар. Мәселен, қазір елде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың саны көр­­сеткіштен де көп болуы мүмкін. Был­­тыр билік бұл көрсеткішті 111 мың отбасымен есептесе, биылғы бағ­дар­ламадан кейін бірден 417 мыңға көте­рі­ліп шыға келді. Осының өзі елдің әлеу­меттік жағдайының төмендігін дә­лелдеп берді.

– Теңгеміз құнсызданып, доллар қым­­баттағалы әлеуметтің жағдайы да аб­дырай бастады. 2019 жыл эко­но­ми­калық дағдарыс тереңдей түседі. Дол­лар мен теңге қарым-қатына­сын­дағы тұрақсыздық биыл да орын ала­ды. Қымбатшылық дендейді. Сон­дықтан біз­дің есебіміздегі атаулы әлеу­меттік кө­мек алатын 504 мың адам­ның саны артуы әб­ден мүмкін. Осы ара­да нақтылық қа­жет. Жалған есеп жүр­гізуге болмайды. Қым­батшылық қы­сып жатқанмен жа­лақы көтерілген жоқ. Әлеуметтік тө­­­лемдерге аздаған үс­те­ме қосылды. Тең­генің әлсіреуінен қа­зір зейнетақы қо­рындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Сондай-ақ халықтың теңгемен жи­наған қаржылары да инфляцияға жұтылып жатыр, – дейді «Аналитик» са­раптау орталығының экономист-са­рапшысы Тоғжан Шаяхметова.

Оның айтуынша, Қазақстанның хал­қы қазірдің өзінде 30 пайызға кедей­леніп қалған.

Онысы рас. Экономика біржақты, ши­кізатқа телінген күйден шыға ал­май отыр. Өнеркәсіптің өзі шетелдік өнім­дердің детальдарын құрастыру дең­гейінде тұр. Ауылшаруашылық өнім­дерінің 40 пайыздан астамы шет­тен келеді. 3 млн адам төленетін жалақы шең­берінен тыс қалып отыр.

Ал дүниежүзілік институттар күні­не кірісі 5 долларға жетпейтіндерді ке­­­­дейлерге жатқызады. «Қазір кедей ха­лық көбейді. Сондықтан да мемлекет ең төменгі күнкөріс деңгейін көтермей отыр. Егер ол шекті көтеретін болса, күн­­көріс деңгейінен төмен айлық ала­тын адамдар көбейеді де, олар ке­дей­лер­дің қатарына қосылады. Сосын рес­ми көрсеткіш те өзгеріп, статистика өсе­ді. Билік әлем алдында кедейлік үле­сі аз деп көрсету үшін де ең төменгі күн­көріс деңгейін көтермей отыр», – дейді эко­номист Мақсат Халық.

 

P.S.

Кедейлікке етіміз әбден үйренген. Тө­зімдіміз. Ұрса – маңдайымызды тосып, қу­са – қашып үйренген әдетімізден жаңыл­май-ақ келеміз.

«Үсені» көп, үміті аз елге қалай айна­лып кеттік екен?