Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Nur Otan партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Қоғамдық қабылдауда Сенат төрағасы жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерге қанықты.
Сонымен қатар Елбасы, Nur Otan партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел аймақтарындағы азаматтардың жедел мәселелерін шешу және сол үшін қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейтуді Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында тапсырған болатын.
Қабылдау барысында ақтөбеліктер Парламенттің Жоғарғы палатасының спикеріне бірқатар аудандарда мектеп санының жетіспеушілігі, электр жарығы мен ауызсумен қамтамасыз ету, жолдардың жасалуы секілді т.б. мәселелермен шағымданған еді.
Соның бірі – Әйтеке би ауданы Сұлукөл ауылының тұрғыны Берік Сейілханов. Ол 700-ге жуық жергілікті тұрғын шахталық құдықтан су алып ішуге мәжбүр екенін жеткізді. Сөйтіп, ол орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысын жүргізуге ықпал етуді сұрады. Тұрғын сауалына орай, келесі жылы республикалық бюджеттен 300 млн теңге бөліну жоспарлануда. Оған қоса, Сенат төрағасы бұл мәселені Nur Otan партиясының жіті қадағалауында болатынын атап өтті.
Азаматтарды қабылдау бойынша қорытындылай келе, Парламент Сенатының төрағасы қабылдауға келіп түскен талап-тілектердің бірде-біреуі назардан тыс қалмайтынын және облыстың партия мүшелері қадағалауында болатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Премьер-министр Асқар Мамин Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында қабылдау өткізген еді.