Абайды ұлықтау жалғасады
Абайды ұлықтау жалғасады
292
оқылды
– Баршаңызға мәлім, биыл дана Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Ұлы ойшыл­дың мерейтойын лайықты атап өту мақсатында ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Жарлық шығарып, оны қо­ғамдық сананы жаң­ғыр­татын елдік іс-шара ре­тінде өткізуді, Алаш қайрат­керлері ту тіккен Семей қала­сын тарихи орталық ретінде белгілеуді тапсырды. Қашанда елдігін баянды, мемлекеттілігін мәңгілік етуді көздейтін ұлттар тарихына бойлап, тұғырлы тұлғаларының асыл ойларын ел дамуының өзегіне айналдырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алған істерінің түпкі түйіні де, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы да осынау ұлы мұраттарды көздейді, – деді ол.
Бауыржан Байбек сонымен қатар әлемді шарпыған індетке қарамастан, ақын мерейтойын атап өтуге байланысты елімізде біршама ауқымды жұ­мыс­тардың атқарылғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында хакім Абайдың туған жерінде істеліп жатқан жұмыстарды қадағалау мақсатымен Семей қаласына арнайы келдім. Шығыс Қа­зақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге ша­һардағы қайта жөндеуден өткізілген Абай алаңында, Абай атындағы театрда болып, ары қарай Жидебайға аттандым. Ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп, ақын ұрпақтарымен, ел ағаларымен кездестім. Ел жайы, руханият мәселесі әңгіме арқауына айналып, белгілі қаламгер Төлеген Жанғалиев ақсақал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да ел Президенті ретіндегі алғашқы қадамын Абай елінен бастағанын, осы жолды бүгінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жалғастырғанын есіне алды. Жалпы, Абайдың 175 жыл­дығын атап өту аясында үл­кенді-кішілі 500-ге жуық іс-шара жоспарланған. Тек Абай ауданының өзінде ғана мерей­тойды ұйымдастыру аясында іргелі жобалар іске асырылған. Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақта Мемориалдық кешен бой көтерген. Абайдың әкесі жерленген Ақшоқы ме­кені абаттандырылып, Құнанбай Өскенбайұлы мұра­жайы салынды. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кешеніне, Абайдың музей-үйіне заманауи талаптарға сай жөндеу жұмыс­тары жүргізілген. Еліміздің өзге аймақтары да Абай мерей­тойына үлес қосуда. Өз ке­зегінде «Nur Otan» партиясы мен «Jas Otan» жастар қанаты да осы мерейтой аясында еліміздің барлық өңірінде 350-ден астам іс-шара өткізді. Ұлы Абайды ұлықтау, мұрасын насихаттау ісі ары қарай жалғаса береді, – деп жазды «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбек.
 

Әбілмансұр ЖАСАН